Абзал Сапарбекұлы: Алыстағы ағайын Қазақстанға ғана керек
«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам президенті
Жаһандық миграция мәселелері әртүрлі деңгейдегі заңдық реттеулерге қарамастан, қазіргі уақытқа дейін халықаралық жиындардың күн тәртібіндегі өзекті трендтердің көшбасында келеді. БҰҰ-ның миграциялық трендтерге қатысты баяндамасына сәйкес, қазіргі уақытта 300 миллионға жуық адам өзінің тарихи отанынан жырақта өмір кешуде. Халықаралық саяси-экономикалық құбылыстар миграциялық-диаспоралық трендтердің одан әрі үдей түсуіне ықпал етіп отыр. Бұл өз кезегінде әлем елдеріндегі диаспоралардың пайда болуына және мемлекеттердің шетелдердегі отандастарына қатысты саясатын қайтадан қарап, жаңадан жасақтауға итермелейтіні заңдылық.
Бүгінгі таңда ресми деректерге сәйкес әлем елдерінде 3,5 миллион этникалық қазақ бар. Алайда түрлі зерттеулер мен сарапшылардың пайымдауынша, шетелдердегі қазақтардың саны 7 миллионға жуықтауы мүмкін. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінде, өздерінің тарихи-этникалық кеңістігінде ғұмыр кешіп жатқан индигенді, яғни сол елдің байырғы этностық бөлігі ретінде саналады.
Сондай-ақ қазақ даласындағы тар жол, тайғақ кешу, қилы кезеңдер қаракөздердің елім-айлап жерін тастап, шекара асуға мәжбүр еткен жайттарды да білеміз. Түрлі қиындықтар кезінде жер ауған қазақтар әрісі Алтайдан Тайванға, берісі Иран, Ауғанстан мен Қытайға орнығып, бір бөлігі Тибетке, одан Пәкістан мен Үндістанға көшіп, соңында Түркия жеріне барып тыныштық тапты. Олардан тараған келесі буын Еуропа мен Америка құрлықтарына да тарады. Осылайша, тарихи факторлар шетелдегі қазақ диаспорасының қалыптасуына ықпал етті.
Ендігі кезекте олардың қазақылықтан ажырамай, өздері азамат болып саналатын елдері мен атажұрты Қазақстан арасында алтын көпір ретінде сақталуы бәріміз үшін аса зор міндет. Шеттегі қазақтардың ана тілінен, дәстүрінен айырылып, тарихи отанынан күннен-күнге алыстай түссе, олардың Қазақстанға келу әлеуеті жылдан-жылға төмендей беретіні де заңдылық.
Осы тұста, «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген халық даналығы атажұртқа, яғни Қазақстанға, үлкен моральдық жауапкершілік жүктейді. Шетелдегі қазақтардың атамекенге деген аңсарын арттыру үшін, оларды жоқтаушы тұтас мемлекет бар екенін сезіндіру үшін, олардың этникалық тұрғыда өзіндік мәдени ареалы бар екенін көрсету үшін оларға қатысты мемлекеттік мәдени-рухани көмекті аямай көрсетуіміз керек екені сөзсіз.
Ілкіде аталған мақсат-міндеттерді межесіне жеткізу һәм шетелдегі отандастарды жан-жақты қолдау, халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз орындау мақсатында ҚР СІМ-ге қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (сөз орамына оңтайлы болуы үшін әрі қарай – «Қоғам» деп қысқаша қайырамыз), жүйелі жұмыс атқарып келеді.
«Отандастар қоры» Қоғамының алдына шетелдегі отандастарды тарихи отаны төңірегінде біріктіру, Қазақстанның өркендеу жолында жұмылдыру мақсаты да қойылған. Сол себепті де Қоғам қызметінің басым бөлігі шетелдегі репатриациялық әлеуетті сақтауға, шеттегі отандастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Қоғам мемлекеттік саяси курсты басшылыққа ала отырып, былтыр шетелдегі этникалық қазақтардың ана тілі мен ұлттық бірегейлігін сақтап, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін оларға мәдени-рухани қолдау сипатындағы шараларды іске асырып, әлемнің әр түпкіріндегі 200-ге жуық қазақ мәдени орталықтарымен байланысты нығайту жұмысын сәтті жалғастырды.
Мәдениет, ана тілін үйрету, салт-дәстүрді жаңғырту, атажұртпен жақындастыруға арналған сүбелі жобалар сәтті жүзеге асырылды. Оның үстіне, Ел басшылығының жаңа міндеттеріне сәйкес, Қоғамның таргеттік жұмыс аудиториясы кеңеюде: этникалық қазақтармен қатар, бұрынғы отандастар және шетелдегі қазақстандықтар да диаспоралық саясаттың негізгі нысанына айналып отыр.
Осы орайда, аталған үш аудиторияны қамтыған, шетелде өз саласында кәсіби жетістікке жеткен, аса белсенді отандастарымыздың басын қосқан 2023 жылғы мегажоба – Астана қаласында өткен Отандастар форумы. Әлемнің 40-қа жуық елінен келген қарымды қандастарды қасиетті қарашаңырақта қауыштырған құрылтай қазақ мәдени ұйымдарының басшылары, бұрынғы отандастар, экспаттар, жастар – барлығы 200-ден астам делегаттар бас қосқан Арқадағы алқалы жиын қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, көкейтесті мәселелері мен түйткілді тұстарын сөз етіп, шетелдегі қазақтардың жай-жапсары мен келелі келешегі талқыланған, емен-жарқын жүздесу болды.
Форум аста-төк той мен көпірме сөздің емес, орамды ойлар мен ұтқыр идеялар оздырылған, шетелдегі отандастардың интеллектуалдық күш-қуаты, шетелдегі қазақ тілі мен қазақ ақпарат құралдарының жағдайы, креативті экономикадағы қазақтар, шетелдегі отандастардың бизнес әлеуеті, қандастардың ел дамуындағы үлесі қазақстандық экономиканың драйвері сынды 7 түрлі сессиялық отырыста татымды тақырыптар талқыға түскен ашық алаң қызметін атқара білді. Атамекенге арнайы ат терлетіп алыстан келген ақжарма ағайынның туған жерге табаны тиіп, отаншыл сезімі үдей түсіп, ұлттық рухы асқақтағанын бұқаралық ақпарат көздеріне берген жүрекжарды сұхбаттарынан көруге болады.
«Отандастар» деген салмақты сөздің артында «біртұтастық» деген ғаламат ғақлия, тура түсінік бар. Әлемге тарыдай шашылған этникалық қазақтар, бұрын қазақстандық болған, қазіргі уақытта тарихи отанына қоныс аударған бұрынғы отандастар және әртүрлі себептермен шетелде еңбек етіп жатқан қазақстандықтар – бір қолдың бес саусағындай жұп-жұмыр бір қауым, отандас, мекендес, елімізге тілеулес жандар.
Кіші құрылтай – шеттегі қазақтың бас қосар алаңы
Шетелдегі қазақтардың бірлігін көрсететін айрықша институт – кіші құрылтай. Мысалы, соңғы рет Ресейде осыдан жиырма жыл бұрын 1998 жылы, ал Моңғолияда 2010 жылы өткен қазақтардың кездесулері 2023 жылы «Отандастар қоры» Қоғамының бастамасымен қайта жанданды десек, артық айтылған сөз емес. Осы орайда, өткен жылдың 9-11 мамыр аралығында Ресейдің Мәскеу қаласында Ресей қазақтарының, 4-8 шілде аралығында Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында моңғол қазақтарының құрылтайлары ұйымдастырылып, екіжақты мәдени дипломатиялық ынтымақтастық дами түсті.
Ал жыл сайын өткізілетін Еуропа қазақтарының құрылтайларын қарабайыр басқосу емес ұлттық мазмұн мен іскерлік сарынға толы жаңаша бағытта басқосу форматында өткізу мүмкін болды. 2023 жылдың 26-28 мамыр аралығында Германияның Кельн қаласында өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайымен қатар, еуропалық университеттерде білім алып жатқан 50-ге жуық қазақ диаспорасы жастарының кездесуі де ұйымдастырылды.
Еуропаның 15 елінен 30-ға жуық қазақ ұйымының жетекшілері мен белсенділері қатысқан құрылтайға алғаш рет бұрынғы отандастар мен сол жақта еңбек мигранты ретінде ғұмыр кешіп жатқан жаңа қазақстандық диаспора өкілдері шақырылды. Бұл – қазақ халқының ел ішінде де, сыртында да адамсүйгіш бауырмалдығы мен татулықты ту еткен бірлігінің нақ көрінісі.
Қазақтың әсем әні мен күйіне шөліркеген шеттегі қазақтарға арнап, қазақстандық мәдениет ошақтарымен бірге ұлт-аспаптар оркестрі мен заманалы өнер жұлдыздарының қатысуымен Германия, Ресей, Моңғолия және Өзбекстан елдерінде ұзын саны 8 концерттік бағдарлама мен ұлттық өнер кештері ұйымдастырылды.
Рухани тұрғыда шетелдегі қазақтар «қазақ» ретінде Қазақстанға ғана керек. Олардың қазақылығының жоғалып бара жатқаны ащы ақиқат. Олар біздің қолдауымызға мұқтаж. Атажұртына арқа сүйеп, көмек күтеді. Олардың біраз бөлігі тұрғылықты елінен көшпей, бірақ тарихи атамекенінен қол үзбей өмір сүргісі келеді. Елде жүрген қазақтар күнде көре алатын концертті олар жылдап күтеді. Алыстағы Англия мен Алманияда емес, Қазақстанмен іргелес РФ Алтай Республикасының Қосағаш ауданында соңғы 30 жылда ешқандай қазақстандық өнерпаздардың кешенді концерті берілмепті. Былтыр «Отандастар қоры» Қоғамының ұйымдастыруымен Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі сол жақта концерт қойып, халықтың ұлттық рухын көтерді.
Сондықтан шетелде концерттер мен кездесулер, құрылтайлар ұйымдастыру және тағы басқа мәдени-гуманитарлық іс-шараларды іске асыру мәселесіне байыппен, стратегиялық көзқараспен қарай алсақ, ХХІ ғасырда жаңа күшке ие мәдени ықпалдың, рухани көмектің маңыздылығына тереңірек бойлар едік. Себебі бұл – сайып келгенде неолибералдық саяси ағымның көрнекті өкілі, белгілі саясаттанушы, Гарвард университетінің профессоры Д.Найдың «жұмсақ күш» концептісін ұлттық мүдде тұрғысынан қолдануда, әсіресе, қазіргі уақытта әлемдік «жұмсақ күш» деңгейі рейтингінде 80-орында тұрған Қазақстанның мәдени ықпалын арттыруға сеп болатын қозғаушы күш.
2023 жылы қияндағы қара көздер қазақы қалпынан ажырамай, тарихи тірегіне, ұлттық тамырына етене өссін деген ниетпен 6 елде (Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, АҚШ) 18 «Ұлттық өнер» үйірмелері (8 домбыра, 1 ән айту, 3 ұлттық би, 1 қазақша күрес, 4 тоғызқұмалақ, 1 қолөнер) тұңғыш рет жүзеге асырылды. Жалпы, аталған курстарға 200-ге жуық оқушы қатысты.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе шетелдегі қазақ қаламгерлерінің елеулі еңбектерін елге таныстырып, әдеби мұрамызды байытуды көздейтін қанат қақты жоба – «Ұлы дала» кітап сериясы аясында шетелдегі қаламы ұшты қаламгерлердің 9 тарихи-танымдық еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ «Әр қазаққа – бір кітап!» акциясы аясында 4 мыңға жуық кітап жинақталып, 3 мыңнан астам кітап шетелдегі қазақтар арасындағы өз оқырманына жол тартты.
Дәстүрлі қоржын
«Қоржын түбінде сақтаған сыбаға» деген сөз қалған ежелден. Атадан мирас болған, мәнді де сәнді салтты сақтап, дәстүрді дәріптемек мақсатта «Отандастар қоры» Қоғамы біраз жылдан бері «Дәстүрлі Қоржын» жобасын іске асырып келеді. Атап айтқанда, әлем елдеріндегі қазақ мәдени орталықтарына Қазақстанның мемлекеттік Туы, ұлттық киім мен бұйымдар, домбыра сынды ұлттық аспаптар мен кітаптардан тұратын құрақ сыйлық сыйға тартылды. Мысалы, былтырдың өзінде 20-дан астам мәдени орталыққа 100-ге жуық домбыра, қазақы нақыштағы киімдер және ұлттық бұйымдар тарту етілді.
Халықаралық байланыстарды дамыту бағытында «Отандастар қоры» Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан елдерінің диаспоралық ұйымдарымен әріптестік орнатқан. Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық X саммитінде Президент Қ.Тоқаев «...Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. ...Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет» деген болатын. Осы орайда, «Отандастар қоры» Қоғамы ТМҰ аясында ұйымға мүше мемлекеттермен диаспоралық саясат бағытындағы екіжақты және халықаралық байланыстарды дамыта түсуге аса мән беріп отыр.
Сондай-ақ соңғы уақыттарда тың қарқынмен дамып жатқан қытай-қазақ қатынасы Қытайдағы қазақтармен мәдени байланысты дамытуға жол ашуда. Мысалы, өткен жылы күзде елімізге ресми іссапармен келген ҚХР Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэ мырзамен екіжақты кездесу өткеннің нәтижесінде, мәдени-гуманитарлық қатынастарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік туып отыр. Қытай тарабы «Отандастар қоры» Қоғамымен өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Тіл – ұлттың жаны, рухы һәм ұйытқысы. Шетел қазақтары, әсіресе, жас буын арасында ана тілін білу деңгейі мәз емес. Егер мемлекеттік қолдау негізінде заманауи технологияларды пайдалана отырып, жаңаша шешімдер қабылданса, қазіргі деңгейінде сақтап қалуға болар. «Отандастар қоры» Қоғамы өзінің қаржылық және интеллектуалды мүмкіндіктері шеңберінде жыл сайын онлайн және офлайн қазақ тілі курстарын өткізеді. Былтырғы жылы 34 елден 1 200-ден астам адам курсқа тіркеліп, жыл соңына дейін белсенді қатысқан әрі тест тапсырмаларынан сәтті өткен 400-ге жуық қатысушы сертификатқа ие болды.
Атажұртқа келіп, кірпіш болып қаланатын нағыз алапат күш-қуат – жастарда
Алаш зиялысы, мемлекет қайраткері Ілияс Жансүгіровтің «Жас мұраты – білім мен тәлім талабы, Өнер, оқу – жастықтың қару жарағы» деген салиқалы сөзі бар-тын. «Отандастар қоры» Қоғамының қызметіндегі басты фокустың бірі шетелдегі қазақ жастарына бағытталған. Жастар – келешектің кепілі. Барлық мәдени мұра соларға қалады, оның табиғи жалғаушысы да солар. Атажұртына келіп кірпіш болып қаланатын нағыз алапат күш-қуат та – солар. Бұл жұмыс екі бағытта жүргізіледі: бірі – шетелдегі қандас балаларды жыл бойы шығармашылыққа баулу, екіншісі – мектеп бітірген талапкерлерді Қазақстанда тегін жоғары білім алуға үндеу.
Жыл бойы Қазақстан тарихы, көркем әдебиет, мәнерлеп оқу, ән айту, үздік бейнекескіндер, жас мобилограф жарысы сынды 14 түрлі өнер сайысы өткізіліп, оған 1 000-нан астам шетелдегі жас қандас қатысты. Жеңімпаз атанған оқушылар Қазақстанда жылда өтетін «Жас Қазақ» жазғы этно-лагеріне тікелей жолдама алды және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Лагерьде 200-ге жуық қандас жастарымыз демалып қана қоймай, ел тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрімен әсем табиғат аясында тыныстайды. Қазақстанның қандай ел екенін, оның астанасы мен кең-байтақ даласын сезініп, өзінің осы дала мәдениетінің бір бөлшегі екенін сезеді. Мүмкін, бұл болашақта олардың елге келіп қызмет етіп, қоныс аударуына септігін тигізер. Ең құрығанда шетелде қызмет ете жүріп, ата-бабасының кіндік қаны тамған атамекеніне болысып, бір бүйрегі бұрып тұратын жанашыр жастар шоғырының қалыптасуына сеп болады.
Шетелдегі этникалық қазақтардың басым бөлігін жас буын құрайды. Мысалы, жыл сайын Өзбекстанда кем дегенде 20 мыңнан, Моңғолияда 2,5 мыңнан астам қандас балалар мектеп бітіреді. Алайда олардың 1,5 мыңдайы ғана Қазақстанға оқуға келеді. Сол себепті шетелдегі қазақ жастарын елге тартудың тиімді бір құралы – мемлекет тарапынан білім гранттарына қолжетімділікті арттыру және шетелдерде Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері туралы кеңінен насихаттау. Әр оқу жылында Үкімет тарапынан тегін жоғары білім алуға арналған 4 пайыздық квота, шетелдегі этникалық қазақтар мен шетелдіктерге арналған «Стипендиялық бағдарлама» және дайындық курстарына арнайы білім гранттары беріледі.
Алайда 4 пайыздық мемлекеттік квотаны игерудің көлемі 30 пайыздан аспай отыр. Себебі 11-12 жыл шетелдік орта білім бағдарламасымен білім алған талапкерлерге, қазақстандық білім стандартын тез игеріп алу, ҰБТ тапсыру аса қиынға соғады. Яғни, мемлекеттік қолдау шарасы бар – ал оны алу мүмкіндігі төмен. «Отандастар қоры» жанындағы Қоғамдық комиссия отырыстарында және жанашыр депутаттардың арқасында Парламент қабырғасында бірнеше рет қандастарды ЖОО-ға қабылдау механизмін өзгерту қажеттілігі туралы айтылған ұсыныстар мен мемлекеттік органдарға жіберілген ұсыным-хаттар нәтижесінде бұл мәселенің тоңы жібіп, сең қозғалды. Қазіргі уақытта Ғылым және жоғары білім министрлігінде шетелден оқуға келетін этникалық қазақтарды ҰБТ-сыз қабылдау жөнінде талқылау жүргізілуде. «Отандастар қоры» Қоғамының да басты ұсынысы – ҰБТ-ның орнына әлемдік тәжірибеде қалыптасқандай және елімізде үлгісі бар шетелдіктерге арналған «Стипендиялық бағдарлама» талаптарындағыдай, мектеп түлегінің оқу үлгерімі мен қоғамдық жұмыстағы жетістіктері, оқуға деген ынтасы жазылған мотивациялық хат және сұхбаттасу арқылы оқуға қабылдау принципін енгізу.
Қазақстан Республикасы әлемдегі тұрақты түрде репатриациялық саясатпен айналысатын санаулы елдердің бірі. Әрине, қазіргі уақытта келелі жұмыстармен қатар, кемшіл тұстар да бар екенін мойындау керек. Бірақ «Көш жүре түзеледі» деген сеніммен өмір сүретін халықпыз ғой. Қазақстанның адам ресурстары тапшы, демографиялық мәселелері бар аймақтарға қоныс аударған қандастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек деңгейі мардымды, болашақта да оның көлемі кеңейетіні түсінікті. Дегенмен де өз еркімен және өз қаражатына елге көшіп келемін деген ағайынға да таңдау еркіндігі берілсе, ол үшін заңға арнайы түзетулер енгізілсе, қазақ көшіне үлкен серпін болар еді.
Осы орайда, Қазақстанға қоныс аударған қандастарға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету мақсатында «Отандастар қоры» Қоғамы жанынан құрылған «Қандастарды ақпараттық қолдау» орталығы 2023 жылы өз жұмысын нәтижелі ұйымдастырды деп бағамдай аламыз. Аталмыш орталық 2023 жылы бэк-офис, облыс орталықтарында ашылған фронт-офис, байланыс орталығы мен мессенджерлер арқылы шетелдегі және елге қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қызметі аясында 4 500-ге жуық өтініш-сұрақты өңдеді.
«Ата жолы» картасы мүмкіндігін «қандас» мәртебесімен теңестіру қажет
Сонымен қатар Қазақстан Үкімет тарапынан шетелдегі этникалық қазақтарды елге оралту бойынша іске асырылған ауқымды жобаның бірі – «Ата жолы» картасы. Халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған аталмыш карта бизнеске икемді немесе Қазақстанның еңбек нарығына аса қажетті мамандықтар сұранысына сай келетін қандастарға елде 10 жыл тұрып, қызмет етуге зор мүмкіндік береді.
«Ата жолы» картасы бойынша «Қандастарды ақпараттық қолдау» орталығына хабарласқан 200-ден астам қандасқа тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 60 адамның құжаты жинақталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды. Нәтижесінде, 50 қандасымыз «Ата жолы» картасының иегері атанды.
Осы тұста да, «Ата жолы» картасына қатысты кейбір түйткілді мәселелер бар. Әсіресе, картаны алуға қажетті қазақ екенін дәлелдеу мәселесі, көрсетілген мамандықтар тізбесінің шектеулігі, елде тұрақты тұруға немесе бизнес ашуға қосымша виза немесе ықтияр хат алу сынды жанама мәселелер картаның тамаша мүмкіндіктеріне көлеңке түсіруде. Сондықтан «Ата жолы» картасы иегерлерінің уәде етілген құқықтарына ие болу үшін оны қандас мәртебесіне теңестіру қажеттігін атап өткен жөн.
«Отандастар қоры» ұйымы қазақстандық диаспоралық саясатты біріздендіру бағытында Шетелдегі этникалық қазақтар мен отандастарды қолдау жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын мемлекеттік органдармен бірлесе дайындап шықты. Сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе «Шетелдегі отандастармен өзара әрекеттестіктің Коммуникативтік стратегиясы» жасалды.
Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «...Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» – деген болатын. Осы орайда, шетелдегі белді де беделді, белгілі қазақтар Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен, екі отандасымыз «Достық» ордені, 6 қандас «Шапағат» медалімен, шетелдегі қазақ ұйым басшылары мен белсенділері қатарынан 29 тұлға, «Шетелдегі қазақтілді БАҚ» ассоциациясының 7 өкілі Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың алғысхаты және төсбелгілермен марапатталды.
Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» деген тәмсілін бәріміз тілге тиек ете жөнелеміз. Ал сөздің тура мағынасында шетелдегі әр қазақтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларды жинақтап, ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізіп, шешу жолдарын қарастыру – бұқараға жариялана бермейтін күнделікті күйбең қара жұмыс.
2024 жылы негізгі жобаларды жалғастырумен қатар, Америка құрлығындағы тұңғыш қазақ құрылтайы, Қытай, Еуропа мен Ресей қазақтарының басқосуларын, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығымен бірлесе Әйтеке бидің 380 жылдық мерейтойын өткізу және тағы басқа келелі істерді еңсеру жоспары тұр. Биыл елімізді тұңғыш рет шетелдегі жас отандастарға арналған «Жастар форумы» және шетелдегі этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар арасынан шыққан кәсіпкерлердің басын қосатын «Отандастар Бизнес Форумы» өткізіледі.
«Қиырда қалған қазақтың көзін мөлдіретпей», оларға үздіксіз қолдау көрсету – «Отандастар қоры» Қоғамының мәңгілік мұраты, мүдделі мемлекеттік органдардың міндеті, мемлекетім деген кез келген қазақ баласының, Қазақстан азаматының мақсаты болуы керек» деген жасампаз үндеуге үн қосуға шақырамыз.
Жазып алған
Бейбіт Тоқтарбай