Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада төрт медаль алды
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Қазақстандық оқушылар EGMO-2024 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадада төрт медаль жеңіп алды.
Цхалтубо қаласында (Грузия) EGMO-2024 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 54 елден 212 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасында төрт оқушы мен екі жетекші бар.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан командасының қоржыны 4 медальға толықты:
Күміс медаль - Анастасия Одинцова - Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
Күміс медаль - Амира Кенбаева – Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Қола медаль - Арай Қасенова – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы;
Қола медаль - Аружан Батырхан - Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы.
Айта кету керек, EGMO алғаш рет 2012 жылы Кембриджде ұйымдастырылды. Қазақстан олимпиадаға 2017 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдарда Қазақстан құрамасы 3 алтын, 11 күміс, 12 қола медаль және 4 құрмет грамотасын иеленді.