Елизавета Есенжігітова: Жер сілкінісі ошақтарын әрқашан бақылауда ұстап отырамыз
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары
Кейінгі кезде әлемнің көптеген елінде жер сілкінісі болып жатыр. Оның ішінде үйлердің қирап, адам шығынына ұшыратып жатқандары бар. Бүгінде сондай мәліметтерге құлағы түрік жүретін еліміз тұрғындарын, биыл қаңтар және наурыз айларында Алматыда болған күші орташа жер сілкінісі, біраз абдыратып тастағандай.
Біз осы және өзге де жер сілкіністеріне қатысты сұрақтарымызды Алматыдағы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітоваға қойған едік.
− Өзіңізге мәлім, соңғы кезде Алматыда жер сілкінулер жиілеп кеткен сияқты, кейбірі тіпті, жұрттың үрейін ұшырарлықтай болды. Мәселен, биыл 23 қаңтарда және 4 наурызда болған жер сілкіністердің күші 5 балдан асып кетті. Болған бұл жағдай әлде бір қауіптің барын көрсетпей ме?
− Екі жер сілкінісі де өзінің орналасу ошағына байланысты қалыпты, сол аймаққа тән жер сілкіністері. Қытаймен шекаралас жердегі қаңтардың 23-і болған жер сілкінісі магнитудасы жоғары болғанымен өте алыс қашықтықта, сондықтан Алматы қаласына ол әлсіз сезілді. Оның ерекшелігі – аймақтағы жер сілкіністері көп уақыт афтершок арқылы көрінеді. Үлкен қозғалыс тудырған жер сілкінісі ақырындап, өзінің күшін азайтып барып қалыпты жағдайға түседі. Қаңтар айының 23-інен кейін сезілген көптеген жер сілкінісі сол жер сілкінісінің афтершогы.
Ал сілкіну ошағы Алматыдан 43 шақырым қашықтықтағы жер сілкінісіне келсек, ол жерде бұрын да бірнеше рет болған. Ол жер сілкінісінің ерекшелігі Алматы қаласына жақын қашықтықта болғандықтан толқын «соққы» ретінде сезілді де, тез басылды. Тағы бір ерекшелігі – бұл аймақтағы жер сілкінісі көбіне афтершоксыз өтеді. Сол күні бір соққы болды, сонымен ол жердегі жер сілкінісі қазір тынышталып қалды. Ұсақ афтершоктар болған жағдайда ол тек біздің приборларға ғана тіркеледі, адам баласы оны сезбейді. Қытай жерінде болған жер сілкінісінің афтершоктары қазір 9 мыңнан асып кетті. Ол әлі де жарты жыл бола ма, бір жыл бола ма немесе одан да артық уақыт бола ма, оны нақты болжап айта алмаймыз. Бірақ нақты білетініміз – оның күші негізгі жер сілкінісі болған күндегі магнитудадан аспайды, содан төмен болады және барынша әлсіз болып тоқтайды.
Алматы қаласында мұндай жер сілкінісі бұрын да осындай энергетикалық күшпен, тек осы жолы жер сілкінісінің ошағы аздаған тереңдікте болғандықтан күштірек сезілгендей болды.
– Алматыда соңғы 137 жылдың ішінде бірнеше күшті жер сілкінісі болған. Оның ішінде 1887 жылы 9 маусымда күші 7,3 балл, 1911 жылы 22 желтоқсанда 9 балдық болған жер сілкіністері кезінде осы жерде тұратын халық көп зардап шекті. Сондай жер сілкіністері тағы да қайталануы мүмкін бе?
– Ол жер сілкіністері туралы мәліметтер бізде бар. Алғаш 1887 жылы бұрынғы Верный қаласында жойқын жер сілкінісі өткен. Ол әлемдік каталогқа енген және Орталық Азия бойынша ірі жер сілкіністерінің бірі. Оның күші 7 балл болды. Верный қаласы толығымен қирады. Халықтың көбі зардап шекті. Содан кейін Алматы қаласы тұрғындары үйлерін сейсмикалық жақтан бекітуге көшті. Сол кезден бастап қаладағы ғимараттарды, тұрғын үйлерді сейсмикалық жағдайға төзімді етіп салуды бастады.
Одан соңғы ірі жер апаты 1911 жылы орын алды. Оның ошағы 43 мемлекеттің шекарасында болды. Магнитудасы 8,2-ге жетті. (Бұл да осы өңірдегі ең ірі жер сілкінісі және әлемдік ірі жер сілкіністері каталогына енді. Негізі, ол каталогқа Қазақстанда болған үш жер сілкінісі енген). Бұл зілзаладан Алматы қаласы қатты зардап шекті. Адам шығындары да болған. Бірақ мұндай жер сілкінісінің қайталануына нақты дәлел жоқ.
Иә, кейбір ғалымдар жүз жылда, жүз жиырма жылда, кейбір шетел ғалымдары жүз елу жылда қайталану циклы болуы мүмкін деп болжап отыр.
Екі жылдан соң Қазақстандағы сейсмология саласына 50 жыл толады, сондықтан біз нақты солай болады деп негізсіз айта алмаймыз. Мүмкін болашақта жас ұрпақ қандайда бір дәлел табатын шығар.
Біз жер сілкінісі ошақтарын әрқашан бақылауда ұстап отырамыз. Соңғы жер сілкінісі бұрынғы жойқын зілзала тудырған жерде болды. Бірақ ол – сол жерге тән орташа жер сілкінісі. Ол жерде жер сілкінісінің болуы Кемин ошағын қандайда бір қозғалысқа түсіреді деген ой әлі де нақты дәлелденбеген. Кемин ошағынан басқа, ол жерде көптеген жер сілкінісі тіркелген. Қазір бақылауда.
– Бізде болуы мүмкін жер сілкінісін алдын ала болжап, халықты сақтандыруға мүмкіндік бар ма? Оған қатысты Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?
– Біздің ғылыми орталықта жер сілкінісі бірнеше бағытта зерттеледі. Жер сілкінісін бақылау стансаларының басым көпшілігі Алматы маңында және еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 2021 жылдан бастап Қазақстанның басқа өңірлеріне де стансалар қойылып жатыр, сол жақтың да сейсмикалық жағдайына бақылау жүргізіле бастады.
Қандай да бір нақты болжам жасау өте қиын, сонда да біздің ғалымдар ең сейсмикалық қауіпті аймақ – Алматы қаласына қатысты қандай да бір болжам беруге тырысады. Сондықтан жылдың басынан соңына дейін орта мерзімді болжам жасайды. Оны біз «Алматы – сейсмикалық қауіпті ауданның сейсмикалық жағдайын бақылау» деп айтамыз. Сол бақылау бойынша 2024 жылы Алматы қаласында ірі жер сілкінісі – магнитудасы 5,5-ке тең немесе одан жоғары қандай да бір ғимараттардың қирауына немесе адам шығынына әкелетін жер сілкінісі күтілмейді дейміз. Бірақ сіздер түсінулеріңіз керек, қазір әлем зілзаланы алдын ала болжаудан бас тартқан, өйткені ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Себебі кез келген уақытта басқа мемлекетте болған жер сілкінісі басқаларға да өз әсерін тигізеді. Жер қыртысында қандай да бір өзгерістер болса, біз соны ескере отырып, өзіміздің қорытындымызға өзгертулер енгіземіз.
Ғылыми орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстарына келсек, зерттеуді бірнеше бағытта жүргізетінін айтып өттім. Мысалы, біздің орталықта 9 зертхана жұмыс істейді. Олар әртүрлі бағытта зерттеулер жүргізеді, айта кетсек, геофизикалық параметрлер бақыланып зерттеледі және жерасты суының зерттеулері жүреді. Жер сілкінісі кезінде жерасты сулары азайып кетуі немесе көбейіп кетуі мүмкін, сонымен бірге оның құрамы да өзгеруі мүмкін. Соның бәрі біздің назарымызда. Сонымен бірге елімізде болып жатқан ұсақ жер сілкіністерін бақылай отырып, сол аймақтың сейсмикалық жағдайын бағалауға болады.
– Алматы – сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтардың бірі. Қалада тәуелсіздіктен бері салынған көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық жақтан беріктігіне қандай кепілдік бар? Жалпы, құрылыс компаниялары үйлерді салғанда сіздердің көмегіңізге жүгіне ме?
– Жақсы сұрақ! Біздің ғалымдар жер сілкінісін алдын ала болжаумен айналыспайды, сейсмолог ғалымдар жер сілкінісін зерттейді. Сол жер сілкінісін зерттей отырып, болашақта болатын ірі жер сілкіністерінің ошағын және қауіпті аймақтарды анықтайды, топырақ қабатының жылжуын есептейді. Сол мәліметтердің бәрін пайдаланып, еліміздің әр облысының және ірі қалаларының сейсмикалық аудандастыру карталарын дайындайды. Бұл – карталар құрылыс нормативтерін жасауда негізгі құжат. Осы құжатқа сүйеніп, сондағы нормативті ұстанып, салынған ғимараттар жер сілкінісіне төтеп беруі тиіс, бірақ еліміздегі құрылыс нысандарын салушылар қандайда бір заңдарға бағынбайды, аталған нормативтер қадағаланбайды. Арнайы құрылыс салу процестерін қадағалайтын департаменттердің құзыретінде. Сонымен бірге аталған мәселеге тікелей жауапты – қалада құрылыс нормативтерін дайындайтын, ғимараттардың беріктігін анықтайтын Қазақ ұлттық ғылыми институт бар. Біз қорытынды ретінде карталарды дайындап береміз, әрі қарай ҚазҚСҒЗИ («Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы) нормативтерді дайындайды. Сол нормативтерге сәйкес құрылыстар салынуы керек. Оны Үкімет қадағалауға тиіс. Бізден ешкім ешқандай рұқсат алмайды. Кейбір мекемелер сейсмологиялық қорытындыны қандай да бір жекеменшік ЖШС-ларға жасатып алу мүмкіндігі бар көрінеді. Ондай ЖШС-лар бүгін ашылып, ертең жабылып жатады, ал жер сілкінген кезде халық та, Үкімет те әлгіндей құрылыстарға қатысты сұрақты бізге қояды.
– Ел арасында Алматыда жерасты жарықтары бар, кейбір тұрғын үйлер сол жарықтардың үстіне салынған деген әңгіме жүр. Осы сөздің шындығы қандай?
– Алматы қаласында сейсмикалық аудандастыру жұмыстары жүргізілген. Қазір тек Алматы қаласының сейсмикалық микроаудандастыру картасы дайын. Сол карта негізінде 2017 жылы Алматы қаласының жеке құрылыс нормативтері жасалған. Сол мәліметтердің ішінде Алматы қаласында жер сілкіністері кезінде пайда болған жарықтар белгіленген. Олардың саны қала бойынша − 27. Оның біразы Кеңес өкіметі кезінде анықталса, біразы кейінгі кезде анықталған. Бірақ ол жарықтардың бәрі қауіпті деп айта алмаймыз. Себебі олар ірі жер сілкіністері кезінде пайда болған. Кейбірі қазір белсенді болуы, қандай да бір қозғалыста болуы мүмкін. Оны нақты анықтау фундаменталды зерттеулерді қажет етеді, ол Үкіметтен қаржыландыруды талап етеді. Егер қаржы бөлінсе, біздің ғылыми орталық сол жарықтарды толығымен зерттеуге дайын.
Қазір сол жерасты жарықтары белгілі және біз ол жерлерге құрылыс ғимараттарын салуға болмайды деп қандай да бір нұсқау бере алмаймыз. Себебі ол құрылыс нысандары зерттеулерге дейін салынып койылған болуы мүмкін. Сондықтан Үкіметтен сұрайтынымыз, құрылыс нысандары зерттеу қорытындылары негізінде жасалса және сол салынып қойған ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі тексеріліп, содан сол ғимараттарға «паспортизация» жасалса, ол да бір пайдалы іс болар еді. Себебі Кеңес өкіметі кезінде салынған ғимараттардың беріктігіне күмән жоқ, олар барлық стандарттарға сәйкес. Бірақ көп жыл бойы қолданыста болғаннан кейін олардың жарамдылығы қандай? Оған жауап ҚазҚСҒЗИ мекемесі жауапты.
– Өзге елдердің, атап айтқанда, бізге жақын орналасқан әрі жер сілкінісі жиі болатын Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей елдерінің сейсмикалық орталықтарымен байланыстарыңыз бар ма, олармен ақпарат алмасып тұрасыздар ма?
– Иә, әлемде жер сілкінісі жиі болатын ірі мемлекеттер – Жапониямен, Қытаймен тығыз байланыстамыз. Бұрынғы ТМД мемлекеттері – Ресей, Қырғыз Республикасымен сейсмикалық мәліметтерді алмасып тұрамыз. Ғылыми бағытта зерттеулеріміз, әдістеріміз бірдей. Біздің мамандар шетел мамандарынан кем түспейді, солар қолданатын әдістерді қолданады. Солар зерттеу жүргізіп жатқан бағыттарда бізде зерттеу жүргізіп жатырмыз. Тек бір өзгешелігі, аталған мемлекеттерде сейсмология саласы жақсы қаржыландырылады, сондықтан сейсмотехнология жағынан олар бізден әлдеқайда алда. Содан кейін біздің елімізде сейсмикалық стансалардың саны 80-90-ға жететін болса, жапон елінде 5 мыңға жуық, Қытайда 3 жарым мың станса орналасқан. Бұл стансалардан берілетін мәліметтер бізге қарағанда көбірек.
– Жауаптарыңызға рахмет, еліміз зілзаладан аман болғай!
Сұхбаттасқан
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ