Онкология орталығының құрылысын жалғастыруға жер қойнауын игеруші кәсіпорындар қаржы бөледі
Онкология орталығының құрылысы қаржы мәселесі толық шешілмегендіктен, аяқталмай тұрған болатын.
Онкология орталығының құрылысын жалғастыруға жер қойнауын игеруші кәсіпорындар қаржы бөледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда айтты.
Мен кезінде осында Онкология орталығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ, қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін, - деді Президент
Мемлекет басшысының сөзінше, бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту (реабилитация) орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек.