Тасқын судан төнген қауіп

Тасқын судан төнген қауіп

Тасқын судан  төнген қауіп
ашық дереккөзі
908
Көктем келіп, күннің жылынуын, табиғаттың жаңаруын қыстан қажыған жамағат асыға күтеді.  Алайда  жылғалардан су ақса, қай өзен тасиды екен деп берекесі қашатын жұртты осы күні қуаныштан гөрі үрей билейтін болды. Қар жылдағыдан қалың түскендіктен, биылғы көктем елді біраз әбігерге салатын сияқты. Мамандардың айтуынша, республиканың алты облысын су басу қаупі  бар. Осыған орай 918 елді мекен, 1,5 мың шақырымнан астам авто және теміржол тәуекел аймағына енгізілген. Демек, төтеншеліктердің босаңсуға қақы жоқ. Төтенше жағдайдың алдын алуға келгенде осалдық танытып, жыл сайын мыңдаған адамның өмірін қатерге тігетін ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті биылғы көктемді тасқынсыз өткізе ала ма? Жуырда көктемгі су тасқынына дайындық барысын талқылау үшін бас қосқан Үкімет мүшелері Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты ортаға алды. Ведомство басшысының айтуынша, еліміздің алты облысында су тасу қаупі бар. Атап айтқанда, қар қалың жауған Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 918 елді мекен судың астында қалуы мүмкін. Тасқын қаупіне байланысты 1,5 мың шақырымнан астам авто және темір жол тәуекел аймағына енгізілген. Министрдің сөзінше, төтеншеліктер су тасқынының алдын алу шараларына ерте бастан кіріскен. Тұрғын үйлерді су басып қалмас үшін 6,2 миллион текше метр қар шығарылған. 8 мың тонна жанар-жағар май, 180 мың тонна инертті материалдар, 829 мың қап және 10 тонна жарылғыш заттар қоры жасақталып. жергілікті әкімдіктер бюджеттерінде төтенше жағдайлардың алдын алуға 20 миллиард теңге қарастырылған. Сақтық шараларына жауапты тағы бір құзыретті мекеме – Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер де қол қусырып отырмағандарын жеткізді. Вице-министр Қайрат Айтуғановтың айтуынша, «Қазсушар» РМК есебінде 2177 гидротехникалық қондырғы бар. Оның 78-ін су қоймалары, 83-ін су тораптары, 26-сын бөгендер, 1990-ын басқа құрылғылар құрайды. Олардағы су пайдалану режімдерін реттеу мақсатында тиісті мамандардан құралған комиссия жұмыс істеуде. Қ.Айтуғановтың сөзінше, Шардара, Киров, Бұқтырма секілді Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан ірі су қоймалары қазіргі күні өз деңгейінің 75-80 пайызында суға толып тұр. Егер су көлемі көбейе беретін болса, су бірте-бірте босатылмақ. Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары жергілікті төтенше жағдайлар органдарымен бірлесе отырып, 766 гидротехникалық қондырғының жағдайына арнайы зерттеулер жүргізген. Енді қалған 275 осындай қондырғы сәуір айында тексеруден өтетін болады. Тексеруден өткен қондырғылардың 27-сінің жағдайы қанағаттанғысыз деп танылған. Осы мәселе бойынша қосымша хабарлама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынының жағдайы қалай болатындығы туралы алдын ала зерттеу жасалғанын, нәтижесінде судың келуі былтырғы жылғыға қарағанда едәуір жоғары болатыны анықталғанын айтып өтті. Министрлерді тыңдап, көктемнің әбігері аз болмайтынына көзі жеткен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қолды мезгілінен кеш сермемеу үшін сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.

        Жайықтықтардың  жанталасы

Батыс Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылығы таратқан мәліметке қарағанда, биыл Ақжайық атырабында қар былтырғыға қарағанда 70 пайызға мол көрінеді. Жақында осы жағдайға қатысты тиісті сала мамандарын жинап, арнайы жиын өткізген облыс әкімі Алтай Көлгінов тасқынға тосқауыл болу мәселесі әбден қауіп сейілгенше күн тәртібінен түспеуі шарт екендігін шегелеп айтты. Жергілікті мамандар су тасқынына қатысты Орал өңірімен көршілес Ресейдің Орынбор, Саратов облыстарындағы әріптестерімен жиі-жиі ақпарат алмасып отырады екен. Күні бүгінге дейін елді мекендер аумағынан көлемі 600 мың текше метр қар аулаққа шығарылған. Егер жағдай күрделенсе, 76 құрылым, 1946 адам, 548 техника, 27 жүзу құралы, 125 мотопомпа тасқынға тосқын мақсатына жұмылдырылмақ. Арнайы бес ұтқыр топ жасақталған. Қажет бола қалса, облыстың төтенше резервінен 546,6 млн теңге қарастырулы. Сонымен қатар, нөпір судың жолына бөгет болар құм, қапшық және де өзге керекті заттардың қоры дайын. Күн райы мүмкіндік берсе, наурыз айының екінші онкүндігінен бастап судың шығар жолы ретінде салынған арық-құбырлар тазалана бастайды. Ел-жұртқа қауіп-қатерді дереу хабарлау жүйесіне қатысты мамандар да қамсыз емес. Мәселен, ұялы телефон жүйесі арқылы да суыт хабар жедел жолданбақ. Наурыз айының үшінші онкүндігінен бастап, коммуналдық меншіктегі су қоймаларына тәуліктік қадағалау жүргізіледі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, тасқын қаупі бар аудандар мен облыс орталығында 3500 адамға арналған 25 эвакуациялық қосын күн ілгері әзірленген. Оныншы наурыздан бастап, тасқынға тосқын болуы тиіс мекемелер мен олардың құрал-жабдық әлеуеті және бір мәрте пысықталып, толық әзірлік деңгейіне келтірілмек.

Солтүстік тасқын салдарын ұмытқан жоқ

«Қазгидрометтің» дерегі бойынша, наурыздың үшінші жартысында Солтүстік Қазақстан облысында жылы циклонның ықпалымен ауа температурасы +8 градусқа дейін жылынады. Биылғы жылы жекелеген аудандарда қар қалың түсіп, мұз қалыңдығы нормадан екі-үш есеге артқанын ескерсек, тасқын қаупі күшейіп тұр. «2016 жылғы су тасқынының салдарын ұмытпаған жөн. Еріген қар ешқайда ағып кетпеген. Оған М.Жұмабаев ауданы, Булаево қаласының орталығындағы көл дәлел бола алады. Ол қазірге дейін толып тұр. Оның жан-жағынан бөгет салынды. Алайда тасқынның қаупі сейілмеді. Еріген қар суы тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкін. Су тасқыны қаупі бар белдеуде 20 үй орналасқан», – дейді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Ержанов. Мамандардың айтуынша, осындай күрделі жағдай өңірдегі Камышлов сайында да орын алуы мүмкін. Өйткені Таранкөл көлінің суы осы сайға қарай ағады. Сайдың маңайында бірнеше елді мекен орналасқан. Су тасқыны болған жағдайда теміржол мен республикалық маңызы бар «Петропавл-Астана» тасжолы зардап шегуі мүмкін. Жергілікті төтеншеліктер көктемгі су тасқынына дайын екендіктеріне сендіріп отыр. Өткен жылдың жаз мезгілінен бері тасқын қаупі жоғары учаскелерге талдау жасалып, су астында қалуы ықтимал 95 елді мекен анықталған. Ол аймақтарда қажетті инженерлік жұмыстар жүргізіліпті. Елді мекендердегі тау боп үйілген қар шығарылған. Эвакуациялық комиссия құрылып, апта сайын өңір басшысының алдында аудан әкімдері жасалған жұмыстар туралы есеп беруде. Асхат Ержановтың айтуынша, өңірдегі барлық елді мекендердегі жағдайлар спутник арқылы ғарыштық бақылауға алынған. «Біз су тасқыны салдарынан зардап шегуі мүмкін ең қауіпті елді мекенді анықтадық. Бізде спутник арқылы өңіріміздің барлық аумағын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін ғарыштық бақылау бар. Ғарыштық бақылаудың көмегімен қай аумақта судың көп жиналып қалғандығын анықтап, сәйкесінше әрекет етуге мүмкіндік бар», – деп атап өтті Асхат Ержанов.

Ақтөбенің әзірлігі қалай?

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі су тасқынына қарсы әзірлік басты назарда болуы керетігін үнемі ескертіп келеді. Өңірде ауа райы қалай құбылса да, төтенше жағдай орын алмауы тиіс. Қазір облыстың барлық аймағында су тасқынына қарсы комиссия жұмыс жасауда. Мамандар қардың еріп, өзендердің тасуы көп жағдайда 22 наурыздан кейін басталатынын айтады. Сондықтан төтенше жағдайларға қарсы құрылымдық күштер осы кезде сақтық шараларын күшейтеді. Биыл аймаққа қар жылдағыдай мөлшерде түскен. Сондықтан мамандар дәл қазіргі күні аймақта су тасу қаупі байқалмайтынын айтады.Қазір Ақтөбе су қоймасының 69 пайызына су жиналған. Су қоймасының жобалық мөлшердегі сыйымдылығы – 245 миллион текше метр. Қарғалы су қоймасы да тасқын суды қабылдауға сақадай сай тұр. «Қазсушар» Ақтөбе филиалының басшысы Бекзат Наметовтің айтуынша, бұл су қоймасына 280 миллион текше метр су сыяды. Бүгінгі күні мұнда 160 миллион текше метр су жиналған. – Былтыр Сазды су қоймасына күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде 7,5 миллион текше метр су жинауға мүмкіндік туды. Қазір мұнда жиналған судың көлемі — 2,1 миллион текше метр немесе 28 пайыз. Сондықтан дәл қазіргі күні аймақта су тасу қаупі байқалмайды, – дейді Б.Наметов. Алайда қауіп жоқ деп қол қусырып отыруға болмайтынын, апат айтып келмейтінін білетін ақтөбеліктер сақтық шараларына қамдануда. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жаңабай Бексарының төрағалығымен аймақта су тасқынына қарсы облыстық комиссия құрылған. Қазір облыстық, аудандық деңгейде құрылған комиссиялар жан-жақты жұмыстар жүргізуде, Су тасқынына қарсы жүргізілетін жұмыстардың ең бастысы — қар шығару. Бүгінгі күні 500 мың текше метр қар шығарылған. Аймақта су басу қаупі бар учаскелер де анықталды. Қазір олардың саны — 38 елді мекен. Онда 13 мыңға жуық адам тұрады. Елді мекендер су астында қалса, тұрғындарды уақытша орналастыратын орындар да қарастырылған. Облыс бойынша сыйымдылығы 14 мың адамға арналған 87 уақытша орналастыру орны әзірленді. Су тасқынына қарсы шаралар үшін облыста 18 тонна инертті материалдар, 34 мың құм толтырылған қап, 23 тонна жанар-жағармай дайын тұр. Қажетті медициналық дәрі-дәрмек пен азық-түліктер де дайын. Сондай-ақ, жергілікті төтеншеліктер 440 техниканы сақадай сайлап қойыпты. Жамбыл мен Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облысындағы төтеншеліктер де дайындық барысын баяндап, тасқынға тосқауыл бола алатындарына сендірді. Десе де, шенділерге сенеміз деп қызыл судың астында қалған жұрт сөзге иланудан қалған. Қызылағаш пен Көкпектідегі апаттың, Наурызбайдағы тасқынның алдын ала алмаған төтеншеліктердің енді қателесуге қақы жоқ.

Өткеннен сабақ алдық па?

Түрлi табиғи, техногендiк апаттарға сан қилы сылтау айтып, желеулердi қаптататын, сөйтiп қарақан бастарын ақтап, арашалап алуға әбден дағдыланған шенеунiктерді елдің сенімінен айырған ең ауыр апат – Қызылағаштағы тасқын. Қаралы бейсенбi – 2010 жылы наурыздың 11-мен 12-не қараған қараңғы түнде мұз құрсаған бөгеттi тосыннан бұзған Ақсудың суы шырт ұйқыда жатқан ауылдың астан-кестеңін шығарды. 45 адамның ажал құшып, қас пен көзің арасында жүздеген жанның үй-жайдан айырылып, бақытсыздыққа ұрынуына жол берілгенін жұрт кешіре алмады. Бiр күнде қалың ел қара жамылды. Кең-байтақ Қазақстанның хабар-ошар алу аса қиын қиян түкпiрi емес, қатынас күндiз-түнi үзiлмейтiн күре жолдың үстi, адамдар жиi қоныстанған әрi жете дамыған орталық өңiрде – Талдықорған қаласынан небары 55 шақырым қашықтықтағы тұтас ауылдың бiр сәтте қызыл судың астында қалуына қоғам бұрынғыша бейжай, енжар қарай алған жоқ. Өйткені бұған дейін елімізде дәл Қызылағаш апатымен теңдесер ауыр апат болып көрмеген. Шағын бөгеттiң бұзылуы қалайша үлкен қайғы-қасiрет әкелiп, сансыз адамды өлiмге душар еткенiн жұрт көпке дейін түсіне алмады. Қызылағаш су қоймасының жалпы ұзындығы 250 метр, енi – 12 метр, тереңдiгi 46,5 метр болатын және небары 42 млн текше метр су ғана жиналатын. Оның үстіне, ауылдың дәл iргесiнде дейтiндей емес, Қызылағаштан 10 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Яғни, төнген қауiптiң алдын алуға толық мүмкiндiк болды. Тергеу деректерінен төтенше жағдайды болдырмуға уақыттың да жеткiлiктi болғанына көзіміз жетті. Сондықтан шенділердің шарасыздығы мен салғырттығы, қылмысқа пара-пар әрекетсiздiгi көпшіліктің наразылығын тудырғаны заңдылық. Әйтсе де, тұтас ауылды топан судың астында қалдырып, 45 адамның өліміне себепші болған апатқа айыпты деп танылған су қоймасының иесі, оның орынбасары және ауыл әкімі бар-жоғы бес-ақ жылға сотталды. Қалғаны жауаптан құтылды. 2014 жылдың 31 наурызында болған Көкпектідегі апаттан соң төтеншеліктерге іші жылымайтындардың қатары бұрынғыдан бетер артты. Қарағанды облысы, Көкпекті ауылындағы су қоймасының бөгетін су шайып, бір түнде 300-ге тарта үй су астында қалған еді. Төтенше жағдай бес адамның өмірін қиып кетті. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментіне Көкпекті су қоймасының бөгетін су шаю қаупі туралы ақпарат күні бұрын келіп түскен. Олар төнген қауіптің алдын алу үшін Көкпекті ауылы мен Қарағанды қаласына жақын орналасқан Сұрыптау елді мекенінің өзен арнасына жақын тұратын 300-ге тарта тұрғынды эвокуациялау жұмыстары жүргізілгенін алға тартқан болатын. Алайда оқиға туралы ести сала, түн ортасында Көкпекті мен Сұрыптау кентіне жол тартқан тілшілер Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын көшелерінде дабыл апаттан кейін ғана қағылғанын хабарлады. 2015 жылдың көктеміндегі еліміздің бірнеше аймағын әбігерге салған су тасқынының зардабы да аз болған жоқ. Қызыл су бес облыстағы 7 қаланы, 26 аудандағы 88 елді мекенді басып қалды. 3067 үйді су шайып, олардың 198-і қиратылды. Автожолдардың 243 аумағы мен 20 көпірді су басып, төтенше жағдай аумағынан 18 мыңнан астам адам көшірілді. Апаттың жалпы шығыны 20 миллиард теңгені құрады. Бұл жолы да апаттың айыбы ақталуға тілі жоқ табиғатқа артылды. Көктем шыққанда жердің тоңы жібіп, дариялардағы су деңгейі артатынын біле тұра, ауыл-аймақты шайып кеткен қызыл судың себебін «ауа райының тосын мінезі» деп қашанғы айдарламақпыз? Алайда 2015 шілде айында Қарғалы өзенінің арнасынан тасуын табиғи апат деуге төтенше жағдайға жауаптылардың аузы бармады. Табиғаттың мұндағы бар «жазығы» – шілде айы болған соң шіліңгір түсіп, ыстық буды. Бұл оңтүстіктің жазы үшін қалыпты жағдай болғандықтан Төтенше жағдайлар комитеті әрдайым дайын болуы тиіс еді. Қызылағаш пен Көкпекті апатынан соң шенеуніктер еліміздегі барлық бөгендердің қауіпсіздігін тексеріп, болуы ықтимал тосын жайттардың алды алуы керек еді. Тағы да «білместікке» жол берді. Сол жылы шiлденiң 23-i күнi алакеуiмде Алматы қаласының Наурызбай ауданын сел шайып кеттi. Селден қаланың үш ауданындағы 450-ден астам үй зардап шегiп, оның он шақтысы жарамсыз болып қалды. 44 көшенi су басып, 32 көлiктi ағызып әкетті. Қатты дүрліккен мегаполис жұртшылығының біразы үйлерін тастап, тауға қарай қашқан еді. Кезінде апат атаулыға айыпталатын Владимир Божко басшылықтан кеткен соң төтеншеліктерге деген көзқарас түзелді дей алмаймыз. Көктем келсе, бойларын үрейлей билейтін жұрт қауіпсіздікке кепіл болуы тиіс органдардың жұмысына әлі де сенімсіздікпен қарайды. Селкеу түскен сенімді қалыпқа келтіру үшін олар биылғы көктемнің сынағынан сүрінбей өтуі тиіс. Қаупі көп мезгілді апатсыз, мал-жан шығынысыз өткерсек игі.

Серіктес жаңалықтары