СҚО әкімі өңір тұрғындарына үндеу жолдады

СҚО-да су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі.

СҚО әкімі өңір тұрғындарына үндеу жолдады
СҚО әкімдігі
762

Петропавлға бүгін-ертең үлкен су келмек. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынының алдында тұрғындарға үндеу жолдады.

СҚО-да су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасынан өткен тасқын су Есіл өзенімен төмен, Петропавлға қарай келе жатыр. Жолдағы бірнеше елді мекенге су кіріп, тұрғындарды эвакуациялауға тура келді. Қазіргі уақытта Петропавлда су басатын аудандардан халық көшіріліп жатыр. Осыған орай СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарға үндеу жариялады.

«Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау білдіруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста жұмыс сапарымен екі рет Премьер-Министр Олжас Бектенов болды. Қазір облыста Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етті. Тұрғындардың өмірін сақтау - біздің басты міндет.

Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі болып қала береді. Біз су тасқынына қарсы барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Бірінші кезеңде елді мекендерден еріген суды бұру жұмыстары жүргізілді. 

Ал қазір үлкен су Есіл өзенімен өтеді. 
Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, Заречный кентін су басу қаупі бар. 

Осы күндері біз бөгеттерді салу және нығайту бойынша тәулік бойы жұмыс істедік. Ауыз суды үздіксіз жеткізу үшін бірінші көтеру сорғы станциясының айналасындағы бөгетті нығайттық. 

Біздің елді мекендерді қорғау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Алайда, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Петропавлға қарай үлкен су ағыны келе жатыр», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялауға түсіністікпен қарауды сұрады.

«Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция мен қала әкімдігінің талаптарын мүлтіксіз орындау қажет. Бұл саяжай тұрғындарына да қатысты. 

Азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезеңінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет қажетті көмек пен қолдау көрсетеді. Өтемақы қарастырылған. Механизм пысықталды. Ешкім назардан тыс қалмайды. Аудан тұрғындарымен кездесулер барысында бұл жайында айтылды.

Биылғы су тасқыны бәріміз үшін үлкен сынақ. Бірліктің арқасында біз барлық қиындықтарды жеңе аламыз. Қазір тасқын сумен күресуге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Бұл мердігер ұйымдар, құрылыс компаниялары, бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полицейлер, еріктілер және біздің қала мен аудандардың қарапайым тұрғындары. Көмекке басқа аймақтардан құтқару қызметтері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері келді. Мен осы қиын кезеңдегі көмегі үшін барлығына ризамын», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыс әкімі тұрғындардан қауіпсіз жерге көшуді сұрады.

«Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Алайда сақтансаң, сақтайды! Біз бәріміз жақсылықтан үміттіміз, бірақ бәріне дайын болуымыз керек. Біз тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынының салдарын барынша азайту үшін бар күшімізді саламыз», - деді СҚО әкімі. 

Серіктес жаңалықтары