Аманжол Қалыш: Қазақ қай елде жүрсе де, қазақ екенін ұмытқан жоқ

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Аманжол Қалыш: Қазақ қай елде жүрсе де, қазақ екенін ұмытқан жоқ
сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан
1167

Тарих ғылымының этнология, этнография салаларының өзіндік зерттеу тәсілі, объектісі бар. Мұның алдыңғысы өткен дәуірлердегі мағлұматтарды соңғы деректермен салыстыра зерттеп, халық тұрмысы мен мәдениетінің тарихи даму үрдісін анықтаса, кейінгісі қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекше­ліктерін зерттейді. Міне, осы екі салада да тер төгіп жүрген белгілі ғалым Аманжол Қалыш этнография мен этнология бойынша көптеген ғылыми кітап жазған. 

Ғалыммен сұхбатымыз қазақ халқының тұрмыс-салты, рухани әлемі, отбасы құндылықтары жайында, қандастар туралы және елімізде қоныстанған өзге ұлттар диаспоралары жайлы өрбіді.

– Аманжол Боранбайұлы, ғылыми бағытыңыз – этнология, этнография. Бұл сала бойынша көптеген еңбек жаз­дыңыз. Алғашқы сұрағым: елі­міз­дің аумағы кең болғандықтан, онда хал­қымыздың шашырай қоныс­тан­ғаны белгілі, сондықтан олардың тұр­мыс-салтында, дәстүрлерінде көз­ге көрінетіндей қандай да бір айыр­ма­шылықтар бар ма немесе бұл тарап­та біртұтастық басым ба?

– Этникалық тек пен тілдің тұтастығы бірік­тірген қазақ –  әу бастан рухани жа­ғы­н­ан тұтас ел. Сондықтан олар өсіп-өн­ген ел аумағы қаншалықты кең болса да, со­ның себебінен шашырай қоныстанып, көп рулы халық өзара бір-бірінен жы­рақ­тау ғұмыр кешсе де рухани жағынан бір­текті, бүтін болмысынан ажырамай, дәс­түр-салты, әдет-ғұрпы жағынан онша­лық ерекшеленген жоқ.
Тарихи қиын кезеңдерде, оның ішін­де Кеңес өкіметі кезіндегі те­ріс саясаттың кесірінен біздің отан­дас­тары­мыздың біразы атажұртынан кетуге мәжбүр болып, жан-жағындағы елдерге (Қы­тай, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, т.б.) ауды. Сондықтан бұл үдерістің объек­тивті мәні бар, яғни, олар жерінен тыс жерге өз еркімен кетпегені анық. 
Біріншіден, олардың бір бөлігі өзде­рі­нің ата-бабасының жерінде өмір сүрді, мұ­ны нақты дереккөздер бойынша дә­лел­деу­ге болады. Себебі Ресей патшасының отар­лау саясаты кезеңінде Қазақстанның кей­бір аймақтарының жерлері біздің екі ірі көршіміздің құрамына еріксіз қосыл­ды. Екіншіден, XVII-ХХ ғасырдың ба­сын­да шетелдік басқыншыларға (жоңғарлар, қалмақтар, ортаазиялық хандықтар мен әмір­ліктер, ресейлік іс-әрекет) қарсы ұлт-азат­тық көтерілістердің сәтсіз аяқта­луы­на байланысты өз Отанынан басқа елдер­де пана іздеуге мәжбүр болды. Үшіншіден, 1920-1930 жылдардағы кеңестік тотали­тар­лық мемлекеттің күшпен енгізілген әкім­шілік және өзге де реформалары қа­зақ­қа ауыр тиді. Соның ішінде 1920-1922 жыл­дардағы қуғындау 1,5 миллионнан аса қазақтың өліміне алып келсе, 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылық – 1 миллионнан астам қазақтың көршілес елдерге көшуіне әкеп соқтырды.
Дегенмен біздің отандастарымыз қай жер­де болса да, өздерінің этникалық сәй­кес­тігін, этникалық менталитетін, этно­мә­дени ерекшеліктерін, ислам дініндегі ха­нафи мазхабының, жеті атаға дейінгі экзо­гамдық тыйымды және рулық дәстүр­лер­ді білуге, сақтауға тырысты. Олар шет­елдерде мекендесе де, аға буынның өсие­тін есінде сақтап,  тарихи Отаны –Қа­зақстанға оралуды армандады.
Олардың этномәдени дамуындағы ай­тарлықтай айырмашылықтардың бай­қалмайтындығы – еліміздің белгілі бір аймақтарынан шығуымен түсіндіріледі. Мысалы, Моңғолияның Баян-Өлгей, Қоб­да аймақтары, Қытайдың Алтай немесе Құлжа аудандарынан оралған қандас­тары­мыз үшін біз жоғарыда көрсеткен этни­калық ерекшеліктердің ортақтығы Шы­ғыс немесе Оңтүстік-Шығыс Қазақ­стан­дағы (Жетісу) жерлестеріне тән. 
Ал Орталық Азия республикаларынан кел­ген қазақ үшін басқаша: мәселен, бір кез­дері дәл осы аумақтарды тастап кеткен Қыр­ғыз Республикасы, Тәжікстан, Таш­кент, Самарқан  және Өзбекстанның бас­қа да бірқатар облыстарынан келген қан­дастарымыздың Оңтүстік Қазақ­стан­да­ғы жергілікті отандастарымен ортақ­тығы байқалады. 
Сондай-ақ Түрікменстан мен Қара­қал­пақстаннан оралған  қандас­тары­мыздың – Батыс Қазақстанның төрт облысы және Қызылорда облысында-
ғы жер­­лестерімен ортақтығы айқын 
көрі­не­ді.
Орталық Азия республикаларынан, сон­дай-ақ Ауғанстан, Иран және Түр­кия­дан келген қандастарымыздың айрықша ерек­шелігі – ислам дініне, материалдық жә­не рухани мәдениеттің дәстүрлі адам­гер­шілік-моральдық қағидаларына, от­ба­сылық-некелік қатынастарға қатысты құн­дылықтарды сақтауында.
Алыс шетелдерден, әсіресе Иран, Ау­ған­стан және Түркиядан оралған қан­дас­тары­мыз үшін қазақ тілін игеріп кетуде қиын­дықтар туындады. Ал Моңғолия мен Қы­тайдан келген қазақтарға мұндай қиын­дық болған жоқ. 
Қандастарымыздың тағы да бір ерек­ше­лігі – олардың ұстамдылығы, өз  сезім­де­рін көрсетуге асықпайтыны.  Өйткені шет мемлекеттерде оларға деген көзқарас мүлдем басқаша, бірақ олар әрқашан өз­дерін шетелде қазақ ретінде сезінді. 

– Этнология – халықтардың құра­мын­­дағы түрлі тайпалардың шығу тегін зер­т­тейтін ғылым саласы, көп жағ­дайда ол тарихи-этнологиялық жә­не т.б. гума­ни­тарлық  зерттеулерге сүйе­неді. Ал біз­дің халық шежірелік де­рек­терге мән бе­ре­ді. Сіз қазақ хал­қына кіретін тай­па­лар­дың шығу те­гін зерттеп, бірнеше кітап жаз­дыңыз, мә­се­лен, «Қазақ тайпаларының тари­хы. Жағалбайлы. 2-кітап» (Алматы, 2006), «Қазақстанның этникалық зерт­­теу­лердегі тарихы. Тама. 3-кітап» (Ал­маты, 2009), «Табын. Шежіре. 3-кі­тап» (Алматы, 2023) сияқты еңбек­тері­ңіз бар. Бұл еңбек­теріңіз арқылы қазақ тайпаларының пай­да болуына байланысты қандай ғы­лыми 
негіз­дер­ге сүйендіңіз, әлде ше­жіре­лік де­рек­терді басшылыққа алдыңыз ба?

– Бұл кітаптарды дайындау кезінде мен кәсіби тарихшы және этнограф ре­тін­де тарих ғылымында дамыған әдіс­тер­ге және оларды зерттеу ерекшеліктеріне сүйе­нуге тырыстым. Біз ежелгі және орта ға­сырлардан бастап ХХ ғасырдың басына дейін­гі үлкен хронологиялық кезеңді қам­титын жазбаша сипаттағы мынадай бас­тапқы дереккөздерге сүйенеміз:
Жылнамалар, ғалымдар, саяхатшылар, дип­ломаттар, саудагерлер, әскери тұл­ға­лар, шенеуніктер, әскери тұтқындардың еңбектері мен естеліктері;
Қазақтардың 43  рулық-тайпалық то­бы­ның, олардың белгілі бір өкілдері мен бізді қызықтыратын өңірлер, облыс­тар, уездер мен болыстар, әкімшілік ауыл­дар бойынша деректер, сондай-ақ қазақ хал­қының құрамындағы осындай сүйе­мел­деуі  бар дереккөздер, 1897, 1917, 1920 жә­не 1926 жылдардағы халық санағының ма­териалдары. Сонымен қатар қазақ­тар­дың құрамындағы төре, қожа, сунақ, тө­леңгіт және басқа да субэтностарға бай­ла­нысты мәліметтер;
Облыстар мен республикамыздың Ор­талық мұрағатында сақталған мұрағат ма­териалдары;
Революцияға дейінгі Қазақстан мен Ре­сей империясының барлық облыстары, уез­дері, болыстары және әкімшілік ауыл­да­рында қазақтардың шежіресі, шығу те­гі, қоныстануы, саны, шаруашылық-мә­дени типі, отбасылық жағдайы және т.б. бойынша көптеген деректі қамтыған 60 томдық «Қырғыз (қазақ) жер пайдалану жө­ніндегі материалдар» (1890-1914 жж.). Бұл деректер Ресей империясының көп­те­ген губерниясы мен облысынан қоныс ау­дарған шаруалардың пайдасына жер­гілік­ті қазақтардан «артық» деп аталатын жер­лерді алып қою үшін пайдаланылған;
«Шежірені» жақсы тарқататын ма­ман­дардың арасынан біздің респуб­ли­ка­мыз­дың аумағында ғана емес, одан тыс жер­лерде (ҚХР, Моңғолия, Орталық Азия республикалары, Ресей Федерациясы) не­месе Ауғанстан, Иран және Түркиядан кел­ген репатрианттардың арасынан жи­нал­ған далалық экспедициялық этног­ра­фиялық материалдар;
Қазақтардың тайпалық-ру құрамы бойынша кәсіби мамандар мен ака­де­мия­лық ғалымдардың (Мәшһүр Жүсіп Кө­пей­ұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Марат Мұ­қанов, Халел Арғынбаев, Вениамин Вост­ров, Жамбыл Артықбаев және т. б.) жа­рияланған еңбектері мен қолжаз­ба­лары;
Өз кезіндегі көрнекті отандық ға­лым­дар, профессорлар, акаде­мик­тер Талас Омарбеков, Берекет Кәрі­баев жә­не бизнесмен Хайрулла Ғабжа­лилов бас­қарған «Алаш» тарихи-этног­рафиялық ор­талығының қазақтардың тайпалары мен руларының тарихы, шежіресі бойын­ша көптеген еңбегі мен зерттеуі;
Жазушылар, журналистер, өлке­тану­шы­лар және әуесқойлар шығарған белгілі бір тайпалық топтардың шежірелері, ес­те­ліктері.
Міне, осыларды сараптай, саралай кел­генде, біздің халқымыздың этникалық не­гізі туралы шындыққа қол жеткізуге бо­лады.

– Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт қа­зақ халқы болғанымен, мұнда көп­теген ұлттың диаспорасы өмір сү­ріп жатыр. Олардың кейбірі елі­міз­ге 1-1,5 ғасыр бұрын  қоныстана бас­та­ғаны белгілі. Осы орайда, «Қа­зақ­станның қырғыздары» (Астана, 2016), «Қазақстанның әзірбай­жан­дары (Астана, 2016), «Қазақстанның түрікмендері» және т.б. зерт­теу­ле­ріңіздің мәні туралы сұрағым келіп отыр: мұндай зерттеулер жа­сауыңыз­ға не себеп болды?

– Мен үшін бұл тақырып кәсіби қы­зы­ғушылық тудырады, өйткені біздің по­лиэтникалық мемлекетімізде қазақ пен  орыс сияқты ірі этностар мен қатар са­ны жағынан шағын – оншақты және жүз­деген ұлыстан жүз мыңға дейін же­те­тін шағын этникалық топтар (өзбектер, ук­раиндар, немістер, ұйғырлар, бело­рус­тар, әзірбайжандар, түріктер, корейлер, дүн­гендер және т. б.) өмір сүреді. 
Мен бала кезімде Ақтөбе облы­сын­да­ғы Қандыағаш қаласында, Ни­­­кель-Тау теміржол стансасында тұр­дым, онда қазақпен бірге орыс, украин, не­міс, шешен, кәріс халықтарының өкіл­дері тату тұрды. Жас кезімнен осы халық­тар­дың балаларымен дос болуға және оқу­ға, әртүрлі қоғамдық (тасаттық, Ораза жә­не Құрбан айттар), отбасылық мере­ке­лер мен астарға қатысуға тырыстым. Сон­дықтан маған кеңестік тоталитарлық мемлекет тұсында олардың этникалық ерекшеліктеріндегі құндылықтарымен бірге кемшіліктерімен де танысу  оңайы­рақ болды. 
Айта кететін бір нәрсе, мен мектепті Ре­сей Федерациясының Орынбор об­лы­сының Орск қаласында бітірдім, ешқашан ұлт­шылық пен шовинизмнің қысымына ұшыраған емеспін. Олар маған өте жылы қарады, менің барлық қызығушылығым  мен ұмтылысымды қолдады, болашақ ма­мандығым – тарих және тарих ғылымы үшін жақсы «трамплин» жасап  берді.
Шартты түрде полиэтникалық Қа­­зақстанда тұрып, ең беделді жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс іс­теуім, студенттер, магистранттар және PhD-докторанттарға Қазақстан, жақын және алыс шетелдер халықтары бойынша дәрістер оқуым, этникалық және эт­номәдени үдерістер бойынша мақала,  оқу­лық, кітап  шығаруым, Қазақстанда тұратын қырғыз, әзірбайжан, түрікмен сияқты түркі халықтарын арнайы зерттеу нысанаға алуыма ықпал етті.
Мен титулды қазақ ұлтының өкілі ре­тінде республикамыздың барлық эт­нос­тарына құрметпен қараймын,  объек­тивті және кәсіби маман ретінде белгілі бір этностың жағдайы мен өмірін, ерек­ше­лігін, жергілікті толерантты қазақ хал­қының оларға деген оң ықпа­лын жан-жақты зерттеуге ты­ры­самын. Осыған бай­ла­ныс­ты менің көзқарастарым атақ­ты ақынымыз Ол­жас Сүлейменовтің «Тау­­ларды аласартпай, да­ланы асқақта­тайық!» деген қағи­да­сына дәл келеді.
Әрине, өз еңбек­те­рім респуб­ли­ка­мыз­­да мекендейтін түр­лі этностарға – әзір­­байжандар, қыр­ғыз­дар, түрікмендерге ға­на емес, сонымен қатар еліміздегі ук­раин, белорус, Қырым татарлары мен қа­ра­қалпақтар бойынша кітаптар дайын­дап жатырмын. Шынында да, бұл этнос­тар біздің республикамыздың аумағында 80 жылдан бірнеше ғасырға дейін ара­лық­та өмір сүріп келеді, біздің жа­қын жә­не алыс шетелдердегі  қан­дас­тары­мыз сияқ­ты олар да қазақ еліне өз еркі­мен қо­ныстанған жоқ. Оларға бай­ла­нысты ең­бектер жазарда мен, ең алдымен, дерек­ті және мұрағаттық дереккөздерге, рево­лю­цияға дейінгі Ресей (1897), КСРО ке­зін­дегі (1926, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 жж.), сондай-ақ егемен Қазақстан (1999, 2009, 2021 жж.) кезіндегі халық санақтары материалдарына сүйенемін.

– Өзге елдегі туып-өскен қандас­тар­ды зерттеуде де біраз еңбек етіп, «Орал­мандарды қазақстандық қоғам­ға интеграциялау жолдары: шындық­тар мен сын-тегеуріндер» (Алматы, 2013), «Отанға оралу: күту және шын­дық: оралмандарды қа­зақстандық қо­ғамға интегра­ция­лаудың психо­ло­гиялық мәселелері» (2014), «Қазақ­стан­ның көші-қоны: жаһандану жағ­дайындағы этни­ка­лық репатриа­циян­ың сын-тегеу­рін­дері» (Алматы, 2015) атты кітаптар шы­ғардыңыз. Қан­дастарымызға қа­тысты қандай проб­лемалар бар? Оны шешудің нақ­ты жолдары бар ма?

– Проблемалар жеткілікті, алайда біз­­дің мемлекетіміз  тәуелсіз дамуын жа­рия­лаған сәттен бастап өз азаматтарын – эт­ни­калық қазақтарды Қазақстан аумағына қай­тару жөнінде зор күш-жігер жұмсап келеді. Оларды қайтаруға және қазақстан­дық қоғамның ерекшелігіне бейімделуі мен интеграциялауға, тұрғын үй алуға, жо­ғары оқу орындарында білім алуға, жұ­мысқа орналасуға және т.б. қолжетімді ар­найы бағдарламалар бар.  Соның ішінде «Нұрлы көш» бағдарламасының орны бө­лек. Осы мақсаттарды жүзеге асыру ая­­­­­сын­да миллиардтаған қаржы/суб­си­диялар бөлінеді, соның ішінде Дүние­жү­зілік қазақтар құрылтайының, жақын жә­не алыс шетелдердегі отандастары­мыз­дың этномәдени орталықтарының әре­кеттерін үйлестіру,   Қазақстанның же­тек­ші жоғары оқу орындарында оқуға ұм­тылатын жастар үшін квота  бар.
Біздің қандастарымыздың пси­хо­ло­гиялық бейімделуіне байланысты объек­тивті қиындықтар мынадай: 
Олардың көбі бұрынғы ата-бабасы­ның мекендеген өңірлеріне көше алмай­тыны. Мысалы, Ауғанстан, Иран, Түркия, Ор­талық Азия республикаларынан көш­кен репатрианттар үшін Солтүстік, Шы­ғыс немесе Орталық Қазақстанның та­би­ғи-климаттық жағдайларына шыдау қиын;
Орыс тілін нашар білуіне байланысты тіл­дік кедергілер мен ыңғайсыздықтар жиі кездеседі, өйткені олардың көпшілігі басқа тілде оқыған және бұрыңғы әліпбиді (төте жазуды) меңгерген;
Алыс шетелдерден көшіп келген қан­дастарымызды белгілі бір ыңғайлы, қазақ  шоғырланған аймақтарға орналастыруы реттелмеген. 
Мысалы, «Нұрлы көш» бағдарламасы ая­сында Өзбекстаннан Түркістан об­лы­сына, Түркістан,  Шымкент қалаларына кө­шіп келген қандастарымыз  табиғаты мен экологиясы өздеріне қолайлы  жаңа ықшамаудандарды таңдап алған. Дәл осын­дай үлгіні Түркия, Иран мен Ауған­стан­нан келген біздің репатрианттарға да жасау қажет еді. Дәл осындай пози­тив­тік үлгілер Ресей, Израиль мемле­кет­терін­де жүзеге асырылуда.

– Сан-салалы зерттеулеріңіздің бір парасы Қазақтандағы отбасы мен неке мәселесіне арналады екен. Елі­мізде ажырасу көп, соның себебінен то­лық емес отбасылардың көбейіп бара жатқаны белгілі. Келеңсіз құ­бы­лыстың қалай алдын алуға болады?

– Мен 30 жылдан астам уақыт бойы қа­зіргі Қазақстандағы этникалық, эт­номәдени, отбасы мен неке, ажырасу мә­селелерімен тек жергілікті қазақ эт­но­сының мысалында ғана емес, сонымен қатар олармен бірге тұратын бауырлас түр­кі және басқа да этностарды – орыс, ук­раин, белорус, неміс, өзбек, ұйғыр, тү­рік, әзірбайжан  және т.б. мәселелерімен ты­ғыз айналысып келемін. Осыған бай­ла­нысты зерттеулерімді біздің елімізде жә­не одан да тыс елдерде мақала, баян­да­ма және монография  ретінде жарыққа шығарып жүрмін.
Отбасы – қоғамның ықшам ұжымы, ша­ғын мемлекеті. Оның әл-ауқаты кө­бінесе ерлі-зайыптылардың өздеріне, үл­гілі от­басылық қатынастарға, кәме­лет­ке толмаған балалар мен жастарды бағ­дар­ланған дәстүрлі қазақи тәрбиелеуге, экономикалық және шаруашылық жа­ғынан өзін-өзі қам­тамасыз етуге, қоғам­мен, социуммен, ай­наласын­дағы­лармен, жақын туыста­ры­мен, көршілерімен, жұ­мыс сатысындағы әріп­тестерімен, жалпы ор­тамен дұрыс қарым-қатынасқа байла­нысты.
Жоғарыда аталған факторлар бұзыл­ған кезде, моральдық-адамгершілік прин­цип­терінен ауытқу, басқа да адамдардың от­басына араласуы (туыстары, әріптес­те­рі, достары), деструктивті мінез-құлық (маскүнемдік, зорлық-зомбылық, алдау), эго­центризм, сондай-ақ кездейсоқ неке (есеп­теу бойынша, жоспарланбаған жүк­тілік немесе туу) салдарынан дағдарыс, жанжалды жағдай туындайды.
Мемлекет пен отбасы үшін жағымсыз жан­жалды жағдайға және отбасылық-не­келік қатынастардың бұзылуына өтпелі ке­зеңдегі нарықтық қатынастардың қиын­дықтары, жасырын жұмыссыздық, жаңа кезеңнің қиындықтарына бейімделе алмау да әсер етеді.
Жас отбасыларға тұрғын үй сатып алу­да, тиімді және нақты мемлекеттік кө­мек қажет, атап айтқанда жастарға де­ген шағын несиелер, мектепке дейінгі ба­лалар мекемелерінде жеңілдікті орын­дармен қамтамасыз ету, олар үшін не­сиелерді жеңілдету, тіпті несиесін жою. Мем­лекет тарапынан қолданыстағы кө­мекті алуға шенеуніктер (жоғарғы/тө­менгі) тарапынан кедергілер де бай­қа­ла­ды, ол көмектер әрдайым мұқтаждарға же­те бермейді.
Халықтың осындай санатына кө­мек­тесу үшін БАҚ-та, мемлекеттік арналарда осын­дай отбасыларға жедел көмек көр­сету орталықтарын ұйымдастыру, құру қажет деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары