Оралда 53 млн теңгені жымқырғандар тергеліп жатыр

«Белый парус» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Карабинов «Инватакси» қызметін көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Оралда 53 млн теңгені жымқырғандар тергеліп жатыр
662

Орал қаласында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыруға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Белый парус» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Карабинов және Орал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің лауазымды тұлғалары 2023 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс орталығы мен оған іргелес кенттік округтар аумағында «Инватакси» қызметін көрсетуге бөлінген жалпы сомасы 53 млн 553,3 мың теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Іс ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы негізінде тіркелген. Осыған орай істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамсыз етуге бағытталған әрекеттер жүргізіліп жатыр.

«Департамент «Белый парус» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерінің жүргізілгенін растай отырып, осы тұста бірлестіктің жұмыс барысына кедергі келтіретін ешбір техника кеңседен тәркіленбегенін, сондай-ақ аталмыш ұйымның қызметі тоқтатылмағанын хабарлайды. Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды. Сонымен қатар жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгені ескертіледі. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөліміне сәйкес әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады», - делінген ресми ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары