Ақтөбе тұрғындары 4 рет өртенген кафені жабуды талап етті

Дәмхана балабақшамен жапсарлас орналасқан.

Ақтөбе тұрғындары 4 рет өртенген кафені жабуды талап етті
Egemen.kz
820

Ақтөбеде тұрғындар төрт рет өртенген кафені жабуды талап етті, деп хабарлады turkystan.kz.

КТК арнасының мәліметінше, Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары өртеніп кетеміз бе деп қорқып отыр. Өйткені төменгі қабаттағы дәмханадан соңғы бір жылда төрт рет өрт шыққан. Ал асханадан тарайтын майдың иісі мен түнгі шу-шұрқанға амалсыз көндігіпті. Дәмхана қожайыны қауіпсіздік талаптарын сақтамайды деген тұрғындар тамақтану орнын жабуды талап етіп отыр. Өрт жиі шығатын кафе балабақшаға жапсарлас орналасқан.

Есет батыр тұрғын үй алабындағы тоғыз қабатты үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Төмендегі дәмхананың кесірінен тыныш ұйықтаудан қалдық деп ашынады. Күні кеше дәмханаға жапсарлас салынған көше беттегі асхана мұржасы өртенді. Өртті жылдам сөндіріп үлгерген. Егер сол өрт түнде тұтанса, жүз пәтерлі үй жанып кетпегенмен, ысқа тұншығар ма едік деп шошиды. Ең сорақысы, бұл дәмханадан өрт төртінші рет шығып отыр. 

Өртенетін болса мына үйдің бәрі кетеді. Мына жерде газ тұрба тұр. Адамның да шыдамы болады ғой. Шыдам таусылды шыны керек. Моторчик өртенген кезде балабақшаның балалары далаға шықты. Қорқып кетті, - деді Абзал Биранов.

Расымен де дәмхана балабақшамен жапсарлас орналасқан. Өрт шыққан сайын бөбектер шошиды екен. Былтыр төтенше жағдайлар басқармасы айыппұл да салып кеткен. Бірақ одан түк пайда жоқ дейді тұрғындар. Түнгі шу мен май сасыған иіс үйді алып болыпты.

Біз оның зардабын көріп жатырмыз. Түнде үреймен ұйықтаймыз, шыны керек. Мына нәрсенің барлығын көріп тұрсыз ғой, қырық жамау. Адам осындай құрылыс сала ма? Осындай қала ішінде аша ма? Бүкіл Ақтөбенің өрт сөндіру қызметі жабылса да мүмкіндік бермейді. Қаншама осындай оқиға болып жатыр. Жапсын, - деді Гүлназ Қайдасова.

Кәсіпкер шағын дәмхана ашуға әкімдіктен төрт жыл бұрын рұқсат алған. Бірақ оның аумағын үлкейтіп, жапсарлас құрылыс жүргізуге қолында ешбір рұқсат қағазы жоқ. 

Рұқсат берілді тұрғын емес жайды қайта жабдықтауға. Бірақ жанама құрылысқа рұқсаты жоқ. Бүкіл қағаздарды жинақтап, біз мемлекеттік мекемеге сәулет құрылысына жіребеміз. Заңсыз салынып тұр, - деді Ақтөбе сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанаргүл Мақашева.

Шенеуніктер тексеруге енді кірісетінін айтты. Ал заңсыз салынған дәмхана асханасын сүріп тастай ма, қалдыра ма, ол жағы әзір белгісіз.

Серіктес жаңалықтары