Халықаралық асық ату федерациясы ашылды

Аталған ұйым 12 наурызда Әділет министрлігінен тіркеуден өтті.

Халықаралық асық ату федерациясы ашылды
Асық ату федерациясы
793

18 наурыз күні Астанада Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы ресми түрде ашылды. Аталған ұйым 12 наурызда Әділет министрлігінен тіркеуден өткен болатын.

ҚР Асық ату федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, халықаралық федерацияның президенті болып Парламент Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков сайланды.

Жаңадан құрылған федерацияға Қазақстаннан басқа, Түркия, Румыния, Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Қытай, Испания және Саха республикасы (Ресей) мүшелікке өтініш берді. Алдағы уақытта ұйымға мүше елдер саны арта түсетіні сөзсіз.

Федерация алдына Дүниежүзілік Этноспорт қауымдастығына ену, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізу және осы ойын аясында тұңғыш рет әлем чемпионатын өткізу секілді мақсаттар қойып отыр.

«Respublica» партиясының кеңсесінде өткен алғашқы жиында Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов дамыту бойынша, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы спорт бойынша және Түркия мемлекетінде асық спортын дамытуға атсалысып жүрген түрік азаматы Рауф Өзген халықаралық байланыстар бойынша вице-президенттер болып сайланды. Асық атудан мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Оразов бас хатшы болды.

Жаңадан құрылған федерацияға сәттілік тілеп, ұлттық спортымыз енді әлемге танылады деп нық сеніммен айта аламыз!

Серіктес жаңалықтары