Алматыда патрульдік полицей жанып жатқан көлікті сөндірді

Көлік иесі полиция қызметкеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Алматыда патрульдік полицей жанып жатқан көлікті сөндірді
polisia.kz
554

Алматыда патрульдік полиция қызметкері жанып жатқан көлікті сөндіріп, төтенше жағдайдың алдын алды, деп хабарлады turkystan.kz.

Полиция қызметкерінің шапшаң және анық әрекеті қайғылы оқиғаны болдырмауға көмектесті.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, патрульдік полиция полкінің инспекторы Азат Жұмабеков Панфилов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында қызметте болған.

«Бірнеше метр жерде тұрақта тұрған Toyota көлігінен түтін шыға бастады. Бірнеше секунд ішінде мен өрт сөндіргішті алып, жанып жатқан көлікке қарай жүгірдім. Көліктің иесі жанында болды. Есік пен капотты ашып, өртті сөндіруге кірістік. Бұл адам көп шоғырланған аймақ. Абырой болғанда, өтіп бара жатқандардың ешқайсысы зардап шекпеді, өрт жақын жерде тұрған көліктерге де өтіп үлгермеді. Бірақ көліктің салоны толығымен дерлік жанып кетті. Темекі тұтандырғышқа қосылған телефон сымдарында қысқа тұйықталу орын алған болуы мүмкін», – дейді Жұмабеков.

Ал көлік иесі полиция қызметкеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

«Полицей еш ойланбастан өртті өте кәсіби түрде сөндірді. Оған алғысымды білдіремін», – деді Алматы қаласының тұрғыны.

Серіктес жаңалықтары