Жұмақта бол, Жұмаға!

Тіпті, біз мына орыс, батыс, Еуропа, француз бен ағылшынның әдебиетін оқыған кезде он­дағы түрлі құбылыстарды қабылдаймыз да, өзіміздікіне келгенде тосылып қа­ламыз

Жұмақта бол,  Жұмаға!
815

Қасиетті Оразаның екін­ші күні Суықтөбеден суық ха­бар жетті. Ұлтымыздың си­­рек суреткері, ақ самалдай аң­қылдаған болмысымен, шын­дықты сүйген шынайы қал­пымен ел-жұртының асыл ұлына, қабырғалы қа­лам­­геріне айналған Жұмабай Шаш­тайұлы ағамыз Жарат­қан­­ның құзырына қайтыпты. Суыт хабар, суық хабар.
Кәкімбек Салықов ақын­да: «...Қатар жүрген күндерді сый­лайықшы, біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» – дей­тін жолдар бар. Әнге айналып кет­кен. Астарына үңілсең, өмір­дің бар мәні, тіршіліктің тіні, жалғанның жарығы бә­рі-бәрі осы бір екі жолға сыйып кетердей.

Жазушы Жұмағаңды, журналист Жұмағаңды, редактор Жұмағаңды, ұстаз Жұ­мағаңды біздер танығалы қашан. Ал қарапайым өмірде онымен сырлас, сый­лас, сапарлас болу деген басқа.
Қашанда шындықтың шырайын кіргізіп, айтарын алғаусыз ақтара са­ла­тын қасиеті оны қаламдас, қанаттастарына сыйлы етті. Ақ сөйлеп, ақи­қа­тын айтқан адам Ар байрағын биік ұстаушы. Оның алдында жәдігөйлік дәр­менсіз. Осы жылдар ішінде Жұмабай Шаштайұлының болмыс-таби­ға­тына бір кісідей үңіле алдым деп ойлаймын. Алатаудың ақ бұлтындай пейілі, же­ті өзеннің тұнығындай мейірі қаламгер қасиетінің кең жазирасындай еді. Сүйінбай мен Жамбыл елінің тумасы Жұмабай ағам бар қазаққа бір көз­бен қарады, бір жүрекпен сүйді, рушылдық пен жершілдіктің дертінен бойын таза ұстады, жарықтық! Бойын таза ұстады демекші, оның таби­ға­тынан әулиелік нышанын көруші едім. Сенген адамына жансарайын ашып, жан сырын ақтара салатын.
«...Сондай-ақ менің байқағаным, жазушылар бір-бірін айтқысы келмейді. Шын­дығында, жаңа леп, жаңа сөз айту қиын екен, ал оны қабылдау тіпті қиын екен, үйреншіктіден шыққысы келмейтіндер де бар. Тіпті, біз мына орыс, батыс, Еуропа, француз бен ағылшынның әдебиетін оқыған кезде он­дағы түрлі құбылыстарды қабылдаймыз да, өзіміздікіне келгенде тосылып қа­ламыз», – деп сыр ақтарды бірде Жұмағаң.
Жұмекеңнің Рафат Әбдіғұлов деген әдебиетші досы болды. Мектепте бір­ге оқыпты. Ол кісінің қайтқанына да он жыл болып қалды-ау. Иман бай­лы­ғын берсін. Сол Рафхаңды төбесіне көтеріп, аузынан тастамай айтып оты­­­­ратын.
– Ол бәрімізден көп білетін. Рафатты айтам да. Осы Рафат оқыған кітап­та­рын: «Мына жазушы көп қорлық көрген екен» – деп айтып отыратын. Сөйт­­сек, ол бәрін түсініп сезеді екен. Біз кімді қалай оқуды сол Рафаттан үй­рен­дік. Бала кезден классикалық әдебиетті өте жақсы меңгерді. Назары мық­ты, сыншыл азамат менің алғашқы жазғандарыма да сын көзімен қарап, ба­ғасын берген. Бір-бірін оқымаса, пікір айтпаса адам өспейді, – деп бала кез­дегі досының мерейін өсіріп, аузынан тастамай айтып отыратын. Өзімен пі­кірлес, сырлас, сыйлас қаламгерлерге ниеті бөлек еді. Әсіресе, жазушы Несіпбек Дәутайұлын ерекше құрмет тұтатын.
– Несағаң хабарласты, сені сұрады. Әке, Қордайға келеді екен, барып қайт­паймыз ба? – деуші еді. Баратын едік. Несағаң Жамбыл мен Кенен жайлы ке­мел әңгімелер толғап, аяғы әзіл-қалжыңға толы әдемі бір сәттерді сан бас­тан кештік. Сол сәттер, сол сағаттар, сол сапарлар енді сағынышқа ай­налар.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өзіне де, өзгеге де аса талапшыл еді. Әсіре­се, әдебиеттің әңгімесіне келгенде. «Талғам дүниесіне ұлттық нұсқадағы кі­сілік те қажет» – дейтін қаламгер. Өзінің «Қызыл қар» шығармасы туралы өзі: «...Сыни пікірлер 84-жылдың күзінен басталып, 85-жылы аздап-аздап ай­тылып жүрді де, 86-жылдың қысына қарай Қазақстан Компартиясы Ор­талық комитетінің XVI съезінің есепті баяндамасында тұжырымдалып келіп, бір-ақ аяқталды. «Қызыл қардың» алғашқы нұсқасын жалпы балаң дүние деп жабық рецензия жазған Тынышбай Нұрмағанбетовтің: «Қызыл қардың» иесі мен екінші повестің авторы басқа ма, бұл екі дүние бір адамның қолтаң­ба­сына ұқсамайды», – деп айтқаны тегін емес те. Қолға қайтадан алған уақы­тына баяндау балаңдығы мен суреттеулердің шолақ та олақ тұстарынан өзіңнен-өзің қысылып, жеріну дегенің біле-білген адамға оңай нәрсе емес екен».
Бұл енді жазушы Жұмабай Шаштайұлының өз сөзі. Аңғарған адамға әде­би ерлік деген, өз-өзіне сын көзбен қараудың үлгісі осындай-ақ болар.
Жұмағаңның әйгілі «Аспанқора» хикаяты әдеби қауымды да, оқырманды да жалт қаратқан. Өзінің: «Бірде Рымғали Нұрғалиевқа «Аспанқора» деген шы­ғармамды алып барғанымда: «Тағы осындай он дүние жазсаң, тарихта қа­ласың» дегені бар. Осы повесть туралы Мұхтар Мағауин «Үлкен жазу­шы­ның елесі келе жатыр» деп жазды. Сол үмітті ақтай алам ба? – дейтіні бар бір сұхбатында.
Сол «Аспанқора»: «– Атан өліпті, – деді Сайлаубай, Қасымжомартты қы­зыл шырайлы жүзі шоққа қарыла түскендей қарттанып, аппақ қолымен бе­тін сипады да, қоңды реңі шымырлай Сайлаубайға тіктеп қарады. – Е-е, Атан Атан болғалы қай заман! Дүние шіркіннің бір-ақ тұтам екенін білмеді ме екен сорлы. Құдай-ау, сонша неге бір тұтамы қалғанша өкпесі өшіп, еті өлмей осы дүниеден шарқ ұрады бұл пенде? – деп басталушы еді.
Неге екенін кешелі-бері «Аспанқора» бастауындағы осы сөйлемдер жа­дым­да жаңғырып, санамды сілкіп тұрғандай.
Қоштасу сөз жазу қашанда ауыр. Ол қазақтың ғажайып жазушысы, асыл аза­маты Жұмабай Шаштайұлы болса сол ауырпашылық еңсеңді басып жі­бере­тіндей.
Не дейміз енді? «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Біздің заманның Аязбиі», «Құра­лайдың салқыны», «Жаңғырық» секілді шығармаларыңызды қайталап оқып, өзіңізбен кезіккендей көзайым болармыз сағынғанда.
Өзіңіз жырларын жатқа оқитын Қасым ақын: «...Адамзат сапарының қо­нағымыз» – демеуші ме еді?
Жарық күннің жалқын сәулесі түгесілгенше есіміңізді есте сақтап, кітап­тарыңызға шаң тигізбеспіз, Жұм-Аға!
Алдыңыз жарық болсын.


Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Серіктес жаңалықтары