«Ханталапай» ұлттық ойынына 350 мыңнан астам бала қатысты
Іс-шараның мақсаты - ұлттық ойындарға деген қызығушылықты ояту, қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу.
Еліміздегі білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Ханталапай» атты мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ұлттық ойындардың республикалық байқауы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Оған 350 мыңнан астам бала қатысты.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, шараның мақсаты - ұлттық ойындарға деген қызығушылықты ояту, қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу.
«Байқау аудандық/қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрды. Мектеп жасына дейінгі балалар әртүрлі көңілді ойындарға қатысып қана қоймай, еліміздегі түрлі ұлттардың мәдени мұрасымен және дәстүрлерімен танысты. Бұл байқау халық арасында ұмыт болған, ұлттық ойындардың жандануына ықпал етеді және педагогтердің кәсіби шеберлігін арттырады», - деп атап өтті балаларды ерте дамыту институтының директоры Гүлшат Оңланбекқызы.
Байқау жеңімпаздарына жүлделі орындармен қатар келесі номинациялар берілді:
•«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»;
•«Алтын сақа»;
•«Үздік ойыншылар»;
•«Белсенді ойыншылар»;
•«Тапқырлар мен ептілер»;
•«Үздік ұйымдастырылған ойын алаңы».