Үкімет басшысы: Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.

Үкімет басшысы: Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту
primeminister.kz
710

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады. Аумақтық ТЖД-лар бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды.

ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн текше метрден астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы жұмылдырылды.

Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын.

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.

2024 жылдың 28 наурызында Олжас Бектенов су тасқыны қаупі бар аймаққа кіретін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгені белгілі болды. Үкімет басшысы өңірдегі су қоймаларының жағдайын тексерді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық профилактикалық іс-шараларды аяқтауды, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқыны жағдайының нашарлауына дайындықты, күштер мен құралдарды жұмылдыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары