Домбыра тартуды үйрену үшін Нью-Йорктен Астанаға ұшып келдім – Жеф Герш

"Домбыраның үнін естіген сайын ме­ні сол аспапқа қарай тартып, баурап ала­тын бір нәрсе бар екенін сеземін."

Домбыра тартуды үйрену үшін Нью-Йорктен Астанаға ұшып келдім – Жеф Герш
turkystan.kz / суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
1584

Әлеуметтік желіде «Ерке сылқым», «Бал­­бырауын» күйлерін шебер орындаған Нью-Йорк тұрғыны Жеф Гершке ақжарма тілек жа­зып, алғыс жаудыртып жатқандар же­тер­лік. Америкада түрлі топта өнер көр­сет­кен кәсіби гитарашы әрі композитор Жефтің дом­быраға қалайша қызыққанын білгісі ке­летіндер де баршылық. Алғашын­да дом­бы­рада ойнауды YouTube, сосын Zoom ар­қы­лы үйренген ол былтыр ар­найы Астанаға ұшып келіп, Домбыра ака­демиясының оқы­ту­шысы Айгерім Мыр­захметтен бір жарым ап­та бойы үздіксіз са­бақ алған. Алдағы уа­қыт­та Қазақстан сах­насында өнер көрсеткісі ке­летін Жеф­ке хабарласып, әңгімеге тарт­қан едік.

Домбырада мен білмейтін бір сиқыр бар

– Домбыра академиясының ресми парақ­шасынан «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіріп орындағаныңызды көріп, домбыраны алғаш рет небәрі екі жыл бұрын ұстағаныңызға сене алар емеспін.

– Домбыра секілді ғажап аспаптың үнін 2 жыл бұрын емес, 20 жыл бұрын естігенімде ғой.

– Әлгі видеоны көрген көпшілік музы­ка­лық білімі бар болуы керек де­ген­ді алға тартады. Кәсіби музыкантсыз ғой расымен?

– Иә. Мен Нью-Йоркте тудым. Өмір бойы осы қалада тұрып келемін. 6 жасымнан бас­тап музыкамен айналысамын. Алғаш рет қо­лым тиген аспап – пианино. Сосын 11 жас­қа толғанда гитараға көңілім ауды. Сол кез­де болашағымды музыкамен бай­ла­ныс­тыратынымды түсіндім. Осылайша, бала кез­де, сосын мектепте, одан кейін колледжде му­зыкаға қатты ден қойдым. Түрлі топта өнер көрсеттім. Колледжде оқып жүргенімде өз­ге мәдениеттің музыкасына деген қы­зы­ғу­шы­лық пайда болды. Гитарашы болған соң, ішек­ті аспаптарға қатты қызықтым. Әсіресе, Жапонияның шамисен, Африканың кора се­­кілді ұлттық аспаптары қызықтырды. Алай­­да ол кезде мен домбыра туралы білме­ген едім. Бәлкім, бір жерден үнін естіген шы­ғармын, бірақ жеке аспап ретінде одан ха­барым болмады. Ол кезде, яғни 1999-2000 жыл­дары бар ойым шамисенде болатын. Есей­ген соң түрлі стильдегі музыкаларды ой­нап, фильмдерге музыка жазып жүрдім. Көбіне дыбыссыз киноларды (silent films) музыкамен сүйемелдейтінмін. Жеті жыл бұрын YouTube-ты «ақтарып» отырғанымда бір ерекше видеоны көзім шалды. Өзіңіз білесіз, YouTube-қа бірдеңе іздеп кірсең, бірінің артынан бірі түрлі видео шығып, соңында басқа нәрсеге қызығып кетесің ғой. Мен көрген әлгі видеода үлкен концерт залда төрт музыкант орындықта отырып, өнер көрсетіп отыр. Артында оркестр мүшелері бар. 

– Иә, бір миллионнан астам қаралым жинаған күй тартыс.

– Иә, олардың әрбірі әр күйдің әр бөлігін дом­бырада ойнап, соңында бәрі бірге қосы­лып, одан соң оркестрмен қосыла орын­дай­ды. Әлгі видеоны көргенде таң­ға­лы­сымда шек болмады. Себебі мен өмірімде мұн­дайды тыңдап көрмегенмін. Алғаш рет тыңдаған кезде екі-ақ ішегі бар аспаптан осын­шалық жойқын әрі пәрменді дыбыс шы­ғып жатқаны қатты таңғалдырды. Ішекті ас­паптарды зерттеп жүрген музыкант ре­тін­де, домбыраның үнін бұрын қалай естіме­ген­мін деп таңғалдым. Сол кезде өзіме «Ма­ған мына аспапта ойнауды үйрену керек. Мы­на аспапты дереу тауып алу керек» деге­нім есімде. Бұл мен үшін челлендж болды. Өте қатты қызықтым. Мен Нью-Йоркте тұра­тын Нұршат есімді әйелді танитын едім. Мен оған домбыра секілді жаңа аспапқа қы­зы­ғып жүргенімді айтқан едім. Бірде ол Қа­зақ­станға туыстарына бара жатқанын айтты. Оған егер қиын болмаса, бір домбыра әкеп беруін өтіндім. Ол сөзімді екі етпей, Қазақ­стан­нан бір домбыра әкеп берді. Содан соң YouTube-тан домбырада қалай дұрыс ойнау ке­рек екенін үйрететін видеолар іздестіре бас­тадым. Сосын «Нар ағашы» күйін тауып ал­дым. Оны бірнеше күнде өз бетімше үй­ре­ніп алдым. Содан соң «Ары қарай енді не бо­лар екен?» деп ойландым. Өйткені ин­тер­нет­те күйді үйретуге бағытталған нұс­қау­лы­ғы бар видео жоқтың қасы. Сосын дом­­­быраны ысырып қойып, оны көпке дейін қо­лыма алмадым. Дейтұрғанмен, бәлкім осы ара­лықта әлдебіреулер нұсқаулығы бар ви­деолар жүктеп қойған болар деп, ара-тұра YouTube-ты тексеріп жүрдім. Одан ештеңе тап­паған соң, 2020 жылы бірнеше дом­бы­ра­шы­ның Instagram парақшасына жазылып, олар­ды сырттай бақылап жүрдім. Бұл әре­ке­тім домбырада ойнауды шындап үйренуге жел­піндірді. Себебі олардың парақшаларына жүк­теген видеоларын тыңдағанымда дом­быра­ның үнін алғаш рет тыңдаған кездегі сезім­ді қайтадан бастан кешірдім. Сол кезде бәл­кім осы домбырашылардың біреуімен ха­барласып көрсем, олар маған онлайн ре­жим­де үйрете алатын шығар деп ойладым. Алай­да оларға жазуға сол күйі дәтім бар­ма­ды. Сөйтіп жүргенде Қазақстанда домбыра тар­туды үйрететін Айгерім есімді музыкант ме­нің парақшама жазылды. Ізінше екеуіміз хат жазыстық. Ол менің қазақ музыкасына деген қызығушылығымды сұрады. Бұл – таң­ғаларлық жағдай, себебі дәл сол уақытта қайт­сем домбыра тартуды үйренсем болады, кім­нен сабақ алсам болады деп ойланып жүр­ген едім. Айгерімнің мұны қайдан сезіп қой­ғанын білмеймін.

– Сәйкестік деп осыны айтыңыз.

– Иә. Мұны өзіне де айттым. Ол да таң­ғал­­ды. Сөйтіп, 2020 жылдың наурызында Ай­герім мұғалімнен Zoom арқылы сабақ ала бас­тадым. Сөйтіп, одан екі жыл бойы апта сайын үздіксіз сабақ алып жүрдім. Содан соң был­­тыр қазанда домбырамды алып, Қа­зақ­стан­ға екі аптадан ас­там уақытқа барып қайт­­­тым. Ондағы бас­ты мақсатым – дом­­бы­ра тартуды мұғалі­мі­мнен бетпе-бет отырып үй­рену. Алғашқы аптада Алматының көрікті жерлерін араладым. Сосын, әлбетте, бірнеше кон­цертке бардым. Алматыда мен барған ал­ғаш­қы концерт – жетіген аспабын наси­хат­тап жүрген Тұрсынай Әлібекқызының ән ке­шінен алған әсерімді әлі күнге дейін ұмыта ал­маймын. Тұрсынай жетігеннен бөлек, дом­­бырада шебер ойнай­ды екен. Концерт ке­зін­де сахнаға алты домбырашы шығып, Тұр­сы­най­дың екі жағына бір аяқпен тізерлеп отыр­­ды. Сосын же­теуі бірге бір уақытта бір­­­­не­­ше күйді керемет орын­дады. Жүрегімді қоз­ғаған ең эмоционалды сәт сол кез болды. Өйт­кені мен домбыраны кәсіби музыкант­тар­дың тартқанын бірінші рет естідім. Олар­дың орындауын естіген кезде көзіме еріксіз жас келді. Сөзбен сипаттап айта алмаймын, алай­­да домбырада мен білмейтін бір сиқыр бар. Қарап тұрсаңыз, бұл аспаптың маған еш қа­тысы жоқ. Мен – америкалықпын, қазақ мә­дениетімен еш байланысым жоқ. Дей­тұр­ған­мен, домбыраның үнін естіген сайын ме­ні сол аспапқа қарай тартып, баурап ала­тын бір нәрсе бар екенін сеземін. Тек дом­бы­ра­ның үні ғана емес, жалпы қазақтың дәс­түр­лі музыкасы мені бейжай қалдырмай­ды. Көп әуенді естіп, рухтандым, желпіне түстім. Расы­мен, таң-тамаша болдым. Сол кон­­церт­тен соң домбыра тартуды үйренуге деген қы­зы­ғушылық одан әрі арта түсті. Бетпе-бет өте­тін сабақты тездетіп бастауға деген ерек­ше құлшыныс пайда болды. Алматыда му­зы­калық аспаптар музейін араладым. Сол жер­де жүргенімде ертесі бір концерт бола­ты­нын естіп-білдім. Ол концертті көруге асық­тым. Онда домбыра­шылармен қатар қо­быз­шылар да өнер көрсетті. Сол жерде тұр­ғанымда бір әйелмен сөйлестім. Ол Қа­зақстанға не үшін келгенімді сұрады. Оған жө­німді айтып, бәрін түсіндіріп айттым. Кон­церт біткен соң ол мені дәстүрлі музы­ка­да өзіндік орны бар тұлғалармен таныс­тыр­ды. Сосын ол әлгі музыканттардың біріне ба­рып, менің Астанада қандай іс-шараға бар­сам болаты­нын сұрады (күліп).

Содан соң ол келесі күні сол музейде түсіретін ТВ шоу­ды тамашалауға шақырды. Онда дом­быра­шылар сұхбат беріп, артынша өнер көр­сетеді екен. Шоуға барып, ұмытылмас әсер алып қайттым. Ша­миль Әбілтаев есімді дом­бырашымен танысып, жақсы араласып кет­тім. Не керек, сол кештің соңында олар ма­ған домбыра тартқызып, ақыры әлгі бағ­дар­ламаға мені де түсірді  (күліп). Онда жа­на­шыр, қолдаушы адамдарды көп кездестірдім. Бәрі мен ойлағаннан да асып түсті. Сосын Аста­наға жол тартып, онда бір жарым апта бол­дым. Алайда онда турист болуға мүмкін­дік бола қойған жоқ. Себебі мен сонау жер­ден тек сабақ алу үшін келген соң, Айгерім мұ­ғалімнен күн сайын интенсивті түрде са­бақ алдым. Әйтеуір, екінші домбырашымен бір уақытта тарта алатын күнге жеттім-ау (кү­ліп). Себебі Zoom арқылы сабақ алған кез­де мұғаліммен бірге бір уақытта бірдей етіп тарта алмайсың. 

Астананы аралап жүріп Америка ескіріп қалған ба деген ойға келдім

– Екі апта Қазақстанда жүрген уақыт ішін­де сізді не нәрсе қатты таңғалдыр­ды?

– Ең алдымен, көздің жауын алатын та­биғаты. Шарын шатқалы, Көлсай, Қара шат­қал секілді әсем жерлерге табаным тиді. Со­сын көпшілік тамсанатын Медеу мұз айдынына көтерілдім. Керемет жер! Алайда бұл – мен көруге тиіс Қазақстанның бір кішкене бөлшегі ғана. Келесі жылы келетінім айдан анық. Сол кезде біраз өңірді аралағым келеді. Мені тағы бір таңғалдырған нәрсе – адамдардың табиғаты. Мен кездестірген әрбір тұрғыннан мейірімділік иісі аңқып тұрды. Жолымда сондай жана­шыр, сондай ашық жандар кезікті. Сосын, әл­бетте тағамдар қатты ұнады. Жылқы етін көп жедім. Жалпылама айтсам, «мынау ұна­ды», «ана жері ұнады» деп бөліп-жармаймын. Ма­ған бәрі, бәрі ұнады. Айтпақшы, бас қала­ның түр-сипаты ерекше ұнағанын айта кетейін. Астанаға тек сабақ үшін барсам да, уақыт тауып, біраз жеріне бардым. Қаланың ескі бө­лігін, сосын ұлттық му­зейді бес сағат араладым. Қаланың соншалық за­ма­науи үлгіде салын­ғанына таңғалдым. Мұны көрген соң Америка ескіріп қалған ба деп де­­ген ойға кел­дім (күліп). Әлбетте, әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Нью-Йорк – сөзсіз, керемет қала. Алматы мен Астанадан өз­геше. Алайда Астананың өзіндік артық­шылығы бар. Онда мен концертке бардым. Назарбаев университеті оркестрінің мүше­лері­мен танысып, бірге домбыра тарттық. Мұнда да ұмытылмас әсер алдым. Жал­пы, Қазақстанда дом­быра аспабын қатты құрмет­тей­ті­ні­не көзім жетті. Өз аспа­бын осы­лай ерекше қадір­лейтін бас­қа елді көрмеппін. Сіздерде үлкені бы­лай тұрсын, тіп­ті кіш­­кентай бала­лар да дом­быра­да ой­нау­дың ше­бері болып алған ғой.

– Бізде ел ішінде «Нағыз қа­зақ – қа­зақ емес, нағыз қазақ – дом­быра» дейді.

– Иә, мен соны түсіндім. Мені қат­ты таңғалдырған осы нәрсе бол­ды. Бір ғана аспаптың сіздерді бір шаңырақ астына біріктіріп, мәде­ниет­теріңізді соншалық айшықтай­тынына таң-тамаша болдым. Әлем бойынша мұндай ерекшелігі бар басқа ел ойыма да келмейді. Бір ғана аспаптың мемлекетте, әрі мә­дениетте үлкен рөл ат­қара­тынына таң­ғалдым. Мұндай айрықша аспапты кеш бол­са да, тани бастағаныма шексіз қуаныш­тымын. Қазір шама-шарқым жеткенше оны дұрыс үйренуге талпынып жүрмін. Негізі, музыканттарға өзге елдің аспабын үйрену еш қиын емес. Алайда олар өз «түсінігіне» салып ойнайды. Көп жағдайда ол аспапты ойлап тапқан елдің мәдениетін зерт­теуге, соның ішінде музыкасын, тех­никаларын зерттеуге уақыт құртып жат­пай­ды. Ал мұнда сол елдің мәдениетіне, аспа­бы­на, халқына деген құрметтің кем болғаны білініп қала­ды. Ал есейген кезімнен бері өзге елдің мәдениетін қатты құрметтеймін. Музыкасы­на асқан сыйластықпен қараймын. 

– Қазір күй қоржыныңызда қанша туын­ды бар?

– Қазір санап көрейін. Мен тізімге жа­зып жүр­ген едім. Бір, екі, үш, төрт (санап)...он ал­­ты, он жеті. Иә, жалпы саны он жеті күй тар­­та алады екенмін. Қазір он сегізінші күйді үйреніп жатырмын. Бірақ неғұрлым көп күй үй­ренсем, алғашқы үйренгендерімді соғұр­лым тез ұмытып қаламын. Сол үшін үнемі тартып, еске салып тұрамын.

– Мұның бәрін екі-ақ жылдың ішін­де үйренгеніңізге тағы таңғаламын.

– Иә. Кәсіби гитарашы болған соң, көп же­рін тез ұғынып алдым. Лезде қағып алдым. Алайда гитараға қолданатын кейбір әдістер дом­быраға келмейді. Техника жағынан біраз қи­налдым. Оған қоса гитараны медиатормен ойнайсың ғой, ал домбыраны саусақтармен тарту керек. Мен үшін жаңалық осы ерек­ше­лік болды. Дегенмен бірте-бірте үйреніп кет­тім. Екі жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір техникам біраз жақсарған. Алайда әлі үйренерім көп. Осы ретте маған бұл керемет аспап­ты үйреткен Әйгерім ұстазыма алғы­сым шексіз. Өте білікті, керемет жан. Сабақ кезінде мен барлығын дұрыс істеп отырған секілді сезінемін, алайда Әйгерім орын­дауым­нан ұсақ-түйек детальдар тауып алып, мені үнемі түзетіп отырады. Менің кәсіби деңгейдегі күйші болғанымды қалап, рухтандырып отырады. Әлбетте, музыкант болғасын кейбір қабілетім домбыраны тез үйренуіме септігін тигізген болар. Дегенмен қазіргі шеберлігімнің басым бөлігі – сол кісінің арқасы. Ә дегенде интернеттен үйре­не бастаған кезде мұның соңы қалай бо­ларын білмедім. Алайда онлайн сабақ мен ойлағаннан да жақсы нәтиже берді. Дей­тұр­ғанмен, бетпе-бет отырып үйренген­нің жөні бөлек екен. 

– Домбыра тартуды үйренудегі бас­ты мақсат не?

– Басты мақсатым – домбырада қазақтар секілді емін-еркін ойнағым келеді (күліп). Әрі қазақтар жақсы қабылдайтындай шебер ойнағым келеді. Сондай-ақ Қазақстанға барып концертте өнер көрсетуді көздеймін. 

– Бірақ сіз қазірдің өзінде-ақ қазақ­тар секілді керемет тартасыз ғой. Әрі біз сіз­ге қазақтар жақсы қабылдағаннан кейін хабарласып тұрмыз.

– Онда кәсіби қазақ музыкант секілді ой­нағым келеді (күліп). Менің арманым – Қазақстан сахналарында жекелей және топпен бірге өнер көрсету. Қандай музыка, оны қашаннан бері үйренсең де, әлі біл­мей­тініміз көп. «Білдім, болды» деуге болмас. Сон­дықтан алдағы уақытта біраз аспап пен көп күйді үйренгім келеді. Сосын маған тағы бір стиль ұнап қалды. Қалай аталушы еді? Дом­быраны шебер тартумен қатар, керемет дауыспен ән шырқайды. Фольклорлық ән бе екен, әлде басқа ән айтып тұр ма мында? (Сәуле Жаңабергенованың ән айтып тұрғаны таспаланған видеоны жіберіп).

– Дәстүрлі ән.

– Сол дәстүрлі әннің әуендерін үйренсем деймін. Алайда мен ән айта алмаймын, бірақ бұл әндердің әуеніне ғашықпын. Мына кісінің нақышына келтіріп ән айтумен қатар, домбыраны қалай керемет тартқаны­на тамсандым. Алдағы уақытта дәстүрлі әндердің музыкасын үйренуді қолға аламын.

– Әңгімеңізге рахмет! Өнеріңіз өрге жүз­сін!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары