Жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға ашық байқау жарияланады – Президент

Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылатынын алға тартқан Мемлекет басшысы оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жататынын айтты.

Жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға ашық байқау жарияланады – Президент
сурет: Ақорда
744

Президент Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Елтаңбаны жаңарту керек екені туралы айтты, бұл туралы Aqorda хабарлады.

Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан, - деді Президент.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалатынын алға тартқан Мемлекет басшысы оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жататынын айтты.

Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады, - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары