353
Жас мамандар жұмыссыз қалмайды
Жас мамандар жұмыссыз қалмайды
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының «Кеңес орталығы» жастарға бағдар беріп, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жұмыс табуға көмектесіп келеді. Соның бір дәлелі – Қызылорда қаласының «Талғат» базарында тұрғындар үшін ұйымдастырылған бірыңғай қабылдау күні.
Қабылдау барысында Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы және «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары төңірегінде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев және қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Әйгерім Нұрпейісова қала тұрғындарына кеңестер берді. Тұрғындар көкейіндегі сұрақтарына мардымды жауаптар алды.
Қабылдау барысында «Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда қалалық бөлімшесінің басшысы Талғат Тілес қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы және «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары ел болашағы үшін жасалып жатқан бағдарламалар екенін айтты. «Бұл жобалар жастардың болашағына үлкен көмегін тигізіп, жұмыссыздықпен күресте нақты бағдарлама болары сөзсіз. Осы бағдарламаларды пайдаланып, жастар жеке кәсіпкерлікті дамытып, адами капиталдың дамуына үлес қосуына болады. Бұл – Қазақстан үшін зор табыс», – деді.
Петропавл қаласындағы нұротандықтар да «Кеңес орталығында» азаматтарды қабылдады. Тұрғындарға қалалық мәслихаттың депутаты Кеңес Мұқышев және «Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамының мамандары кеңес берді.
Қабылдауға келгендердің бірі – Мағжан Иманжанов. Ол жуырда ғана әскери борышын өтеп келген. Жұмыссыз жүргенді жөн көрмеген жас жігіт «Кеңес орталығының» көмегіне жүгінді. Мамандар оны жұмысқа орналастыруға уәде берді.
– Жұмыссыздық – ең өзекті мәселе. Біз жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, Мағжанға міндетті түрде жұмыс тауып береміз немесе оны қайта даярлау курстарына оқуға жолдамамен жібереміз, – деді Кеңес Мұқышев.
Ұйымдастырушылар бұл шараның өте өзектілігін жақсы біледі. Сондықтан азаматтардың жергілікті атқарушы органдарға тікелей жүгіне алатындығын дұрыс деп санайды.
– Қабылдауға келген азаматтарға жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы да түсіндірілді. Президенттің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі де қамтылды, – дейді «Жас Отан» Жастар қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұса Танақұлов.
«Кеңес орталығында» мамандар 17 адамды қабылдады. Қойылған сұрақтар үй алу, балабақшаға кезекке тұру және жұмыспен қамту мәселесі төңірегінде болды. Келушілер өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауаптар алды.