14 жыл бұрын қайтыс болған бала әлі күнге тірілер тізімінде жүр

Сәби 7 айлығына дейін ауруханада ем алып, шетінеп кеткен.

14 жыл бұрын қайтыс болған бала әлі күнге тірілер тізімінде жүр
naukademy.ru
724

Он төрт жыл бұрын қайтыс болған бала әлі күнге тірілер тізімінде жүр. Редакцияға хабарласқан Жамбыл облысының тұрғыны ұлының бақилық болғанын дәлелдей алмай келеді. Жеті айлығында шетінеген сәбидің жөргекпұлын бөгде біреулер алып отырған, деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Саяхат Сұлтанова тұңғышын 2009 жылы босанған. Бірақ сәби «туа бітті гидроцефалия» диагнозымен, яғни басында сары су жиналған күйі өмірге келген. Бірақ 7 айлығына дейін ауруханада ем алып, шетінеп кеткен. Ал арада 14 жыл өткен соң бақилық болған сәбиге Оқу-ағарту министрлігі сұрау салған. Қайғысы қайта үдеген ана сол кезде ұлының тірілер тізімінде тұрғанын білген.

«Баланы мектепке барғанда неге іздемейді? Енді іздеп жатыр. Осы күнге дейін тірінің қатарында екенін білген жоқпын. Ауылдың дәргерлері шетінеп кеткенше дәрі-дәрмегін беріп келді», – деді облыс тұрғыны Саяхат Сұлтанова.

Жеті ай бойы баласының аурумен әуре болған ана құжатты реттеу керек екенін білмеген, аудандық аурухана да «қайтыс болды» деген анықтама бермеген. Арада 12 жыл өткенде аурухана мен АХАЖ бөлімінің табалдырығын тоздырған ана жарты жылдан бері нәтиженің болмай жатқанын айтып наразы. Аталған мекемелер алты айдан бері «Балаңыз туралы ешқандай құжат сақталмаған» деуден әрі аспапты.

«Құжатын жөндемесек, келесі жылы тіпті қиын болады. Әскерге шақырады, жеке куәлік алады, сол кезде де іздейді», – деді облыс тұрғыны Саяхат Сұлтанова.

Мамандардың айтуынша, мәселені сот шешеді. Ол үшін қайтадан туу туралы куәлік алуы қажет. Содан кейін қайта сотқа жүгінеді. Бұл жұмыстарға азаматтарға арналған үкімет мекемесінің мамандары жәрдемдеседі.

«Жуалы ауданды бойынша АХАЖ бөліміне барып өтініш береді. Өтінішті АХАЖ бөлімі қабылдамайды, бас тартады. Ол заңда қарастырылған. Бас тартқан құжатпен сотқа жүгінеді. Бір айдың ішінде шешім шығарып берсе, күшіне енген күннен 3 күн ішінде базаға енгізіледі», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Мұхтар Әлімбетов.

Мамандар «құжатты дер кезінде өткізбеудің салдары осындай болады» дейді. Ал о дүниелік болған баланың жөргекпұлын кім алып отырғанын жауаптылар қызметтік тексеріс ашып, анықтамақ.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары