Мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қаралды

Заң жобасын әзірлеуге бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы заңның нақты нәтиже бермеуі негіз болған.

Мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қаралды
751

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин аталған заң жобасы 2023 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесінде берілген тапсырмасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты.

Жиында заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттардың бірі Самат Мұсабаев баяндама жасады. Депутаттың пікірінше, заң жобасын әзірлеуге бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы заңның нақты нәтиже бермеуі негіз болған.

Қоғамда көптеген қордаланған резонансты жағдай орын алып отыр. Атап айтсам, бұралқы иттер және қараусыз қалған жануарлардың адамдарға, оның ішінде балаларға агрессия көрсетіп, денсаулықтарына нұқсан келтірген. Сайлаушылардың депутаттармен кездесулерінде қолданыстағы заңды қайта қарау жөніндегі талаптары да бар. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желілерде қоғамның бұралқы және қараусыз қалған иттердің мәселесін жиі көтеруі себеп болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жануарларға қамқорлық жасауымыз керек, бірақ олардың адамдарға, әсіресе, балаларға қатысты агрессиясына жол бермеу керекпіз, – деді С.Мұсабаев.

Осыған байланысты, депутаттар тарапынан заң жобасына біршама ұсыныс енгізілген. Біріншіден, жануарларды есепке алудың бірыңғай электрондық базасын орталықтандыру. Екіншіден, жануарды уақытша ұстау орнына орналастырғанға дейін жануардың иесіне одан бас тартуға тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ жануардың иесіне оны далаға тастамай, уақытша ұстау орнына өткізуді міндеттеу. Үшіншіден, жануарлар агрессия танытып, шабуылдаған жағдайларда жергілікті атқарушы органдардың осындай оқиғаларға шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру міндетін белгілеу. Төртіншіден, ауруға шалдыққан, агрессия көрсететін, зооқорғау ұйымдары мен өзге де тұлғалар тарапынан орнастырылмаған және талап етілмеген жануарлардың санын реттеу үшін, егер олар бұралқы иттер болса 15 күн ішінде, ал егер олар қараусыз қалған жануарлар болса 60 күн ішінде эвтаназия қолдану секілді нормалар қарастырылған.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары  мен қоғам өкілдері қызу пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетұлы, «Animal Law ПЮК «KazBar» комитетінің басшысы Ольга Ченцова,  Ұлытау облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы Бодықов Еркебұлан, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Амангелдіұлы Махамбет және тағы басқалар бұралқы иттер мәселесіне қатысты ойларын айтты.

Депутаттар мен қоғам өкілдері тарапынан берілген ұсыныстардың барлығы ескеріліп, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ерболат Сатыбалдин жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланатын  болады.

Айта кету керек, әлемнің 40-тан астам еліндегі бұралқы иттердің санын реттеудің халықаралық заңнамасына талдау жүргізілді. Нәтижесінде Еуропаның көптеген елдері, соның ішінде Скандинавия елдері, Канада, АҚШ, Жаңа Зеландия және Аустралия қайтымсыз аулау жүйесін ұстанатыны анықталды. Осы стратегияға сәйкес, егер шартты мерзім ішінде ит иесі табылмаса, онда ол эвтанизацияланады. Еуропаның кейбір елдерінде, Германияда, Аустрияда, Испанияда, Италияда және Чехияда заңға сәйкес бұралқы иттерді өмір бойы баспаналарда ұстайды.

Серіктес жаңалықтары