Қазақ мультфильмі - идеология құралы
Бала тәрбиесінде идеологияның алар орнын салмақтасақ, бүлдіршіндерімізге не көрсетіп жүрміз деген сауал санада қылаң береді. Осы ретте қазақ анимациясының жай-күйі туралы Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Сақ» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбековпен әңгімелескен едік.
Бүгінде әлем бойынша мультфильмдердің фильмдерден рейтингі жоғары, кассаны да көп жинайды. Балалардың қызығушылығын дөп басып, ойдан құрастырылған кейіпкерлерден қаһарман жасап табыс тауып, идеологиясын насихаттап жатқан елдер жетерлік. Бала тәрбиесінде идеологияның алар орнын салмақтасақ, бүлдіршіндерімізге не көрсетіп жүрміз деген сауал санада қылаң береді. Осы ретте қазақ анимациясының жай-күйі туралы Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Сақ» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбековпен әңгімелескен едік.
– Алғашқы сауалымызға жауапты қазақ анимациясының бүгінгі беталысынан бастасақ...
– Еліміздегі анимация өндірісінде сең қозғалды десек болады. Жақсы дамып келе жатыр. Осыдан он шақты жыл бұрын мүлдем тоқтап қалған еді. «Қазақфильмнің» қанатының астында «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі құрылған болатын. Бірлестікте он шақты студия жұмыс істейді. Былтыр аталған бірлестікке мемлекет қаржылай қолдау көрсетіп, студияларға ақша бөлінді. Соның арқасында бес минуттық біраз мультфильмдер жасалды, биыл да осындай жұмыстар қолға алынып жатқанын естідім. Бұл – қуанарлық жағдай.
Елімізде студиялар әжептәуір сапалы деңгейге жетіп қалды. Balapan арнасында көрсетіліп жатқан «Қошқар мен текенің» жалғасы ретінде түсірілген «Тоқты мен серкенің» сапасы орыстардың «Маша мен аю» мультфильмінен кем емес. Бүгінде «Тоқты мен серкенің» 50 сериясын жасадық. Әрі қарай да жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Бүгінде «Қошқар мен текенің» қаралымы 20 миллионнан асты. Жақсы жаңалығымыз да бар, «Қошқар мен текені» үлкен экранға толықметражды фильм етіп шығаруды ойластырып жатырмыз. Бұл жерде оқиғасы мүлдем басқаша болады. Екеуін жатқан қораларынан ұрылар ұрлап кетеді. Басқа жерге тап болған екеуінің бастан кешкен қызықты оқиғаларын көрсетпекпіз.
– Өзіңіз сценарийін жазып түсірген «Қошқар мен теке» балалардың сүйікті мультфильміне айналуының сыры неде деп ойлайсыз?
– «Қошқар мен теке» мультфильмі «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша жасалған. Алғашқы бөлімдері шыққан сәттен бастап халыққа ұнады. Ол кезде «Қазақфильмнің» басшылығында Ермек Аманшаев еді. Ол кісі Германияға барған сапарында осы мультфильмді көрсеткен, сонда қандастарымыз көріп риза болған екен. Мультфильмде текенің: «Біз бақытты басқа жақтан іздеп жүрсек, бақыт деген өзіміздің шаңырағымызда, өзіміздің қорамызда екен ғой» деп айтатын сөзі бар. Осы жерін көргенде қандастар көздеріне жас алған деседі.
Туынды тілінің қазақы ұғымға лайықталып жазылғаны ұтымды тұсы болды деп ойлаймын. «Балам, саған кім тиді?» десе: «Авафтар» дейді. Қасқырларды кішкентай баланың тілімен осылай айтады. Сондай-ақ «Мен оларды қазір әт-әт қыламын», «Шалым, қалай сенің халің?» деген сөздер ел ішінде кең тарап, қолданысқа еніп кетті.
Жалпы, біз тәрбиелік мәні бар фильмдерді көп түсіруіміз керек. Балалардың қызығушылығына сай келетін туындылар саны көбейсе, қандай ғанибет. Біз бүгін балаларға не көрсетсек, ертең соның жемісін жейтінімізді ұмытпағанымыз дұрыс. «Не ексең, соны орасың» деген сол. Біз балаларымыға аңыз әңгімелер, ертегі, эпостық жырлар, мақал-мәтел, жаңылтпаш, даналық сөздерді айтпайтын болдық. Баласына ертегі айтатын аналар мен әжелерді тым сирек кездестіреміз. Ертегіні жақсы көрмейтін бала болмайды. Ертегіде жақсылық пен жамандық қатар өрбіп, соңында жақсылық жеңіп отырады. Жауыздық жеңіліп, ізгілік үстемдік құрады. Басты кейіпкер қаншама қиындық көрсе де талмай күресіп, соңында мақсат-мұратына жетеді. Ертегі баланың қиялын шарықтатып, қиялдау, армандау, ойлау, көзге елестету қабілеттерін дамытады. Түбінде жақсылық пен ізгіліктің жеңетінін білетін баладан болашақта жаман адам шықпайды.
Тағы бір айтарым, халқымыздың эпостық жырлары мультфильм болуға сұранып тұр. Қобыланды, Алпамыс батырларды неге шығармасқа? Балаларға арнап заманауи етіп шығарса қандай керемет! Қазір балалардың ойлау жүйесі өзгеше. Динамиканы жақсы көреді. Оқиғаның тез-тез өткенін, әзілдері көп болғанын қалайды. Балалардың талабын орындай алсақ, қазақ анимациясы дамитыны анық.
– YouTube платформасында қазақтілді балаларға арналған контент бос тұр десек те болады. Оны толтыру тек қаражат мәселесіне байланысты ма?
– YouTube-та контент дамыту үшін ылғи да жаңа материалдармен толықтырып, қамтамасыз етіп отыру керек. Яғни, әр 3 минуттық, 5 минуттық түрлі мультфильмдерді салып отыру керек жаңартып. Жүйелі түрде жүктеу қаражатты қажет етеді. Қырғыздар осыны мықтап қолға алды, мультфильмдерді, оның үзінділерін YouTube-та жиі жариялайды. Бүгінде олар қатты дамып кетті. Ал бізде бұл жағы әлсіз. Студиялардың өзі әлі айналымға келе алмай жатыр. Бұл түсінікті де, өйткені олардың дені мемлекетке алақан жайып отыр. Ал жалғыз Balapan арнасы балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайды, шамасы жетпейді. Балаларды тәрбиелеуге бағытталған тағы 2-3 телеарна болса, сапалы туындылар көбейер еді. Нарықтың заңы солай, бәсекелестік болмаса даму да болмайды.
– Бүгінде тілі шықпаған баланың өзі YouTube-тан «Синий трактор», «Маша мен аю», «Чики, Ча-Ча, Ля-Ля және Бум-Бум» сынды мультфильмдерді жаңылмай тауып алып көреді. Ал қазақша анимациялық туындыларды қойсаң тез ауыстырып тастайды. Мұның себебі мультфильмдегі динамика, жылдамдық, қозғалыс, диалог, музыкаға байланысты емес пе?
– Біздің елімізде балалар тақырыбында жазатын ақын-жазушылар, сценаристер аз. Өйткені олар мемлекет тарапынан қолдау көрмейді. Мен сұхбаттарымда ылғи да Жаңа Қазақстанды жасайтын – жас өсіп келетін жасөспірімдер деп айтып жүремін. Санасы уланбаған, жемқорлық дегенді білмейтін жасөспірімдердің бойына кино мен анимация арқылы ұлтымыздың тілін, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін сіңіріп өсіруге болады. Қазақ мультфильмі – ұлттық идеология құралы. Негізі, тек қана анимация емес, балаларға арналған фильмдерді де дамыту керек. Бізге елін, жерін сүйетін, еңбекқор, білімді, алғыр ұрпақ керек болса, балалар фильміне баса назар аударылуы керек.
Негізі, отандық анимация қаржының аз бөлінетіндігінен дамымай отырғаны бәріне белгілі. Сапалы дүние көп ақшаны талап етеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы былтыр бізге «Алан туралы аңыз» деген толықметражды мультфильм түсіруге қаржы бөлді. Тәуелсіздігіміздің, Алматының символы саналатын барыстың күшігі алан туралы «Кунг-фу Панда» секілді қызықты, әлемге таралатын туынды жасағымыз келді. Конкурсқа смета дайындағанда 360 млн теңге қаржы керек деп көрсеттік, алайда бізге 200 млн бөлді. Қалғанын кесіп тастаған. Осы қаражат жеткілікті деп ойлаған болар.
Баяғыда бір адам шеберге тері әкеліп, бас киім тігіп беруін сұрайды. Екеуі келіскен соң әлгі кісі қайтадан бұрылып шеберден: «Мына теріден 2 бас киім тігуге бола ма?» дейді. Шебер иә деп жауап береді. «Үшеу ше?». – Болады. «Төртеу, бесеу тігуге бола ма?». – Әрине, болады. «Онда маған жетеу тігіп беріңізші», – дейді. Ертеңіне келсе шебер кішкентай-кішкентай 7 қалпақ тігіп қойыпты. Орыстың осы ертегісінің астарында шындық бар. Қай салада болмасын тұтас, толыққанды дүние жасау үшін қаржыландыру жақсы болуы керек. Сұраған қаржыңды екі есе азайтып тастаса, қалған қаржыны қайда жеткізесің? Біздің орталықта 25 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысын төлеуіміз керек, одан кейін анимация деген инемен құдық қазғандай жұмыс. Мультфильмнің әр секундына 24 сурет салыну керек. Ол жерде қаншама кейіпкер болады.
Мәселен, «Кунг-фу Панда-4» мультфильмін жасауға 85 млн доллар жұмсалған. Нәтижесінде, 346 084 265 млн доллар пайда тапты. Жұмсалған шығын бірнеше есе қайтты. Біз әлемге ұялмай көрсететін мультфильмдер жасай аламыз. Тек қаржылық қолдау болса болғаны.
Креативті индустрия саласын қолдау туралы Мемлекет басшысы да айтып жүр. Былтырғы Жолдауында: «Қазір креативті индустрия орталықтары үш ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған. Өңірлер бұл тұрғыда назардан тыс қалып отыр. Мұны түзету керек. Таланттарды тартатын шығармашылық индустрияның орталықтары әрбір облыс орталығында, әрбір ірі қалада болуға тиіс. Ол орталықтар қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелеріне көмектесу керек», – деген болатын. Президентіміздің ұрпақ тәрбиесіне басымдық беріп, бүлдіршіндерді тәрбиелеуде кино мен анимациялық фильмдерге көңіл бөлуі қуантады.
Бүгінгідей цифрлық технологиялар дәуірінде кино мен анимация балалар мен жасөспірімдердің санасының қалыптасуына әсер ететін негізгі идеологиялық құрал екенін ескерсек, саладағы қордаланған мәселелерді шешуге күш салуымыз керек. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға хат жолдап, анимация мамандарын қабылдауды сұрадық. Әзірге жауап жоқ. Министр білікті мамандардың пікіріне, ұсыныстарына құлақ асса, қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ