Қанат Айтбаев: Арқасүйер халқымыз барына мың тәуба!
24 мамыр күні Ыстамбұлдағы Beşiktaş стадионында әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Біз сол концерттің қарсаңында әншінің әкесі, «ДимашАли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевпен сұхбаттастық. Әңгіме арасында оның еліміздегі басқа да мәселелерге көзқарасын білгенді жөн көрдік.
– Қанат Құдайбергенұлы, әңгімемізді Димаштың Ыстамбұлда өтетін концертінен бастасақ...
– Анкарада «Юлдызлар» атты компания бар. Сол компанияға Димаштың түркиялық жанкүйерлері: «24 мамырда Ыстамбұлда Димаштың концертін ұйымдастырсаңыздар...» деген ұсыныс жасаған екен. Жүзбе-жүз кездесіп, уақыттың ретін қарап, ақылдасқанымызда, концертті 24-мамыр – Димаштың туған күнінде жасау жөніндегі ұсыныс көңілімізге қонды. Ұйымдастырушылар атақты Beşiktaş футбол командасының стадионын таңдапты.
Сонымен қатар 4 мамырда Венгрияның астанасы Будапешт қаласы Papp Laszlo спорт аренасында Global events халықаралық компаниясының ұйымдастыруымен Димаштың жеке концерті өтпек. Бұйырса, дайындалып жатырмыз.
– Ыстамбұлдағы концерттің ерекшелігі неде болмақ?
– Былтыр Димаш Алматыда Stranger атты концерт қойған болатын. Бұл – жоба. Ыстамбұлдағы концерт те сол жобаның аясында өтеді. Әрине, біршама толықтырулар енгізіледі. Мысалы, Түркияда Димаш түрік тілінде ән шырқайды. Сонымен бірге концертке танымал бірнеше өнер адамын шақыру да ойда бар.
– 24-мамырда Димаш, бұйырса, 30-ға толады. Басқа елдерден де ұсыныс түскен болар?
– Иә, тағы бір елден дәл сол күні концерт өткізу жөнінде ұсыныс түсті. Бірақ біз бұл кезде «Юлдызлар» компаниясымен келісімшарт жасап қойған болатынбыз.
– Концертте қазақ әндеріне басымдық беріле ме?
– Димаш концерттерінде қазақтың ән-күйін міндетті түрде орындайды. Қай елде жүрсе де, туған елінің мәдениетін, өнерін насихаттауға, танымалдылық көкжиегін кеңейтуге барын салады. Сонымен қатар өнер адамының басты миссиясы – бірлікке, татулыққа үндеу, ынтымақтастыққа шақыру. Әлемнің көптеген елінен тыңдармандар келетіндіктен, Димаш әр түрлі тілде ән салып, концертте достық атмосферасын қалыптастыруға тырысады.
– Жұртшылық арасында: «Димаш репертуарына халық әндерін көбірек қосса...» деген пікір бар...
– Халық әндерінің арасында Димаштың репертуарына жақсы келетін уақыттың сүзгісінен өткен, өміршең, көркем шығармалар көп. Болашақта халық әндерінен жинақ шығармақ ойы бар. Біраз дүниені дайындап та қойды. Бірақ ән таңдауда Димаш – өте кіді, талғампаз. Өз көңілінен шықпаған дүниені ешқашан тыңдарманына ұсынбайды. Сондықтан бұған уақыт керек.
– Кіші ұл – Әбілмансұр кішкентайында медицина энциклопедиясын кеміріп жататын. Дәрігер болатын шығар деуші едім. Бірақ музыкаға бет бұрды. Композитор ретінде ұсынған туындылары да бар. Beşiktaş стадионындағы концертте Әбілмансұр да өнер көрсетеді ғой?
– Иә, баланың арманы сәт сайын өзгеріп отырады емес пе? Музыкалық мектепті домбыра класы бойынша бітірді. Қазір музыкалық колледжде гитара класында білім алып жатыр. Димаш екеуінің арасы – бір мүшел. Дегенмен әңгімелері жарасады. Маған еркелеуі мүмкін, ал көкесінің айтқаны ол үшін – заң. Ұстазы – сол. Айтқанын бұлжытпай орындайды. Димаш бір әңгімесінде: «Мансұр – жаңашыл, музыканы өзінің жасындағы менен де нәзік түсінеді...» деп қалды. Екеуінің бірге сахнаға шығып жүргені біз үшін, әрине, қуаныш. Түркияда да сахнаға бірге шығады, бұйырса. Ал медицина саласының да біздің әулетке өкпесі болмауға тиіс (күлді). Астанадағы медицина университетінде тәлім алып жатқан Раушанымыз жақсы дәрігер болады деп сеніп отырмыз.
– «Димаштың бағы Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауынан кейін ғана жанды. Елімізде оның талантын ешкім танымады...» деген пікір әлі де әр-әр жерде айтылып қалады. Осы мәселенің басын ашып алайықшы...
– Әрине, 2017 жылы өткен әлеуеті үлкен бұл байқау Димаштың әлемге танылуына зор септігін тигізді. Ол ақиқат. Сол үшін де рахмет. Бірақ Димаштың музыкант ретіндегі «іргетасы» Қазақстанда қаланғанын ұмытпаған жөн. Димаш музыкалық білімді Қазақстанда алды. 2012 жылы 18 жасында республикалық «Жас қанат» байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Қазылар алқасындағы Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Абзал Мұхитденов секілді кәсіби мамандар өнерін жоғары бағалап, батасын берді. Мұнан кейін еліміздің атынан бірнеше халықаралық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Өзі білім алған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаеваның бастауымен студенттік құрамда Еуропа мен Азия елдерінің сахналарында өнер көрсетті. 2015 жылы 21 жасында Беларусь елінде өткен «Славян базары» халықаралық байқауында жеңімпаз атанып, бас жүлде алды. Содан кейін Қытайға барып, «Мен әншімін» байқауына қатысты. Яғни, оған дейін біршама сыннан өтіп, әбден ысылған кәсіпқой әнші ретінде барды.
Ал енді әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен ертеректегі бір телебағдарламадағы үзіндіге ғана сүйеніп, «Қазақстанда Димаштың өнерін ешкім танымады, бағаламады» деу – мүлде қате пікір.
2015-2024 жылдар аралығында үш мәрте «Халықтың сүйіктісі» атты марапатқа ие болды, 20 жасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын, 25 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алып, 29 жасында Қазақстанның Халық әртісі атанды. Мұнан артық қандай құрмет, қандай баға керек?
Ал халықтың ықылас, ниетін, ақ пейілін күн сайын сезініп отырмыз. Әкем: «Туған жеріңе табаныңды тіреп, арқаңды халқыңа сүйесең, ешқашан жаман болмайсың!» дейтін. Арқасүйер халқымыз барына мың тәуба!
– Димаштың өнерін насихаттап жүрген Dears-тар жөнінде не дейсің?
– Димаштың өнер әлеміндегі танымалдылығының артуына үлкен үлес қосып жүрген Dears қауымдастығына деген құрметіміз шексіз. Әлемнің қай түпкіріне барсақ та, бізді риясыз ықыласымен қарсы алады. Ең ұнайтыны –Димаштың өнеріне сүйіспеншілігі арқылы пікірлес болған түрлі елдерде тұратын жандардың өзара достығы. Қонаққа барып, бір-бірінің мәдениетімен танысып, шұрқыраса табысып жатқандарын әлеуметтік желі арқылы көргенде көңілімізді шексіз қуаныш билейді. Димаш өзінің өнері аясында қалыптасқан жанкүйерлерін үлкен отбасы санайды. Олардың шексіз қолдауын, сүйіспеншілігін сезінеді. Бұл – үлкен бақыт. Ыстамбұл мен Будапешттегі концерттердің де ұйымдастырылуына осы елдердегі Dears қауымдастық ұйытқы болды.
Жақсы дүниелерімізді көрсете алмай жүрміз
– Осы күні әлеуметтік желіде «Мүмкіндік болса, Қазақстаннан кету керек» деген әңгіме жиі айтылатын болды. Қағынан жеріну, үмітсіздік байқалады. Әлемнің біраз елін араладың. Расымен де, жұрттың бәрі дамып кетіп, біз көш соңында қалдық па?
– Өз басым қай елге барсам да, бір апта, он күннен соң елге қайтуға асығамын. Астана әуежайынан түсіп, кеудемді кере дем алғанда бір рахат сезімге бөленемін. Әрине, қазір кез келген адамға, әсіресе, жастарға әлемнің қай түпкіріне де барудың алуан түрлі мүмкіндігі бар. Барып, істің көзін тапқандар да жоқ емес. Бірақ «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кебін киетіндер де бар. Әрине, экономикасы озық мемлекеттер көп. Бірақ түйіткілді мәселелері толығымен жүз пайыз шешіліп қойған ел жоқ-ау.
Өз жерімізде біздегі білім жүйесіне сын айтатындар көп, бірақ шетелге барып, елімізде алған білім нәтижесімен әлемдік деңгейдегі түрлі жоғары оқу орындарына түсіп, үздік оқып жатқан балаларымыз жетерлік. Қай елге барсақ та, сондай жастарымыздың жетістіктерін көріп, қуанатын сәттеріміз аз емес.
Ғылыми зерттеулерінің нәтижесі халықаралық деңгейде мойындалып, емдік тәжірибеде қолданылып жүрген Серік Ақшолақов, Юрий Пя, Нұрлан Батпенов секілді көптеген дәрігер-ғалымымыздың есімдері біздің медицина саласының көрсеткіші емес пе? Шетелдерге арнайы шақыртумен барып, жоспарлы түрде хирургиялық операция жасайтын білікті мамандарымыздың да біраз екенін көріп жүрміз.
Кейбір елдерге барғанда өз еліміздегі бойымыз үйреніп кеткен цифрландыру нәтижесінің қадірін сезінген сәттеріміз де аз емес.
Қарапайым ғана бір мысал, бірде шетелге кететін күні таңертең төлқұжатымды жоғалттым. Кешке – ұшақ. Не істемек керек? ХҚО-ға бардым, жедел түрде жасады да берді. Жұмысымнан қалмай ұшып кеттім. Ұсақ-түйек секілді көрінуі мүмкін, бірақ барлық елде бірдей мұндай мүмкіндіктердің жоқ екенін көріп жүрмін.
Бізде қай салада да жақсы нәтижеге жетіп жүрген мамандарымыз, кәсіпорындарымыз көп – көрсете білуіміз керек. Бізде жақсы істердің насихаты блогерлік деңгейдегі өсек-аяңның көлеңкесінде қалып қояды. Жақсы нәрсені, жетістіктіктерімізді, әр саланың озаттарын жүйелі түрде насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Ақпарат саласының мамандары, әлеуметтік желідегі аккаунттар хайп тақырыптар төңірегінде ғана рейтинг қуаламай, позитивті дүниелерді де көбірек көрсетіп, ел көңіліне сенім ұялатса, құба-құп болар еді. Жаман деген сайын адамның да, қоғамның да сағы сынады, үміті көмескіленеді. Өзіңді жаман дегенде, ешкім әкеліп, жақсысын бермейді. Қоғамда сын айтылуы керек, бірақ сын әділетті, негізді, кәсіби болуы керек.
Ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз
– Ел дамуының түрлі салаларына көңіл толмаған кезде өзімізді кінәлап жатамыз. Қазақ жұмысқа қырсыз ба? Кейінгі жылдары ел арасында негатив пікірдің көп болуына не себеп?
– «Қазақ – жалқау» деген пікірге мүлде қарсымын. Кеңес заманында қой санын 50 миллион қыламыз деп ұмтылдық қой. Қателеспесем, 38 миллионға жете тоқтадық.
Бір ғалым ағамыз оңаша әңгімелескенде, Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында 60 миллионнан астам қой өргенін айтты. Кердері Әбубәкір қазақтың байырғы тірлігін «...жарлы деп жүз қой бітсе айтушы еді, қой-ешкі толықпаса мыңға барып» деп бекер суреттемеген болар. Мал бағу оңай емес. Шаруашылықты тиімді жүргізу үшін қазіргі тілмен айтқанда, кем дегенде, жақсы ветеринар, жақсы синоптик, жақсы агроном болып, сонымен қатар географияны жақсы білу керек. Қысымыз да жұмсақ емес. Мыңғыртып мал өсіріп, өнімін көрші елдерге сатып, еңбектеніп, ұрпағын өрбіткен қазақ қалайша жалқау болады?
Әр ұлттың өмір сүру ерекшелігі, мінез-құлқы, менталитеті, тіршілік ету тәсілі географиялық жағдайына, жер бедеріне, ауа-райына байланысты ғасырлар бойына қалыптасады.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда шикізат өндірісіне басымдық беріліп, экономиканың басқа салалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы елеусіз қалды. Жүздеген кеңшар, ұжымшар ыдырап кетті. Ел жұмыссыз қалды. 90-жылдары ауылда отырған ағайын сол кездері күннен-күнге құнын жоғалтқан азды-көпті малын сатып, жаппай қалаға ағылды. Көп ауылдар қаңырап, бос қалды.
«Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар» демей ме? Елдің бәрі кәсіпкерлікке бейім емес екенін және жетпіс жыл бойына қалыптасқан кеңестік жүйедегі менталитетті де ескере отырып, мемлекет өз бақылауына алатын ауылшаруашылық жүйесінің жаңа формасын қалыптастырып, жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз етсе, ел үдере қалаға көшер ме еді? Ауыл шаруашылығы біздің мемлекетіміз үшін басымдыққа ие сала болуы керек еді. Елдің бәрін қалаға жинап алғаннан не ұттық? Еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасында дисбаланс қалыптасты. Ол әлі күнге дейін теңеспей келе жатыр.
Қалада жағдайы дұрыс болмағасын халықтың да даусы ащырақ шығады. Жер көлемі азғантай елдер амалдың жоқтығынан қалаларын тығыздап, агломерациялық аймағын ұлғайтады. Ұлан-ғайыр даласы бар бізге ондай форманың қажеті не?
Қалада тұрамын деген адамның құқын шектеуге болмайды, әрине, бірақ жағдай жасалса, лайықты жұмыспен қамтамасыз етілсе, ауылда тұрғысы келетіндер де көп болар еді деп ойлаймын. Дәл қаладағыдай жағдайы, үйі, жұмысы болса, неге тұрмасқа?!
Ауылдан үдере көшу арқылы біз ұлттық болмысымыздан да ажырап бара жатырмыз. Көп жақсы қасиетіміз өркениеттің аранына жұтылып барады.
– «Ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатырмыз» дегеннен шығады. Қазір «әркімнің өз шекарасы бар» деген ұғым пайда болды. Әке-шеше ұлын үйлендіре салып, бөлек шығаруға асығады. Өйткені бірге тұра алмайды – «шекарадан» аттап кетуі мүмкін. Бауырыңнан өрген ұл-қыздың да «шекарасы» бар. «Әкелер мен балалар» проблемасы бұрын да болды ғой, бірақ қазір осы мәселе тым күрделеніп бара жатқан жоқ па?.
– Света екеуміз бас қосқалы ата-анамызбен бірге, бір шаңырақ астында тұрып келе жатырмыз. Бұл – біз үшін ең үлкен өмірлік мектеп. Үйленіп, той тарқаған күннің ертеңіне әкем оңашалап, ақылын айтып отырып: «Біреудің мәпелеп өсірген әп-әдемі баласын үйге әкеліп отырсың. Қабағына кірбің түсіріп, ренжітіп, құда-құдағиымның алдында ұятқа қалдырып жүрме» дегені санама жатталып қалыпты. Өзінің бітім-болмысымен, өмірлік ұстанымымен, анамызға құрметімен, әділеттілігімен әкем өмір бойы балаларына үлгі болды.
Аса сирек болса да, үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, бірақ үлкен кісілердің көзінше ренжісіп, олардың көңіліне қалай кірбің түсіресің? Үлкендерге аңғартпауға тырысып, қабақ түюмен ғана шектелесің. Сөйтіп жүргенде ашуың тарап кетеді. Ата-анамен бірге тұрғасын, балаларға алаңдамайсың. Жұмысың шығып қалса, тарта бересің. Балаң бағулы, тамағы берулі. Ата-анаңның балаларыңа айтып жатқан ақылы саған да артықтық етпейді. Іштей ой түйіп отырасың. Ата-әжесінің бауырында өскен бала еркін, бауырмал, көпшіл болады. Ойын ірікпей айтады. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы ата мен әженің өмірлік тәжірибесі, ұлттың салт-дәстүрі, ағайынмен қарым-қатынас тіні балаға, немереге беріледі. «Шекара» демекші, ата-анамыз ешқашан беделін бұлдап, бізге пікірін күштеп, таңып көрген емес. Жайлап ақылын айтатын, қалғанын өзің біл дейтін.
Осы күні көп айтылатын гендерлік теңдік деген әу бастан-ақ қазақтың қанында бар дүние ғой. Қазақ қызын құрметтеп, төрге отырғызады. Еркелетіп, еркін өсіреді. Ал әуелде имене босаға аттаған келін бірте-бірте сол әулеттің анасына айналмай ма? Төркіндеп барған қыздың беделін айтпай-ақ қояйын.
Байырғы қазақ қоғамында жас отбасы алғашқы жылдарда үлкендермен бірге тұрып, отбасылық тірліктің қыр-сырын меңгеріп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, өзінен кейінгі бауыры үйленген кезде ғана еншісін алып, бөлек шыққан ғой. Әкенің сөзі өтімді, ананың сөзі қадірлі заман еді.
Қазақ қоғамында бұрынырақта ажырасу өте сирек болатын. Қазір көбейіп барады. Көп бала әкесіз өсіп жатыр. Отбасын асырай алмайтын босбелбеу еркек көп. Әйелін ұрып-соғатын жігіт, азаматының басын қорлайтын әйел қайдан шықты? Демек, ұлттық бағыттан ауытқыған қазіргі тәрбиеде кінәрат бар деген сөз. Бұрын «Шыққан қыз шиден сыртқары» дейтін қазақ әйелі қазір «Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды» дейтін болды.
Әлеуметтік желі арқылы өзінің ажырасқаннан кейінгі «еркін» өмірін дәріптейтін «коучтар», «ұят», «обал» деген ұғымдардың құнын кетіріп, күлкіге айналдыратын «данышпандар» саңырауқұлақтай қаптады. Солардың отбасылық құндылықтарды тәркі ететін эфирлерін бір мезетте он мыңдаған жас көріп отырады. Қоғам қалайша бұзылмасын?
Идеология дегенді кеңестік қоғамның сарқыншағы деп ұғынатындар көп. Алайда мемлекет үлкен бір отбасы екенін ескерсек, еліміз басқаға еліктемей, тәрбие бағытында ұлттық өрнегі ерекшеленіп тұратын, «ар», «намыс» деген ұғымдарды асқақ ұстайтын идеологиялық өз жолын айқындауға тиіс.
Мәдениет саласының әрбір өкілі – мемлекеттің идеологы
– Қазір сахнада тұрып боғауыз айта салу түкке де тұрмайтын болды. Мысалы, былтыр Ақтөбеде болған жағдайды алайық. Өткенде өзің әлеуметтік желіде қазіргі киноларда боғауыздың өріп жүретінін айтып, ой қозғадың. Бұған қалай тоқтау салуға болады?
– Біз қазір еркіндікті шектеп жатыр деген сөзден қорқып, бәрін бетімен жібердік. Мысалы, үй салып жатырмыз делік. Оның архитектурасы қандай, жылуы қалай, электр жүйесі техникалық құжатқа сәйкес пе, құрылыс сапасы дұрыс па – бәрі-бәрі құзырлы органдар тарапынан тексеріледі ғой. Ал қоғамдық сананың қалыптасуына әсер ететін мәдениет саласын кім бақылайды? Менің түсінігімде, мәдениет саласының әрбір өкілі өзін мемлекеттің идеологы деп санауы керек. Ел алдына шыққан өнер адамы әрбір іс-әрекетімен, сөйлеу мәнерімен, сахналық келбетімен үлгі болуға тиіс. Сахнаға шығып сөйлеген әрбір артист, актер тіл байлығымен, дұрыс қойылған дауыс екпінімен, тембрімен эталон болуға тиіс. Бала кезімізден Сауық Жақанова, Фарида Шәріпова, Мәкіл Құланбаев секілді аға-
апаларымыздың дауысына сүйсініп, ана
тіліміздің көркемдігіне тамсанып өстік емес пе?
Сахна – рухани бағдар, көрерменнің жан дүниесін байытып, ішкі әлеміне қозғау салатын, серпіліс беретін кіршіксіз әлем. Онда боғауыз айту – қылмыс! Қоғамдық сананы улау. Көрерменді сыйламау.
Бізде қазір көп кино түсіріліп жатыр. Бала-шағамен барып, көрейін десең, бетіңнен отың шығады. Киноға емес, базарға кіріп кеткендей боласың. Өйткені тілі – шұбарала, көркемдіктен жұрдай, тұнған былапыт, боғауыз. Біздің кейбір белгілі актерлеріміз де ақшасын төлесе болды, режиссердің айтқанына бас шұлғып, көк тиындық құны жоқ дүниелерге түсе беретін заманға келдік. Бұл – қасірет. Осындай «киноны» көрген жас ұрпақ не істейді? Бала – сорғыш секілді, не көрсе, естісе, сол күйі қабылдайды. Рухани кірлейді. Арманшыл болмайды. Мұндай өнер әлемінде не қадір, не қасиет қалады? Жан дүниесі ластанған қоғам негативке бейім болады. Бейбастастыққа заңмен тыйым салынуға тиіс. Мәдениет ешқашан көшенің ыңғайымен кетпеуі керек, керісінше көше мәдениет әлеміне қарап бой түзеуі қажет.
– Бірақ интернет дамыған заманда көп дүниені заңмен ғана тыя алмайтынымыз анық. Не істеу керек?
– Әрине, жаһандану заманында ешкім де оқшау өмір сүре алмайды. Бірақ жас ұрпақтың бойында иммунитет қалыптастыру үшін ұлттық құндылықтарымызды көбірек насихаттауымыз керек. Мектеп қабырғасында ұлттық тәрбие пәні енгізілуі қажет. Ұлтымыздың қыз балаға құрметі, ұл балаға артылатын сенімі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, ұлттық киімнің мән-мағынасы, шешендік өнер т.б. қай тілде білім алатынына қарамастан, барлық мектеп балаларының санасына бірдей сіңірілуі керек. Бұл ортақ менталитетті, тәрбиелі қоғам қалыптастыруға сеп болады деп ойлаймын. Мектеп жасынан бастап баланың бойында талғам қалыптастыру керек. Балаларға арналған жақсы дүниелерді көбейтсек, құба-құп.
Әңгімелескен –
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ