Ұмыт қалған ұлттық тағам – сүмесүт

Сүмесүтті кейбір аймақтарда сүттік деп те атайды.

Ұмыт қалған ұлттық тағам – сүмесүт
nagima_patteshqyzy инстаграм парақшасынан
1631

Қазақтың ұлттық тағамы дегенде ойға ет, бауырсақ, құрт-май, тары-талқан оралатыны анық. Алайда біздегі ұлттық тағамдар тізімі бұдан көп екенін көпшілік біле бермейді. Сондай ұмыт қалған тағамдардың бірі – сүмесүт. Бұл тағамды кейбір аймақтарда сүттік деп те атайды. Оны көп­ті көрген қариялар болмаса, жастар жағы біле бермеуі мүмкін.

Ақмешіт апталығында берілген мәліметке сүйенсек, сүмесүтті әзірлеу үшін алдымен семіз әрі жас түсі ақ қойдың жүнін мейлінше тақырлап қырқып алып сояды. Терісін сыпырып алғаннан кейін оның жүнін күйдіріп жібермей тағы үйітеді. Оны күйеден, кірден, шаң-тозаңнан тазартып жуады. Сонсоң шелін, етін сыдырады. Таза теріні қойдың сүті құйылған қазанға салып, баппен қайната береді. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып отырады. Тері неғұрлым піскен сайын қалыңдығы бармақтай болады. Құйған сүтің сіңбесе, ол қайнап, пісіп болды деген сөз. Осыдан кейін оны алып суытады. Енді бұрынғыдай тері емес,  жұмсақ желін тәріздес тағам пайда болады. Мұны енді сығылмайтын етіп табақ, қазан сияқты дәмі шаппайтын ыдыстарға салып, күнге тигізбей салқын жерде сақтайды. "Сүмесүтті" бір жапырақ етіп тіліп, ұзақ, алыс жолдарға шыққанда баланың аузына емшек тәріздес етіп салып қояды. Баланың тамағына кетіп қалмас үшін шетінен ши немесе жіңішке арша өткізеді. Ал, бала анасының емшегін емгендей тәтті қою сүтті сорып, тойып балбырап жата береді. Сүті таусылған тері салбырап босап қалады. Бірақ ол да жерде қалмайды, әйелдер мен балалар сағыз орнына пайдаланып, шайнап жүреді. Қойдың бір терісі бірнеше балаға көп күнге жететін азық болады екен.

 

Серіктес жаңалықтары