Президент: Су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр

Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ.

Президент: Су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр
akorda.kz
589

Елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары