Таисия

Қаныш Сәтбаев пен Таисия Кошкина­ның қалай танысқаны, қалай өмір жол­дарын бірге байлап, отбасы атан­ған­дары жөнінде әлі күнге төрт аяғы түгел тарих жоқ. Иә, академик жайында осы күнге дейін талай мақала, кітап жазылды, фи­льм­дер түсірілді, десе де екеуіне қатысты қол­ға ұстатқандай жүйелі, сенімді сүйіс­пеншілік өмірхаяты түзілмеген.

Таисия
turkystan.kz / сурет автордың жеке мұрағатынан
1301

Екеуінің алғаш қашан, қайда таныс­қа­ны жайлы деректер де әртүрлі. Қаныш жайында «Алғашқы академик» атты деректі по­весть жазған Алексей Брагин бұл оқиға ха­қында екіұшты етіп айтады. Оқиық:
«Таисия Кошкина институтқа (Том тех­нологиялық институты. – Б.А.) Қаныштан екі жыл бұрын түсті. Сәтбаев оқуға түскенде Таи­сия Кошкина сонда оқып жүрген. Бәденді жү­зіне әлдебір қатаңдық, онымен бірге жас­тық албырттық беріп тұратын ақшыл ке­кі­лінің білтелі шүйкелеріне қарап, инс­ти­тут­тағы ботқаластары оны «Шашы ағарған қыз» деп кеткен-тұғын. Ах, сол бір ақ түсті шүйке шаштар-ай!

Таисия Кошкина институтты ертерек бі­тіріп, тікелей мамандығы бойынша жұмыс табудың реті келмегендіктен Семейге келіп, сон­дағы техникумға оқытушы болып қыз­мет­ке орналасты. Әпкесі Мариямен тұрып жат­қан бөлмесіне кейде, ол уақытта Мәс­кеу­де тұратын Қаныш Сәтпаев бас сұғады. Бір кел­генінде қызға сөз салып, Мәскеуге әкет­кі­сі келетінін айтты. Алайда мұның бәрі кейі­­­нірек орын алды...».

Көріп отырғанымыздай, автор бұл жерде екі жас бір-бірімен анық Томда кездесіп, та­ныс­ты деп жазбаған. Сол сияқты өңге де­рек­көз­дер де «Қаныш Таисияны Том инсти­ту­тын­да, студенттік би кешінде көрді» деге­ні­мен, бұған анық-қанық дәлел келтірмейді. Ал Қанекеңнің Таисия Алексеевнадан көрген қы­зы Мейіз анасының әкесі туралы жазған ес­телік кітабына жазған алғы сөз мақа­ла­сын­да мұның жайын былай деп келтіреді:
«Папам мамаммен Семейде, анам сон­да­ғы мұғалімдер семинариясында лаборант бо­лып жұмыс істеп жүрген кезде танысқан. Со­дан кейін екеуі Томда және жүздесіп, тех­но­логиялық институтта бірге оқиды да, соңы­ра үйлену жөнінде шешімге келеді...»

Бұдан көреміз, екеуінің Том институтына дейін-ақ Семейде танысқандарын және Таи­сия­ның Семейде институтқа түспей тұрып қыз­мет еткенін. Әңгіменің ауанына қара­ған­да, екі арада әлі сезім, сүйдім-күйдім жоқ, се­­­­минария студенті мен лаборанты жай та­нысып қана қойған. Жас жүрек жас жүрекке жуық­тап та қалар ма еді, қайтер еді, егер ара­да шамалы уақыт өткенде Қаныш өкпе ауруына шалдығып, дәрігерлердің кеңесімен елге барып, қымыз ішіп сақаю үшін оқуын үзіп, Баянауылға аттанып кетпегенде. 

Көп кешікпей, 1920 жылы Қаныш сон­да – елде ата-анасының ұйғары­мы­мен тақау төңірекке сыйлы ақсақал См­а­ғұл­дың қызы Шәрипаға үйленеді. Жыл арала­тып тұңғышы Ханиса дүниеге келеді. Одан соң Қаныш болыстық төбе би (халық соты) боп жұмыс істейді, сөйтіп жүргенде Баянға қымызбен емделуге келген Том технология инс­титутының оқытушысы, арғы түбі бара­ба­лық шаруа текті Михаил Усовпен достасып, соның кеңесімен Томға кеп институтқа түседі. Сонда аяқ астынан баяғы лаборант Тасяны кездестіреді. 

Бүгінде Том политехникалық инсти­ту­ты­ның архивінде сақтаулы тұрған студент Таи­сия Кошкинаның жеке ісіндегі өмірбаян де­ректеріне қарағанда, Таисия Кошкина кө­пес сословиесінен шыққан (әкесі – көпес Алек­сей Федорович Кошкин, анасы Фели­цата Васильевна), туған жері Семипалат об­­­лысына қарасты Зырян кеніші. Семей қыз­дар гимназиясын үздік бітірген, 1918 жы­лы жоғары оқу орнына түсу құқын бере­тін қосымша жалпы білім класын түгескен. Том институтына 1919 жылы түсіп, 1924 жы­лы бітіріп шығады, оқу жылдары Нечевс­кий келте көшесіндегі 20-үйде тұрған. Қа­ныш болса, институтқа 1921 жылы түсіп, 1926 жылы аяқтайды. Оқу жылдары профес­с­ор Усовтың үйінде тұрады. 

Екі жастың қай уақыттан бір-біріне ұнат­қандық сезімдерін білдіре бастағанын дәл айту қиын, дегенмен мұны екі жақтың жа­зысқан хаттарына қарап добарлап, 1924-1925 жылдары орын алды деу жөн. Яғни, Таи­сия әйел бала болуы себепті Томда геолог ма­мандығына сай орын таба алмай Семейге ора­лып, үйреншікті мұғалімдер техни­ку­мы­на (бұрынғы семинария) орналасқан. Ал Қ­а­ныш Атбасарда қызмет еткен кезде екеуі бір-біріне көңіл жақындығын ашық білдіре бастағанға ұқсайды. Оған бір дәлел – Қа­ныш­тың Таисияға жазған хаттарының (бар­лығы елу шақты) алғашқысы төртінші курс­­ты бітіріп, жазғы мұрсатханаға Се­мей­ден Баянауылға бара жатып Зырян қала­сын­да жолдаған хаты. 

«Қымбатты Тася» – депті Қаныш атамыз 1925 жылғы 23 шілдемен белгіленген әлгі ха­тын­да. – Семейде сіз болмағасын көңілсіз жүр­мін... Тәңір бізді жолықтырып, өзіме сіз­дей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Бұ­дан көп бұрын, алғаш танысқанда-ақ сіз­дің қарапайым нышаныңызға, биязы қы­лығыңызға таңғалып едім. Сөйтіп, Сізді әб­ден танып-білуден соң өзіңізге мәлім ше­шім­ге келдім».

Бұндағы – соңғы «өзіңізге мәлім ше­шім­ге келдім» деген сөйлемге қарап іл­геріде, жүзбе-жүз өткен кездесулердің бірін­де жігіт қызға көңілін білдіріп, тіпті тағ­дыр жолдарын байлауға емеурін таныт­қан. Бірден төте ұсыныс жасамай, орағы­туы­ның себебі де белгілі – жілігі шағылмаған жі­гіт емес, үйде келіншегі екі қызымен (Ха­ниса, Шәмшиябану) күтіп отыр, сөз салып отыр­ғаны – орыстың мінезі тіктеу оқыған сыл­қымы және бұрын есік көрмеген әйел за­ты. Қалай қарайды, не болады? Көңіл күп­тігей. 

Дегенмен жігіт тәуекелге бел буып, 1925 жы­лы жазда қызға деген көңілін ашық біл­ді­ріп, мәселені бүйірінен қояды: «Сонымен, әң­гіме басталды, таяқ жерге тасталды. Ру­би­кон­нан өттім. Баянды бақытымызға нәсіп ай­ла. Сүйдім, Сіздің Қаныш». Жалғыз ғана ті­лек: бас қосқаннан кейін өзі – «жаратылысы да, сенім ұстанымы да қазақ» хат иесі қазақ да­ласынан алыстап кетпесе екен. 

Үшінші хат 1926 жылы 8 тамызда Мәс­кеу­ден жазылған. Онда Қанекең бұрынғыдай «Тася, Туся» деп есімін кішірейте орағытып жат­пастан хатын «Saulem Taisa-Tai!» деп бас­тайды. Соған қарағанда, Семейден Мәскеуге бой­жеткен тарапынан жылырақ, тіпті ұсы­нысты құп алған жауап жеткен сыңайлы. 
Сәтпаевтанушылар көпке дейін «Таисия Кош­кинаның Қаныш Сәтпаевқа жолдаған хат­­тары сақталмады, жоғалып кеткен» деп кел­ді. Медеу Сәрсеке «Таисия Алексеевна жауап хаттарын жойып жіберген» деп те жаз­­ды. Алайда Қанекең зайыбының көзі жұ­­мылғаннан кейін әлгі хаттарды Мейіз Қа­­­­нышқызы Алматыдағы Геология ғы­лым­дары институтының архивіне тапсырды. Со­лардың бірінде Таисия жеңгеміз 1927 жы­лы Қызылордадан Мәскеудегі Қанекеңе «Қым­­батты Сәулемчик! Тезірек келіңіз! Кел­месеңіз сағыныштан өліп кетермін. Тұрланға са­­парыңызда уақыт тауып, үш күн Қы­зыл­ор­даға соға кеткейсіз. Мен сізді қайтсе де жі­бер­­меймін...» деп жазыпты.

Бұл кезде, яғни 1927 жылы Таисия Се­мей­ден Қызылордаға ауысып, Қазақстан Хал­комы жанындағы Геолком өкілдігіне жұ­мысқа тұрған. Қаныш боса болмаса біраз­дан бері Мәскеуде, Атбасар түсті металдар тре­сінің сондағы басқармасында геолог. Бұл жылдары, екі-үш жыл ішінде екеуінің үйлене алмауының негізгі себебі – осы қызмет бабы, сонымен бірге Қаныштың елдегі үй-ішінің ба­сына түскен нәубет болды. Қаныштың ту­ған інісі Ғазиз (Бөкеш) және немере аға­лары Әбдікәрім мен Әбікей Сәтпаевтар «бай тұқымы ретінде 1920-жылдардың аяқ ше­нін­дегі репрессияның алғашқы толқынына ілі­кен-ді (үшеуі де кейінірек, 1938 жылы атыл­ды). Мұндай жағдайда Қаныш үшін ең қо­лайлысы – ел табыннан аулақта, Мәскеуде қа­ла беру еді.
Ақыры, 1928 жылы Таисия да Мәскеуге ауы­сып, Атбасар түсті металдар тресінің Мәс­кеу басқармасына геолог болып орна­ла­са­ды. Сол жылдың аяқ шенінде Қаныш екеуі отау құрады. Қаныш жаз шыға Ұлытауға – экспедицияға аттанады, жаңа босанған Таи­сия тұңғыш ұлдары Арсыланмен аста­на­да қалады. Бірақ аурушаң болып туған бала жиі-жиі ауырып, ақыры диагнозы біресе дис­пепсия, біресе дифтерияның танылмаған түрі деп танылып, әйтеуір белгісіз кеселден ше­тінеп кетеді. Баланың атын Арсылан деп Қа­ныштың өзі қойған еді.

Жалпы, бөгде жұрттан әйел алған оқы­ған жампоздарымыздың үйішілік, отба­сы­лық  өмірін шолып қарасаңыз екі түрлі жағ­дайды байқауға болады: Әлихан Бөкей­хан секілді қайсыбірі аралас некеден туған ба­лаларының аттарын орысша қойса (мә­се­лен, Елизавета, Сергей), Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сияқты көпшілігі қазақша ат-есім тағындырған. Қаныш та осыған ба­ғып, Үш баласына да Арсылан, Мейіз, Мә­риям дейтін қазақша ат беріпті, әлбетте, ұл­ты орыс зайыбының келісімімен.

Таисия Алексеевна анасына алғаш қа­­зақ­қа тұрмысқа шығатынын айт­қан кезде дана­гөй Фелицата Васильевна «Енді не болса да көнесің, қазаққа тұрмысқа шық­қаның  – бір ауыл тума-туысына тұр­мыс­қа шығу  екенін білдің ғой» депті. Қалада, мүлдем басқа жағдайда өскен Таисия, де­ген­мен, бұл жағдайды төзімділікпен қабылдап кө­неді. Мәскеуден Қарсақпайға келген­дерін­де өздерімен бірге күйеуінің алғашқы әйел­де­рінен көрген Ханиса, Шәмшиябану қыз­дары мен туыс қарындасы Зиннаттың, кейін Қамал Ақышев бастаған жетімектердің (бар­лығы жиырмашақты ауыз) тұрғанына тү­сіністікпен қарап, шыдас береді. 
Интернеттегі қайсыбір жария­ла­ным­дар­да «Қаныш Сәтпаев алғаш алғаны – Шә­ри­паны Таисия Кошкина үшін қоя берді» деген сыңайда әңгіме айтылып қалады. Бұл аны­ғын білмей, шындықтың байыбына бармай айтылған сөз. Қаныш Шәрипадан ажырас­па­ған, оны Алматыға балаларымен бірге кө­шіріп әкеп, бәйбіше ретінде араласқан. 

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс, ев­рей қыздары негізінен қыз кезіндегі фа­милияларын, ат-есімдерін өзгертпеген, бұл дәс­түрді бұзған жалғыз адам – Ахмет Бай­тұр­сынұлының зайыбы Александра Журав­лева, ислам дінін қабылдағаннан кейін өз ат-сойын тастап, Бадрисафа Байтұрсынова атан­ды. Ал Қаныштың жары Таисия әкесінің атын­да қала берді, бірақ 1944 жылы күйеуі­нің фамилиясына көшіп, Сәтпаева болып жазылды. 
Өзіміз байқаған мына бір жағдай:

Жоғарыда келтіргеніміздей, Таисияның шешесі Фелицата Васильевна. Фелицата – латын сөзі делінеді. Католик тарихында осы есім­мен римдік Фелицата, яғни, римдік мақ­тұл (мученица) деген әмбие жан белгілі. Де­се де, тарих бетін ақтарсақ, бұл есімнің одан бөлек асыл заты да бар екен. Яғни, кей­бір дереккөздер Фелицата есімін бағзы славян-татар атына апарып тірейді. Осыған қа­рап, Таисияның анасы христиан дінін қа­был­даған кірәшін татар қызы болуы да мүм­кін-ау деп ойлайсың (Баянауылда Қа­ныш­қа сабақ берген Григорий Терентьев м­ұ­ғалім сияқты). 

Фелицата әжеміз жан жомарттығы ерек­ше, қамқор кісі болыпты. Қы­зының қолына келіп тұрғаннан кейін үйдің бүт­кіл шаруасын өз мойнына алады да, Таи­сия Алексеевнаның өз мамандығынан қол үзбей, ерімен бірге экспедицияларға шы­ғуы­на жағдай жасайды. 

Таисия Кошкинаны бүкіл КСРО бойынша ал­ғашқы геолог әйел деп атайтын дерек кез­де­седі. Оның анығын білмедік, білетініміз – Таисия жеңгейдің талантты геолог-бар­лау­шы және ғалым болғандығы. Мейіз Қа­ны­ш­қы­зы анасының өз саласындағы қабілет-қа­ры­мы әкесінің тұлғалық бейнесінің таса­сын­да қалғанына, Сәтпаев жайлы мақала, ес­телік, кітап, фильмдерде тек қамқор үй би­бісі ретінде ғана аталатынына өмір бойы бек қынжылып өтті. Шынында, кеніште туып-өскен Таисия Алексеевна жаны қалап ал­ған мамандығынан еш қол үзбеді, Қы­зыл­ордада, Мәскеуде, Қарсақпайда, соңыра Ал­ма­тыдағы геология бөлімінде қызмет ат­қарған тамаша минералог. Ол Қарсақпайда мық­ты минералогиялық зертхана, фото­ла­боратория ұйымдастырып, сол кез үшін си­рек геологиялық музей ашты. 1934 жылы Мәс­кеуде өткен КСРО Ғылым академиясының Үл­кен Жезқазған мәселесіне арналған сес­сиясында Қаныш Сәтпаев, Михаил Руса­ков­тармен иық теңестіріп тұрып, Жезқазған кен орны туралы іргелі баяндамалардың бірін гео­лог-минералог Таисия Кошкина жаса­ға­нын екінің бірі біле бермейді. 

Таисия Алексеевнаның өз саласы бойын­ша айрықша еңбегі – оның Жезқазған кен­дерінде рений кенін ашқаны. Рений – бал­қуы қиын, ақшыл күміс түсті металл. Жез­қаз­ған мыс зауытында алюминий перен­на­ты, рений қышқылы металды ұнтақ ретінде алынған, қазір де алынып келе жатқан ол аса бағалы металл есебінде электрон при­бор­л­ардың, катод, масс-спектрометрлер мен термобулардың бөлшектерін әзірлеу ісінде қолданылады және ренийден жасалған қап­тамалар өзге металдарды таттан қорғауда тап­тырмайтын көмекші. Таисия Кошкина қай­тыс болған соң оған осы жаңалығы үшін КСРО Геология министрлігінің арнайы дипломы мен медалі берілді. 

Бүгінде пабликтерде қазақ зия­лы­ла­ры­ның өзге ұлт өкілдеріне үйленуінің негізгі се­бебі ретінде компормизм, яғни өмірбаян үшін, мансап мәселесін ойлап осы қадамға бар­ғандары жиірек айтылып, жазылып жүр. Расында да, зиялыларымыз кешегі бір кер заманда бас сауғалап – Мәскеу барып аман қал­ғандары, сол жақтан қорғау-қолдау көр­гендері тарихи факт. Объективті түрде бұл солай, әйткенмен солай екен деп мәселенің субъективті жағын тасада қалдыруға бол­май­ды. Қалай болғанда да, неке – екі кісінің ара­сында сезіммен, жүрек қалауымен бола­тын шаруа. Егер сондай сезім, жақсы көру, сүйіспеншілік болмаса Таисия еріне серік болып, тау-тас кезіп жүрмес еді; 1951 жылы Қа­ныштың басын бұлт шалып, жалған айып­пен Ғылым академиясы президенттігінен бо­сап, денсаулығына қатерлі ақау ілінген шақ­та базбір әйелдер сияқты ерін тастап елі­не кетпестен Мәскеу, Кисловодскіні бірге адақ­тап, моральдық қолдау көрсетпес еді; қу­ғында жүрген күйеуінің түп-тура Ста­линнің өзіне хат жазуына мұрындық болмас еді; мұртты көсемнің әлгі хатқа «Сәтпаевқа сену керек, оны партиядан аластатпау керек» деп қол қойған бұрыштамасына қол жеткізбес еді. 

Жақсы көрмесе, сүймесе, 38 жыл отас­қан жарынан 63 жасында же­сір қалғанынан кейінгі 12 жыл ғұмырын Қа­нышының соңында қалған бай ғылыми мұра, жеке архивін ғылыми жүйелеуге, «Ака­демик Қ.И.Сәтпаев» атты естеліктер жина­ғын, 5 томдық таңдамалы еңбектер жинағын шығаруға, басына құлпытас көтеріп, Ғылым ака­демиясы бас ғимаратында кеудемүсінін ор­натып, Қарсақпай мен Баянауылда мұра­жайларын аштырмас еді-ау.
1976 жылы 6 сәуірде абзал жүрегі соғуын тоқ­татқанға дейін сырқатының меңдеуіне қа­рамай, «Қаныш Имантайұлы Сәтпаев» дей­тін деректі повесін жазып шығар ма еді, қай­тер еді, егер қазақ оғыланына деген асқан сүйіс­пеншілігі болмаса?!
О, махаббат, сенің не құдіретің бар?!

Бақытжамал АЙМҰХАМБЕТОВА,
«Академик Қ.И.Сәтпаев» мемориалдық музейінің бөлім меңгерушісі

 

Серіктес жаңалықтары