Оқушыларымыз халықаралық чемпионатта рекорд орнатты
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең жоғары марапаттарға ие болып, рекорд орнатты.
Қазақстандық оқушылар Сингапурда өткен First Lego League Challenge халықаралық чемпионатында рекорд орнатты. Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша, Индонезия және Қытайдан келген 100-ден астам оқушы қатысқан аталған сайыста оқушыларымыз әлемнің жас инженерлерімен бәсекеге түсті.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең жоғары марапаттарға ие болып, рекорд орнатты.
«Роботтар ойынында тапқырлық танытып қана қоймай, команданың ұйымшылдығын, негізгі құндылықтарын таныту керек болды. Біз инновациялық жобамызды көрсеттік. Бұл керемет тәжірибе болды, еліміздің бізге үміт артып отырғанын білгендіктен, жеңіс үшін бар күш-жігерімізді салдық. Нәтижесінде, әлемнің озық елдерінің арасынан суырылып шығып, рекорд орнаттық», – дейді қуанышы қойнына сыймаған оқушылар.
Ел намысын қорғаған Ro alemi командасының құрамында Семей қаласының Білім-инновация және №22 орта мектебінің оқушылары Арыстан Ибрагим, Жанарыс Ардахов, Дархан Мамадилов, Айдмұхамед Табараков, Әділжан Қабыкенов, Азат Сапаралы және Жәнібек Әбдікәрімовтар бар. Олар чемпионатта максимум 550 ұпайдың 540-ын жинап, рекорд орнатты. Онымен қоса, жас өрендеріміз Robot Design номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, барлық төрт бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсеткені үшін Champions Award номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығалады.
Сондай-ақ қазақстандық Tamos Éducation мектебі QSTEM-TAMOS Stars командасының құрамында өнер көрсеткен Мадияр Намазалы, Нұрәлі Сатыбалды, Рашид Ахмеджанов және Аңсар Баязеров чемпионаттың барлық төрт бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, Champions Award номинациясы бойынша I орын алды.
Атырау қаласының Білім-инновация лицейінің оқушылары Pioneers командасының құрамында Мәлік Ислам, Нұрислам Берікұлы, Бекасыл Нұрымжан, Ерасыл Нұрымжан, Алмаз Абзал, Алмас Ерланұлы, Алдияр Шамар және Әлішер Данилов өнер көрсетті. Олар инновациялық жобаны табысты жүзеге асырғаны үшін Innovation Project номинациясының финалистері атанды.
Еске сала кетейік, оқушылар аталған халықаралық чемпионатқа жолдаманы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Дарын РҒПО және USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған FIRST Central Asia Орталық Азия ойындарында жеңіп алған болатын.