Артында 3 баласы қалды: Түркістан облысында құдыққа құлаған әйелге қатысты тың дерек айтылды

Жақындары Рима Черныхты біреу өлтіруі мүмкін деп топшылайды.

Артында 3 баласы қалды: Түркістан облысында құдыққа құлаған әйелге қатысты тың дерек айтылды
otyrar.kz
1089

Осыдан 20 шақты күн бұрын 29 жастағы келіншек құдыққа құлап, көз жұмды деген ақпарат тараған еді. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде бұл жайтқа қатысты әлі күнге тергеу жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтып наразылығын білдірді, деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Олар Рима Черныхты біреу өлтіруі мүмкін деп топшылайды.

18 наурызда Майтөбе ауылы маңындағы құдық құбырынан 29 жастағы әйелдің денесі шығарылған еді. 40 метрден аса тереңдіктен арнайы құралдарымен тартып шығарылған келіншекті туыстары өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп топшылайды. Себебі қайтыс болған әйелдің басында ісік пен денесінің көгерген жерлері болыпты. Сонымен қатар, бір уыс шашы марқұмның қолыннан табылған. Ал күйеуі олар тіпті бірге шетелге саяхат жасауды да жоспарлағанын айтады.

«Мен жұмыста едім. Сол күні түнде сөйлескенде бәрі жақсы болған. Ташкентке қалай баратынымызды. Қайда қыдыратынымызды талқылағанбыз. Ал ертесіне таныстарымыз маған әйелің құдыққа түсіп, қайтыс болды деп хабарласты. Онда да өзіне қол жұмсаған дейді. Ол мүмкін емес. Құдықтың ішіне түскен қыз бір қолының жоғары, екінші қолының төмен тұрғанын айтты. Егер өзі құласа екі қолы да жоғарыда болмай ма? Құлап бара жатқан кезде жанталасып айналасын ұстау керек қой. Тырнағының арасында ондай белгілер болмаған. Үстінде күртесі болғанмен аяғында аяқ киімі жоқ. Ал ішіндегі киімі жыртылып кеткен. Біз оны құдық ішіне әдейі біреу лақтырып жіберген деп ойлаймыз. Себебі әйелім ол жерді білмейді. Өмірінде ол жерге барып көрмеген», – дейді марқұмның күйеуі Михаил Черных.

Марқұм Рима Черных өз ауылынан 5 шақырым ары қашықта орналасқан ауыл маңындағы құбырдан табылған. Қара жамылған отбасы оны біреу қасақана өлтіруі мүмкін деп санайды. Сөздерінше денесін алып шығу үшін түскен қыздың өзі онда әрең кірген. Ал 29 жастағы келіншектің сырт киіммен онда бірден түсіп кетуі қызық жайт дейді енесі.

«Мен істің мән жайын білуге полицияға барғанда бір-біріне суицид бойынша туыстары келді деді. Алайда қазірге дейін ешкімнен сұрақ-жауап алмады, экспертиза жүргізіп жатыр ма айтпады. Ал куәгерді 1 күннен соң шығарып жіберген. Сол кісі келінімді сонда апарған. Жағдайды ести сала құдыққа барған кезде, әлгі бала сонда жүрді. Мас. Менің келінім өліп жатса, сонда ертіп апарған адам мәз болып тұрды. Мұнда күман бар. Ол жігіт келінімді өлгім келеді деп секіріп кетті деп айтты бәріне. Бірақ кішкентай ғана құбырға қалай сыйды. Қалай секіреді онда? Бірден секіріп кетуі мүмкін емес. Секірсе де, неге қасындағы жігіт ұстап қалуға тырыспады. Бірінші барған анасы ішінен құтқарыңдар деген сөзді естіпті», – дейді марқұмның енесі Светлана Черных.

Аталған жайтқа қатысты марқұмның жақындары әлеуметтік желіде әлі күнге тергеу жүргізілмегенін айтып, көмек сұраған. Ал полицейлер істі «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркегенін айтады. Ал қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта полиция «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу жүргізуде. Нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Рима Черныхтың артында 3 баласы қалды. Оның үлкені 9-да болса, кішісі небәрі 4 жаста.

 

Серіктес жаңалықтары