Оқшау
Белгілі бір мақсат жолында ұзақ уақыт оқшаулану үдерісінен кейін кезекті жетістіктерге жетіп, рухани жаңару арқылы даналық дәптерін жаңартып, жан тыныштығына негізделген «ішке қарай ашылатын» оқшаулану есігінің тұтқасын тауып, тіршілік ырғағын сақтау арқылы танымы түрлене жаңғырып, діттеген жеріне жақындай түскендер жайында ғажайып түсініктер қалыптасқан.
Өмірде көптеген мәңгілік сауал, тарқамайтын түйіндер болады.
Ал оқшаулануға қатысты сонау көне заман – антик дәуірлерден, орта ғасырлардан бастап күні бүгінге дейін пайымдалып келе жатқан діни, фәлсапалық, психологиялық болжамдар көп-ақ. Әрине, олардың ортақ нүктеге тоғысатын тұстарымен келісіп, өзіндік ойға ғана жарасатын жерлерінен айналып өтесің. Осылайша, белгілі бір мақсат жолында ұзақ уақыт оқшаулану үдерісінен кейін кезекті жетістіктерге жетіп, рухани жаңару арқылы даналық дәптерін жаңартып, жан тыныштығына негізделген «ішке қарай ашылатын» оқшаулану есігінің тұтқасын тауып, тіршілік ырғағын сақтау арқылы танымы түрлене жаңғырып, діттеген жеріне жақындай түскендер жайында ғажайып түсініктер қалыптасқан.
Неге екені белгісіз, кемеліне келіп, шеберлік шыңдарын игеріп, зар күйінде тұрған шағында қобызшы Сматай (Смағұл. – авт.) Үмбетбаев былайғы жұрт, қалың нөпірден, сахна салтанатынан болса да күн санап оқшаулана берді. Шақырған жиындардан бас тартып, қобыз шалуын өтінгендерге құлақ асуды азайтты. Мұндай мінезін «Қоғамға өкпелі...» деушілер де табылды. Кім білсін, бәлкім солай да шығар? Тіпті, кейінгі кезде қол қусырған талапкерлерден де «теріс айналатын» әдет шығарыпты-мыс. Әсіресе, бұл аспапқа қыздардың бейімделгенін жақсы ырымға жорымапты. Әлде қобызшыны «әртіс» деп танығысы келетін қоғамға деген наразылығын осылай білдіргісі келді ме екен? Ол жағы түсініксіз, бұл сырын ашпады. Жалпы, жан дүниесінде тоғысқан тылсымдар түйіскен тұста пенденің табатын жалғыз тиянағы оқшаулану болса керек. Біз білгенде, ол жалғызсырап та көрген жоқ. Жанында жары, бауырында балалары, ең бастысы – оны құрмет тұтатын ат төбеліндей тыңдармандары болды.
Бала бақсы
Бір күні жалт етіп, жоқ боларын, сөйтіп, отырған орнын сипап қалатынымызды арғы ділім сезсе керек, көзі тірісінде былай деппін: «Жаңа ғана Саянның орындауында Сматайдың «Әкеме» деген күйін тыңдадым. Осы бір қасиет дарыған, болмысы бөлек, ішкі тегеуріні темірдей орындаушы пенденің бойына сирек бітетін құдіретті өнерін құрметсіз қалдырып, қолдан тұншықтырып, қор етуге айналдық. Оның үйірінен бөлініп кеткен қасқа құландай тұмса табиғатын ешкім де түсінуге талпынбапты. ХХІ ғасырдың маңдайына сыймай тұрған қобызшының жалғыз жазығы – әзірге өлмей, арамызда жер басып, тірі жүргені болса керек. Өңешін тартып, өксіген қасқа қобыздың өзі секілді қыңыр мінезің-ай, Смеке. Әйтпесе, ол баяғыда-ақ Жаппас пен Дәулеттің деңгейінен де көтеріліп кеткен орындаушы еді ғой.
Бұл күндегі жалғыз ермегі қобыз, оңашада өзімен-өзі болып, ыңылдап отырып, қобыз шалады, қолы боста қобыз шабады. Оның қолынан шыққан бір аспап екіншісіне ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік үні, көкейіне түйген сыры өзгеше, шетінен шешен болатын. Бір қызығы, саxнаға жиі шыға бермейді. Оның немен, қалай күн көріп жатқанын тек өзі білмесе, басқа тірі жан баласының одан хабары жоқ. Томаға-тұйық, қызығы мен шыжығы да өзінде. Кейде зерігіп, шалғы қияқты құлаштай сызған шақта оның жанына ешкім маңайлай алмайды. Қобызбен тұтасып, онсыз да зар төгіп тұрған тылсым аспаптың бауырына сіңіп кеткен бұл не деген жұмбақ болмыс еді өзі?
Қолына қалай ұстаса да, қасқа қобыз басқа қобызға айналып, ерекше қаңқылдай бастайды. Міне, қазір де ол ішегін тартып өкіргендей, ара-арасында қайдағы жоқ бір шеркүйік зарды айтып өксіді, сосын көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, жаны қыдырып, зар иледі. Ол қобызын шалған сайын Сарысу мен Сарыарқа көрісіп, жылап жатқандай болды. Мен ендігі жерде қобызда жөні түзу күй тумайтын шығар деп ойлаушы едім. Асығыс топшылағанымды енді біліп отырмын. Мына күй арқылы Сматай кешегі Ықылас бабасының ешкім қол жеткізе алмаған биігінен бір-ақ шығыпты. Содан да шығар, оның төмен түсіп, пендешіктерге қосылып, жылтыңдай бермейтіні. Әлде бір кездегі киелі саналған сахна төрінің арзандап бара жатқан кейпінен шошып, қашқақтай бере ме екен? Бұл не деген запыран, байғұс қобыз ұршығынан теріс айналып, көмейіне кептелген өксігін баса алар емес, зарлы көңіл азалы күйге қосылып, шиыршық атып, бір түрлі азынап тұр».
Сматайдың орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталып, кейінге жеткен төл шығармалары – осы және «Бірінші май» мен «Жайнаған өлке». Ал «Ашуға сабыр», «Кержорға», «Бір қалқа», «Желтоқсан» тәрізді күйлерінің тағдыры нешік екені белгісіз. Журналист А.Володев пен Б.Муллокандов жазған мақаладағы «Сматай может сыграть около сорока старинных кюев, множество казахских мелодий и песен» деген мәлімет те ғылыми негізде тексерілмеді. Ал оның соңында қобыз бен домбырада орындау үлгісінен қалған шығармалар – «Ерден», «Аққу», «Иманжүсіптің әні», «Қамбар батыр», «Сырғақты», «Кертолғау», «Қазан», «Кекілік» (Ой, сәулем), «Жолды қоңыр», «Жалғыз аяқ», «Қоңыр», «Тоғыз тарау», «Жезкиік», «Әкеме», «Бірінші май», «Жайнаған өлке», «Қорқыттың толғауы», «Гәкку», «Балуан Шолақтың термесі», «Қобызым», «Сегізаяқ», «Бесқарагер», «Смет».
Жақында ол жайындағы мақала, сұхбат, радиохабарлар легін шолып шықтым. Ешнәрсені көзден таса қалдырмапты. Басынан кешірген, сезінген, түйсінген, ойында жүрген, тіпті қалқалап жасырған, оқшаулануға себеп болған жайттар қаз қалпында қағаз бетінде тұр. Десек те, Еуропа мен орыстың ғылымы баяғыда жолға қойған, көзі тірісінде айтқан түрлі деректерді салғастырып, бір ізге түсіретін ғылыми жүйенің атымен жоқтығы Құдай ерекше жаратқан жанға деген бейқұрметті көрсетеді. Соның кесірінен қарапайым мәліметтердің өзі екіұшты бола бастаған. Ең болмаса, туған жылын бір ізге түсіруге болмас па еді? Жоқ оның бірі де жасалмапты. Бірде өзі «1947 жылы 1 сәуірде Жеңіс ауылында дүниеге келіппін» десе (С.Ыбырайымов. Қобыз деп соққан жүрегі // Егемен Қазақстан. – 2001. – 26 қыркүйек, №214), араға төрт жыл салып, ол жайында сыр-сұхбат жасаған журналистер «1948 жылы туғанын» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек,
№38) жазыпты, сегіз жыл өткен соң қайтадан «1947 жылы туғаны, жылы доңыз» екені айтылады (А.Дәукен. Жарқ еттім де, жоқ болдым // Жұлдыздар отбасы. – 2013, қыркүйек. – №17). Ал төлқұжаттағы «05.06.1947 жыл» деген мәліметті «әкесінің жаңылыс жаздырғанымен» түсіндіретін. «Түгіскенде туған» деп жүргендердің де әрекеті осы шамалас, бұл Жеңіс ауылының ескі атауы болса да таңғалмаңыз.
Міне, біз жалғыз мәліметтің он екі жыл аралығында қалай құбылғанын көрсеттік. Балалық шағы, тәлімгер ұстаздары, «бақсылық дерт», жауырыншылық қасиет, өткен өмірі туралы айтқан аңызға бергісіз әпсаналар арасындағы ауызекі дәстүрге сай айтылу барысында түрлену кезінде, жас ерекшелігіне орай кейде ұмытып, жаңылысып, бірде импровизацияның, көңіл күй әсерімен үстемелеп, қосыңқырап жіберген, былайғы жұртқа елеусіздеу болса да, ғылыми нақтылық үшін аса қажет шашыранды, әркелкі, көмес деректерді болашақта бір ізге түсіру қажет-ақ. Өйткені Сматай сияқты енді қайталанбайтын құбылыстың тағдыры күні кеше қатар жүрген сахналас болған, қадірін біліп, білмегендерге қатысты болса, ендігі жерде ғылымның еншісінде. Иә, қолында тұрған асылын қор тұтып, көзі тірісінде қадіріне жете алмаған халықтар жетерлік. Ал ғылымның олай етуге хақысы жоқ!
1954 жылдың қараша айында Сматай қобыздың үнімен «Ауырды, аруақ иелеп, қобыз қонды» (А.Алтай. Сматай қобызшы // Парасат. – 2000, қыркүйек, №5) депті. Жеті жасында «Өліп, қайта тірілген», Құранды өз бетінше оқып, он бір жасында қажылыққа барған, «Көріпкелдігім осы Сматайға дариды» деп болжам айтып, шарананы қырқынан шығарғанда жауырынмен ұшықтаған әйгілі Ысқақ әжінің (атасы Үмбетбайдың туған ағасы. – авт.) ұрпағы тумасынан таңғалдырған екен. Анасы Орынша жерік болған дала жусанын Ықыластың табаны тиген «Қулы» мен «Мұңлы» тауынан тауып, тойғанша жеп, ұйықтап қалатыны, Смекең дүниеге келерде сегіз күн толғатқаны (журналист А.Дәукеннің деректерінде жеті күн – авт.), төрт жасынан бастап әкесі Мұхамеджанның қой қайыру үшін атқа таңып жіберетіні, сондай күндердің бірінде Шүйкеннің үйінің жанынан өтіп бара жатып, көне дыбыс құрылғысынан қобызшы Дәулет орындаған «Қамбар» мен «Кертолғау» күйлерінің әуенін құлағы шалып (С.Ыбырайымовтың мақаласы дерегінде Хасеннің Берген деген баласының үйіндегі патефоннан естіген – авт.), қобыз әуенімен «ауырып», құлағына қобыз үні келгенде ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ ышқына далаға қашып, орнынан тұра алмай, он екі күн бойы жатып қалғаны жайында сыр-сұхбаттарында талай рет шет-шепірлеп айтыпты. Осы оқиғалардан соң, түсінде үнемі қобыз ұстап отыратын болыпты.
Сөз жоқ, бала Сматай «бақсылық дертке» шалдыққан. Жаз, жайлауда отырғанда үйіне қонған, отыз бес жыл айдауда болған бейтаныс қария тамырын ұстап, «Ауруы дыбыстан. Бір дыбыс әсер еткен. Қайта тыңдамаса, балаңнан айрылып қалуың мүмкін» (А.Дәукен. Жарқ еттім де, жоқ болдым // Жұлдыздар отбасы. – 2013, қыркүйек, №17) деген құны өмір мен өлімге тең қауіптен соң, әкесі ел аралап, қобызшы, бақсы жиып, әлгілер бас қосып отырып, жеті күн бойы қобыз шалғанда «ауруынан сауығып, өлімнен аман қалыпты». Әуелде «Бала бақсы» жауырын қарау арқылы алты ай бойы жоғалған әйелді, үйден шығып кетіп, табылмаған жас баланың сүйегін, біреудің қолды болған кілемдерін тапқаны, түрлі ұрлықты аша бастағаны айтылады. Сөйтіп, көріпкел балаға жоқ іздеп келушілердің қарасы көбейген кезде, әкесі «Балам, осы жауырын бір күні жаныңды жаһаннамға жібереді...» деп бал ашуын тоқтатуға ықпал жасағанын, өзі «Сен жаныңды қимағаныңмен, сенің жаныңды қиятын жандар бар» деген аян алғанын айтады. Сөйтіп, он жасында жауырын қарауды тоқтатып, бірыңғай қобыз шалуға көшкен. Өзі үнемі «Қобыз ұстаған соң жаным жай тапты» деп отырады екен, жарықтық.
Десе де, қандағы қасиет көшпейтін сияқты. Баяғы Ысқақ әжі ұшықтаған жауырынды кеу сандықтың түбінен шығармай, сырт көзден таса ұстаса да, ырқынан тыс, түсініксіз оқиғалар қатары көп болғанға ұқсайды. Сматайдың теңдесі жоқ өнерін, сезімталдығын бағалаған Таласбек Әсемқұлов 1982 жылы «Сазген» ансамблімен Югославияға барған гастрольдік сапары кезінде, Сараево қаласында тауық ұрлап қашқан серб баласын қуып жетіп, соққыға жыққан түрік саудагерінің қатыгездігін көргенде айтқан, «Бұлар бір-бірін қатты жек көреді екен, он жылдан соң мына елде азамат соғысы болады» (Т.Асемкулов. Кобызист Сматай Умбетбаев //Страна и Мир. – 2003, 26 сентября., №20) деген болжамы божырамай келгенін «...оның көріпкелдігі айна-қатесіз орындалды» деп жазды. Өзі «соңғы рет Рақымжан Қошқарбаевтың өтінішімен жауырын ашыпты». Содан кейін жария түрде ашуды қойып кеткен. Бұл оқиға жайында өзі «Жауырынға шыққан шындықты айттым, екі-ақ жылдық ғұмыры қалған екен. «Көбейтуге болмай ма?» деді Рахаң. «Ғұмырды ұзарту мүмкін болса, жауырынға түсер еді ғой» дедім. «Егер аман қалып, Алла Тағала күш-қуат беріп, қайта тыңайсам, мен сені...» деп тоқтап қалды. Өкінішке қарай, екі жылдан соң батыр дүниеден өтіп кетті» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек, №38) депті.
Міне, біз білетін қобызшы Сматайдың осындай, ел біле бермейтін, ақ жоңқа жауырынды аударып-төңкеріп отырып, болашақты болжап, ақылдан тыс ақпарат алатын ерек қасиеті болған. Әттең, әлгіндей тылсыммен байланысты бұлақ көзін «Бала бақсы» кезінде «байламағанда», әлде қалай болар еді? Жасы егделердің қаупімен «байланған», жазылмаған бала бақсылық «дерті» болашағына әсер етпеді ме екен деген пендешілік ой ғой, әншейін.
Қобыз қонған
Мұрағат ақтарып жүрген кезімде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорынан бір жиында жазылған үнтаспаны тыңдағаным бар еді. Кезегімен сахна төріне шыққан күйші Мұхамеджан Тілеуханов, жыршы Көшеней Рүстембеков, қобызшы Сматай Үмбетбаевтардың өнері жайында қазақ әдебиетінің қасқа мен жайсаңдары пікір айтады. Қобызын өңгеріп шыққан Смекеңді сахнада академик жазушы Сәбит Мұқановтың өзі таныстырып, тыңдарман жұрт ду қол шапалақпен қарсы алып, қошеметтепті.
Азалы әуен, күңіренген сарын, боздауық күйлерді бірінен соң бірін сызып, жұрттың дегбірін қашырып, шағын залдың ішін азан-қазан қылды. Сілтідей тынған тыныштық. Қанша жыл өтсін, мейлі, көне үнтаспаның қалқасындағы көрерменнің көңіл күйі тап қасында отырып тыңдағандай тәнті етеді. Қара қобыз бір деммен, өңешін тартып, қарлығыңқы үнмен өксиді. Тап осы сәтте тыңдарманның демі қысылып, тұншығып бара жатқанын аңғару қиын емес. Шалғы қияқ әуенді шеттеп, ыңқ ете қалған сәтте жұрт демін шығарып, шыдай алмай «ду» қол шапалақтап жіберді де, «гу» етіп басылды. Жиырма үш жастағы Сматай қияғын құлаштай сермеп, қобыздың шанағын көсіп, ішегін мың бұрап отыр...
1996 жылы, жазғытұрым, «Көктем» ықшам ауданында, Иван деген орыстан жалға алып, тұрып жатқан пәтеріме Таласбекке еріп келді. Тәкең екеуміз бір мәрте Смекеңнің отбасында болдық. Көп сауалға сондай сәттерде қанықтық қой. Жалпы, ол өмір, өнер жолын сәтті бастағандардың қатарында. Арқада, Сәкен Сейфулиннің жетпіс бес жылдық тойында тартқан күйіне Сәбит Мұқановтың ықыласы кетіп, композитор Е.Рахмадиевтің ректорлығы кезінде оның Алматы мемлекеттік консерваториясынан ашылған қылқобыз класына емтихансыз қабылдануының өзі неге тұрады? Әйгілі аспаптанушы Болат Сарыбаевтың дәрісін тыңдап, Түсіпбектің (Смекең Жамбылбектің дейді – авт.) шәкірті қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың класында оқып, әйгілі шебер Э.Романенкодан аспап жасаудың түрлі тәсілдерін меңгерді.
Алдымен оған консерваториядан бір бөлме жатақхана беріпті. Оқуын тастап, Жаңаарқаға қашып кетіп, ауылында қаперсіз жатқан жерінен сол кездегі «Жеңіс» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері Ыдырыс Жұмабеков шақырып алып, Мәскеуде жатқан Е.Рахмадиевтің Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Сұлтан Досмағамбетовке «қашақ студентті» кері қайтару жөнінде қоңырау шалғанын айтып, алаңдамауы үшін үйіне пішен түсірткізуге нұсқау беріп, қалтасына ақша салып, Алматыға жеткен соң Ғ.Жұбанова мен Е.Рахмадиевтер ықпал етіп, қоластындағы қызметкерлерін түгел жинап, қобыз күйін тыңдатып, «Айналайын, айналайын!» деп риза болған, сол кездегі Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы, идеология хатшысы Саттар Имашев бір аптаның ішінде үш бөлмелі пәтер бергізіп (А.Алтай. Сматай қобызшы // Парасат. – 2000, қыркүйек, №5; Н.Ораз. Жібек жіптерді жалғаймыз // Қазақ әдебиеті. – 1991. – 6 желтоқсан, №49), алаңсыз өмір сүріп, өнермен айналысуға мүмкіндік жасайды.
«Байеділ-Тоқабай» жайлауында қой бағып жүрген жеріне іздеп келіп, тілдесіп, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жазған Ақселеу Сейдімбеков, «Менің қобыз туралы үлкен шығармашылыққа бұрылуыма, бәлкім, сен себепкер боларсың» деп ерекше жақсы көрген жазушы Тәкен Әлімқұлов, кейін ол кісіден көз жазып қалғанда, Смекең «Адамның тірексіз қалуы, домбыраның тиексіз қалғанындай болады да тұрады екен» (Ж.Әшімжан. Жалғыз көрермені қалған қобызшы // Жас Алаш. – 2001. – 24 шілде. – №88) деп қамығатын Өзбекәлі Жәнібековтың, онымен бірге халық аспаптары мұражайына іздеп келіп, алты жасынан күй тартқан «Бала бақсыға» таңғалатын Дінмұхамед Қонаевтар оның өнеріне ерекше ден қойған. Бір жылы, консерваторияда оқып жүрген уағында Базарбай Жұманиязовтың шақыртуымен, Еркеғали Рахмадиев, Шора Сарыбаевтарға еріп, Ықыластың немересі Дәулеттің үйінде болып, ашаршылық жылдары Бетпақтың шөлінен өткенде келіні Рәзия мойнына іліп алып, бесіктегі баласынан айрылып қалса да, көзден таса қылмай сақтап қалған, мойнына қол жетпейтін, садақ сияқты иілген, серіппелігі қатты қызыл қоңыр қобызды қолымен ұстап көріп, жарық жерін сірмен жамап, күйге келтіріп, Ғабит Мүсіреповтың алдында Ықаңның қобызын сызғаны өз алдына бөлек хикая.
Сматайдың өскен ортасы мен тәлім түйген ұстаздарының есімін атап, домбыра тартып, қобыз шауып, аңсақтыққа баулып, жауырын қарауға бата берген қырағы қариялардың қатары тым қалың болған. Қобыз бен домбыраға қосылып ән салған, беташар айтып, шілдеханада жырлаған, Игілік Омаровтан ән үйреніп, Әбен мен Жаппасты тыңдаған, соқыр Нышанға жолыққан, Арқадағы айтулы аңшылар Сатан мен Арқабайдың қызылшысы болып, «мерген бала» атанған, шаянқұйрық тазы жүгіртіп, қалта-қақпаншы болған Смекеңнің әкесі де домбыра шертіп, аңыз әңгімелер айтып, ұсталық жасайтын. Анасының да сөз құрайтын ақындығы, оған қоса ісмерлігі бар еді.
Бабастың Сарымұқанына ту бие беріп, қобыз шаптырып бергесін «дертінен» айыққан «бала бақсы» одан қобыз шабуды, «Айрауықтың ащы күйін», Қорқыт сарындарын, Ықылас күйлерін үйренді. Жанақ пен Көзбен жайында да алғаш содан естіді. Сөйтіп жүріп, Ықаңның көзін көріп, күйін тартқан Кенжебай ұстаға нарқобыз шаптыртып алды. «Жезкиікті» домбырамен де, қобызбен де тартатын Төбелден қобыз шалуды, домбыра тартуды, Бердіқожаның «Қалмақ қырған», «Жорық», «Қызыл сыбызғы» күйлерін, Ықыластың қырық жігітінің бірі болған Бұралқыдан Қорқыттың күйлерін, Жайлаукөл жағынан көшіп келген Ықаңның жиені, скрипка тартатын Сиқымбай мен Оспаннан Ашайдың сарынын меңгерді. Көзбен соқырдың қарындасы Топайдан ағасы айтатын, «Құдай-ау, көзімді алдың көрмесін деп» басталатын жырға қоса, «Мәнжитал», «Шайкөйлек», «Топайкөк» секілді әндерді алды. Ақын Құрақтан «Алпамыс», «Қыз Жібек» жырларын тыңдады. Қобыз жасап беріп, Нұрмағамбеттен біраз күй меңгеріп қалды. Әкесінің ағасы Хасеннің әңгімелерін түйді, Ерденбай болса, қобыз күйлерін сырнаймен тартып үйретті. «Міне, осы кісілердің алдын көріп, өнеріне қанық болдым» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек. – №38) деуінде мән бар. Осындай шүйгін ортада өскендіктен де, ол табиғаты ешкімге ұқсамайтын алабөтен өнерпаз болып қалыптасты.
Жүресінен отырып, қобыздың «алақанын» шекесіне тіреп тартқанды ұнататын (С.Ыбрайымов. Қобыз деп соққан жүрегі // Егемен Қазақстан. – 2001. – 26 қыркүйек, №214), жылқының қылын іздеп, сонау Мари АКСР-іне дейін барып, Дон жылқысының құйрығын күзеп әкелген, ағашта жан барын сезетін сыншылығы сондай, «балшыққа қойылған домкраттың астына төселген ағашты» қалап алып, шапқан қобыз үніне бүтін болмысымен беріліп, жүрегіне сарын сіңген, шырт ұйқыдан оянып, қобыз тартатын Смекең, шәкіртке бір күйді екі қайталап тартпайтын, төл шығармаларын өзгенің орындағанын қалай бермейтін, қарсы отырып қобыз тартпауға тырысатын. Күндіз қолына қобыз ұстамайтын, оны таңертең, кешке ғана шалатын әдеті бар еді. Өйткені Ықылас бабасы солай етіпті.
Күнкөрісін қобыз шабудан айырған ол әсіресе, кейінгі кезде налитын әдет шығарды. «Өмірінің қобыз үнімен біте қайнасып кеткенін, ішіндегі қайнаған нәрсе өрши келе еркін алып, дегеніне көндіріп, сол махаббат қобызға телігенін, бір кезде Алматыға арнайы алдырған Сматайдың қазір не күйде екенімен ешкімнің шаруасы жоқ екенін, өнер әлемін талғамсыз ұрпақ жайлап бара жатқанын, он жылдан бері үй салудың әлегімен жүріп бармағын ағаш жаншып кеткенін, оны жер-көкке сыйғызбай мақтағанымен, нақты іске келгенде нәтиженің жоқтығын, еңбегі еленіп, атақ алмағанын, біреулердің мазақ еткенін, содан күйіп кетіп, өнерден жылыстап, тасаға кеткенін, жарқ етіп шығып, кейін жоқ болғанын, біреулер қасақана шығармай, үлкен концерттерге жібермей, өнерін аяқасты қылғандай әсерленетінін» (Ж.Әшімжан, Е.Жеңісұлы. Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды // Жас қазақ. – 2005. – 23 қыркүйек, №38) айтып, көпшіліктен оқшау жүрді. Осындайда, өнерінің бәсін сезіп, жанының сызы мен күйзелісін ұғынған, Сматайдың дарынын «құдіреттің сыйы» деп қабылдаған Таласбектің «...бәлкім, ондай сыйға біздің ұлт лайық емес шығар?!» деген қасіретті сөзі ойға орала береді.
Өзін нөпір көптен оқшау ұстағандар жайында түрлі байламдары бар. Сезімдер спектріне қатысы шамалы оқшаулық атаулының қалаумен немесе қоғамға деген наламен де байланысы аз екен. Көне гректің ойшылы Сократ мұның түпкі сырын «ішкі таным, шексіз қайырым, сұлулықпен» ұштастырса, Аристотель оқшау адамды «Құдай немесе төрт аяқты!» дейді. Қалай десек те, «Әр кәллада бір қиял!». Бастысы, өзіңе тән ілкі қалыпты тастап, жаңа кейіппен қайта табысу үдерісі кезінде санадағы сәуледен сырт қалмасаң болды. Адам сезімін шыңдау, қиялын қанаттандыру, ақылын ұштау, кемелдікке ұмтылу, түйсігін дамыту үшін де оқшауланады. Сондай жан ғана ішкі «менімен» тіл табысу арқылы сыртқы әлеммен егіз өрім өмір сүре алады екен. Өйткені оқшаулық кісілікке бастаса, жалғыздық адамшылықтан кетіретінін дәлелдеген мамандардың пікірі осы арнаны жиектей береді.
Қалай десек те, оқшаулану – қоғамға қызмет етудің ерекше түріне бастайтын, біреулер үшін түсініксіздеу жайт. Данышпан Абай «Ойлы адамға қызық жоқ...» формулы арқылы «сырты бүтін, іші түтін» нөпірден оқшаулану арқылы ғана өзіне, өзінің тұңғиық тұнығына үңіле түсу мүмкін екені жайында сөз қозғаған барша Еуропа мен орыс ғалымдарының жиынтық ойын бір ауыз сөздің қауызына сыйдырды. Біздің кейіпкеріміздің әрекеті әйгілі Ф.Ницшенің сөзімен айтқанда, қас өнерден хабары мен түсінігі жоқ «жарымжан жандардан қашу», психоаналитик К.Юнгше пайымдасақ, «Жаңа уахи жеткізу үшін өліп, қайта тірілу!» үдерісін қамтамасыз ету еді десек, ақиқаттың ауылынан алыстай қоймасымыз анық. Әйгілі Заратуштра пайғамбардан келе жатқан қағидаң да осы еді ғой...
«Қобызының «кілтін» ашпаған, «тілін» сатпаған Сматай қолына жауырын алса, дүниенің қақпасы ашылатынын айтып, содан соң сұрланып, жағы суалып, ұзақ отырып қалады екен. Бойын белгісіз күш буып, құрыс-тырысы ұстаса, жиналған артық-ауыс қуат көзін қара жұмыс жасап, жүгіріп, термен шығарып тастауға тырысатын қобызшы өмірінде түшкіріп ауырмапты, қаққан қазықтай қалпын сақтаумен өткен. Жақын-жуықтары санаулы сағаттары соққанын сезгенде, ол жасырын түрде жауырын қарап, ақырының осылай болатынын көргеніне және оған еш өкінбегеніне бек сенімді. Өйткені ол сап-сау отырып, тұрмай қалатын сол қарашаның таңында кеу сандықтың түбінде жатқан қасиетті жауырын әдепкі орнынан ауысып, басқа жерде тұр екен.
Берік ЖҮСІПОВ,
Фольклортанушы