Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды
Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі.
Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде мыңнан астам үйді су алған. Автожолдар-дың 105 учаскесіне су жайылған. 78 жолдың бүлінген жерлерін және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елдімекенге көлік қатынасы жоқ. Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады.
Ахуалды көзімен көріп, халықпен жүздесу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.
БҚО-да 6 ауылды су алған
Сапар кезінде Президент өңірдің қарғын су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қазіргі ахуалды көрді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1 911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 6 505 тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті.
Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.
– Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.
Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екеніне тоқталды.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Қарағанды, Пугачев, Қаратөбеде Қоржын, Шалғын, Теректіде Аңқаты, Подстепный және Сырымда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті, Қособа ауылдарын су басуына байланысты малға да шығын келген.
«Төтенше жағдайда бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет»
Президент БҚО-да төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
– Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылуда. Менің тапсырмам бойынша облыс әкімдері жұмысқа белсенді кірісті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін айтып, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.
– Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы болжамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты.
– Бұл – табиғи құбылыс екенін бәріміз түсінеміз. Қардың еруі және тоңның қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөлшері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті. Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл – болжам, сараптама жасау сипатындағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжам деректерін мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдайдың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының кері әсерін алдын ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта су тасқынының алдын алу шараларына айрықша мән беруді тапсырды.
– Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек.
Ақтөбеде қауіп сейілген жоқ
Ақтөбе облысы бойынша 790-нан астам үйге су кірген. Оның көбі Ойыл мен Қобда аудандары болғанымен, Ақтөбе қаласында да жер үйлерге, оның ішінде бау-бақша ұжымдарындағы үйлерге зақым келді. Қазір Алматы және Астана аудандарының әкімдіктері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері өтінішті тіркеп жүр.
Суда қалған мүлікті бағалау үшін комиссия алдын ала өтініш қабылдап жатыр. Қазір Ақтөбе қаласындағы «Эко», «Зооветснаб», «Көктем», «Гауһар», «Оазис», «Горпрокуратура», «Кірпішті» бау-бақша ұжымдарынан 225 өтініш қабылданды. Бұл саяжай аумағындағы үйлер су тасқыны кезінде зақымданған. Қазір тұрғындар үйдегі су дүниелерін далаға шығарып тастады. Алдын ала тіркеу комиссиясының жұмысынан соң бағалаушылар жіберіледі.
Аймақта қауіп әлі сейілген жоқ. Облыстық ТЖД әуеден бақылау кезінде Қарғалы өзені бассейнінде қар әлі де бар екенін анықтаған. Сонымен қатар Елек өзені бойынша арналары мен ойпаттарда қар еріп, су жүріп жатқаны белгілі болған.
– Елек пен Қарғалы өзендері жағасында орналасқан үйлерге әлі қауіп бар. Ал облыстағы аудандарда жағдай тұрақты. Су сору, құм толы қап төсеу, жағаны бекіту жұмысы жалғасады. Қорғаныс министрлігінің тікұшақтарымен гуманитарлық көмек те көрсетіп жатыр. Өңірде 760-тан астам үйге су кірген. Сонымен бірге 13 әлеуметтік нысан бүлінді. Оның төртеуі қалада, өзгесі Қобда ауданында. Бау-бақша ұжымдарында су кірген үйлер саны болса 200-ге жуықтап қалды. Эвакуацияланған адамдар саны 9 мыңға жуықтады, – деді Ақтөбе облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Әлішер Сарбаев.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданында қазір мүлде жол жоқ. Аудан ауылдарымен қоса су қоршауында қалып қойған. Сондықтан мұнда көмек тек қайықпен немесе тікұшақпен жеткізіліп жатыр.
– Қазір Ақтөбе облысы территориясының 19 пайызында қар жатыр. Нақтырақ айтқанда, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би аудандарында. Өңірдің көп бөлігінде қар еріп кеткен соң, тасқын кезеңінің шарықтау шегі артта қалды десек те болады. Дегенмен әлі де қарғын су келіп жатыр, – деді Ақтөбе облыстық ТЖД бөлімінің бастығы Тарас Коваленко.
Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы қазір мал шығынын тіркеп жатыр. Әзірге 3 мың басқа жуық мал тізімге алынды.
– Күн сайын аудандардан жедел мәлімет жинақтап отырмыз. Бүгінде 3 мыңға жуық малдың өлгені анықталды. Олар суға ағып кеткен, кейбірі суда қалған. Тарқатып айтар болсақ, 300-ге жуық жылқы, 600 басқа жуық ірі қара, 2 мыңнан астам ұсақ мал, 7 түйе бар. Көбіне Ойыл және Қобда аудандарында тіркелді. Дегенмен Байғанин, Ырғыз аудандарында да бар. Бұл цифр алдағы күндері нақтыланады. Сонымен бірге малшылардың үйі, қорасының құлау деректері де жинастырылып жатыр, – деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.
Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды
4 сәуірде Атырау облысы Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілген. Осы аудандағы Қарағай ауылына су кіріп, 156 тұрғын эвакуацияланған.
Аудан орталығы – Құлсары қаласынан Мақат ауданы арқылы Атырауға қатынайтын жолдың бір бөлігін су басты. Сол себептен, Құлсары қаласы мен Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жол бөлігі жабылып, көлік қатынасы толық тоқтаған.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласы мен жақын маңдағы елдімекендерді тасқын судан қорғау жұмысымен танысты. Содан кейін жедел штабтың жиынын өткізді.
– Ауданда бөгет салу жұмысына техника санын көбейтіп, әр уческеде кезекшілік ұйымдастыру керек. Елдімекендерді тасқын судан қорғайтын бөгет салу жұмыстарын күшейткен жөн. Су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылғандарды жанар-жағармаймен, қажетті құрал-жабдықпен және тамақпен қамту қажет, – деп тапсырма берді Серік Шәпкенов.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсарыдан Доссорға дейінгі жол аралығында көлік қозғалысы тоқтатылған. Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды. Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты.
– Атырау облысының аумағындағы республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 103 шақырымы маңын су басты. Бұл – Құлсары қаласынан 20 шақырымдағы тұс. Сол себептен, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жолда көлік қозғалысы толықтай тоқтатылды. Жол қалыпқа келгенге дейін бұл бағытта жолға шықпау қажет, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Атырау полицейлері Қарағай ауылындағы үйлерді тәулік бойы бақылауға алды.
Атырау облысы әкімдігі мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басшылығының арасындағы келісім бойынша аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесу үшін 150-ден астам әскери қызметші бөлінген. Өңірлік қолбасшылығы басшылығына қарасты №41433 әскери бөлімінен 50 офицер мен сарбазы Құлсары қаласында су тасқынынан қорғау жұмыстарына кірісті.
Павлодар облысында 7 елдімекен бақылауға алынды
Павлодар облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шараға 417 адам, 143 техника, 36 мотопомпа мен 4 жүзу құралы жұмылдырылған. 7 елдімекен мен автожолдардағы 5 учаске бақылауда тұр.
Қардың еруі мен нөсер жаңбырдың салдарынан аймақта 8 тұрғын үй су астында қалды.
– Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл аудандарында орналасқан 7 елдімекен бақылауға алынып, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бес автожол учаскесіне бақылау жүргізілуде. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен жағдай тұрақтандырылды. Су жинауға арналған шұңқырлар қазылып, траншеялар салынды, ауыл көшелерінен еріген су сорылып алынды. Қазір ауылдағы су деңгейіне бақылау жалғасып жатыр, – деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті.
Сонымен қатар Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылын топан судан қорғау үшін республикалық жол бұзылған. Қазір аталған елдімекендегі үйлер мен аулаларды су басудан аман алып қалу үшін тасқынға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмыстарға 55 адам, 10 техника, 6 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Департамент өкілдерінің айтуынша, ауыл тұрғындары сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына 9 адамды эвакуациялады. Олардың 7-еуі – бала және 1 мүгедек пен 1 жүкті әйел бар.
Солтүстік Қазақстанда су деңгейі әлі жоғары
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгін Красная поляна және Черниговка елдімекендерінде үйлеріне қарғын су кірген тұрғындар мен олардың малы қауіпсіз жерге жеткізілді. Доброжановка ауылында су әзірге үйге кірген жоқ, эвакуациялау мәселесі шешіліп жатыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, Тайынша ауданында әзірге 8 адам эвакуацияланды. 187 тұрғын үйі бар Красная поляна елдімекеніне де қарғын су келген. 6 үйге су кірді. Екі баспана иесі үйінде болмаған. 4 адам эвакуациядан бас тартса, төртеуін құтқарушылар туыстарына апарды. Су басқан аумақтан 30 шақты мал шығарылды.
Черниговка елдімекенінде үйлеріне су кірген 4 адам және 14 үй жануары құтқарылды. Осы күні 25 тұрғын үйі бар Доброжановка елдімекеніне де еріген қар суы кірді. Қарғын су бес үйдің ауласын басты. Қазіргі тұрғындарды эвакуациялық пунктке және малды жергілікті шаруашылық аумағына көшіру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ суды бұру жұмыстары қолға алынған. Оқиға орнына СҚО ТЖД бастығы барды.
Есіл және басқа да шағын өзендердің су деңгейі көтеріліп жатыр. Сергеев су қоймасы 94 пайызға толған. «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылы жанынан өтетін Есіл өзенінің дейгейі өткен тәулікте тағы 105 см-ге көтерілген. Осылайша, тереңдігі 710 см-ге жетті. Мұндағы қауіпті деңгей – 1 800 см. Крещенка елдімекенінің маңында да Есіл өзенінің суы молайып жатыр, бір тәулікте көрсеткіш 52 см көтерілген. Иманбұрлық өзенінің де суы толып келеді. Бір тәулікте Соколовка елдімекенінің маңында оның деңгейі 71 см-ге көтерілген. Рузаевка елдімекеніндегі гидрологиялық бекет Шарық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 45 см-ге артқанын көрсетті. Шал ақын ауданында орналасқан Сергеев су қоймасында су деңгейі 34 см-ге көтерілді. Осылайша, бөген бүгінде 94 пайыз толған. Петропавл маңында Есіл өзенінің су деңгейі 4 см-ге көтерілді.
Петропавлда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің қолы қойылған қаулы жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің сайтында жарияланды.
Абай облысында жағдай тұрақталып келеді
Абай облысын да еріген қар суы әбігерге салды. Ақсуат ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Аягөз және Ақсуат аудандарында қауіпсіздік мақсатында тұрғындар арнайы дайындалған эвакуациялық пункттерге көшірілген еді. Қазір олар үйлеріне қайтып жатыр.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының арасындағы реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан республикалық маңызы бар жолды су шайып кетті.
Абай облысының Ақсуат ауданына тікұшақпен азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл жайында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесу өтті.
Еріген қар суы Көкпекті ауданындағы елдімекендерге қауіп төндірді. Қызыл судың үйлерге кіруінің алдын алу үшін 4 050 дана ыдыс-қап, 6 300 тонна инертті материал төселіп, 3 782 текше метр су шығарылды. Көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстарына жалпы саны 161 адам, 28 техника, 16 мотопомпа және 4 жүзу құралы жұмылдырылған.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жағдайды бақылау мақсатында Көкпекті ауданына барды. Көкжайық, Ақой, Үлкенбөкен, Приображенка, Теректі, Шұғылбай және Тассай ауылдарының аумағына тікұшақпен барлау жүргізілді
– Жергілікті атқарушы орган және «Қазселденқорғау» қызметкерлері инертті материалды тасымалдау, қорғаныс бөгетін ұлғайту, суды бұру арналарын кеңейту жұмыстарымен айналысып жатыр. Су деңгейі мен бөгетті тәулік бойы бақылау үшін 4 гидропост ұйымдастырылды. Сонымен қатар Көкжайық ауылынан келген қызыл су Шұғылбай ауылын басу қаупіне байланысты суды Талменка өзеніне бағыттау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ТЖД, жергілікті атқарушы орган күштерімен суды бұру үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Көмек көрсетіліп жатыр
Қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына қаражат аударып жатыр. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Қазақстан халқына» қоры Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың табиғи апаттан зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау ретінде, ауылдық жерлерде жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге 200 тұрғын үй салуды қаржыландырады.
– Елдегі жағдайға бейжай қарамайтын қазақстандықтар мен ұйымдар су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету мақсатында қорға жүгініп жатыр. Азаматтар мен кәсіпорындардың бастамасын назарға ала отырып, қор ұйымның шоттарына түскен қаражатты жинауға және оның ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге дайын, – делінген хабарламада.
– 3 сәуірдегі жағдай бойынша қордың шотына компаниялар мен жеке тұлғалардан 630 миллион теңгеден астам сомаға қайырымдылық жарна түсті, – деп мәлімдеді қор.
«ҚазМұнайГаздың» Батыс Қазақстан облысындағы еншілес ұйымдары мен қатысу үлесі бар компаниялар жергілікті әкімдіктерге көктемгі су тасқыны салдарын жою және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде көмек қолын созды. «ҚазМұнайГаздың» және оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері де зардап шеккен отбасыларға көмектесу үшін қаржылай көмек жинады.
Одан бөлек, түрлі ұйымдар, екінші деңгейлі банктер де қаржылай, материалдық көмек жіберді. Халық қордан бөлек өз алдына жеке қор ашып, көмек қолын созып жатыр.