"Дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады": Депутат рухани мұраны қорғауды заң жүзінде негіздеуді ұсынды

Рухани мұраның маңызына тоқталған депутат, оны қорғау, сақтау мен дәріптеуде ешқандай жұмыс жүргізілмей жатқанын алға тартты.

"Дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп барады": Депутат рухани мұраны қорғауды заң жүзінде негіздеуді ұсынды
сурет: parlam.kz
1507

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

Рухани мұраның маңызына тоқталған депутат, оны қорғау, сақтау мен дәріптеуде ешқандай жұмыс жүргізілмей жатқанын алға тартты.

Жалпы, материалдық емес мәдени мұра дегеніміз не? Бұл – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар, қысқасы ресми түрде қағазға түскен 87 элемент. Бір сөзбен айтқанда,  материалдық емес құндылықтар – ұлттың иммунитеті! Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді. Бүгінгі біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ! Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер, - деді Жанарбек Әшімжан.

2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда № 613 Қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 Қаулысымен, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған. Алайда, депутаттың айтуынша, бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалған. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ.

Әлемде 150 ел халықаралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар «Манас» туралы жеке заң, материалдық емес рухани құндылықтарды қорғау туралы жеке заң қабылдады. Тіпті, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізбесіне қырғыздың материалдық емес мәдени мұрасының үш теңдессіз туындысы енгізілді. Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту бағытында Латын Америкасы елдері, Азияда Корея, Жапония бастаған елдер оқ бойы озық тұр. Ал, бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар, - деді ол.

Төл құндылықтардың атадан балаға жалғастығы үзіліп, дәстүр сабақтастығы құрдымға кетіп бара жатқанына алаңдаған депутат мынадай ұсыныстар айтты:

  1. 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі керек.
  2. Материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс.
  3. Материалдық емес мәдени мұраны жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет.
  4. Материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылу керек.
  5. Жетекші арналарда Материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет.

Серіктес жаңалықтары