Халық тасқынның зардабын еңсеруге жұмылды

Су алған өңірлердегі жағдайды реттеу жұмыстары жалғасып жа­тыр.

Халық тасқынның зардабын еңсеруге жұмылды
сурет: akorda.kz
1042

Су алған өңірлердегі жағдайды реттеу жұмыстары жалғасып жа­тыр. Осы аптада Президент Солтүстік Қазақстан және Қостанай об­лыстарына барып, жағдайды өз көзімен көріп, халықпен жүздесті.

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бө­лім­дер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш жария еткен 18 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, су тасқыны басталғалы бері 118 мыңға жуық адам, оның ішінде 44 мыңға жуық бала құтқарылып, қауіпсіз жерге кө­шірілген. 4 мыңнан астам тұрғын үй мен 2,5 мың­нан аса аула аумағынан су бұрылды. 19 мыңға жуық адам өз үйіне оралды. Зардап шеккен өңірлерге 4 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жет­кі­зілді.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында 5 798 тұрғын үй әлі де су астында. 7 мыңдай адам, оның ішінде 3 мың бала эва­куа­ция пункттерін паналап жатыр.

Тасқын салдарын реттеуге ірі кәсіпкерлер жұмылдырылатын болады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қа­зақстан облысына жұмыс сапарын Қызылжар ауданын, Петропавл қаласының төңірегін және Сергеевка су қоймасын тікұшақпен аралап көруден бастады.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет бас­шысына Солтүстік Қазақстан облысының Қы­зыл­­жар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қа­­ласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкі­мінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жа­рияланған. Қазір 2 мыңнан астам тұрғын үй­ді су басқан, 10 345 адам эвакуа­ция­ланған. Су тасқынына қарсы шараларға 5 270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Ха­лықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инф­рақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апат­тан зардап шеккен азаматтардың ма­­­териалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сол­түстік Қазақстан облысының су бас­қан аумағын тікұшақпен аралап көр­ген­нен кейін қарғын су салдарынан эва­куа­ция­ланған аудандардың халқымен кез­десті.
Тұрғындармен әңгімелескен кезде Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есеп­тегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инф­ра­құрылыммен қамтамасыз етіледі. Со­ны­мен қатар зардап шеккен тұрғын­дар­дың не­сиесі мен қарызын төлеу мерзімі ше­гері­леді.
Мемлекет басшысы ешбір азамат на­зар­дан тыс қалмайтынын айтты.
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бас­тан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлт­тық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қа­­­­расақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шек­кен азаматтардың барлығына қолдау көр­сетеді. Біз су тасқыны салдарынан бол­ған барлық шығынды өтейміз. Әрбір аза­мат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқор­лы­ғында болады. Бұл – мен үшін басты мін­дет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің бір­қа­тар өңіріндегі су тасқынына бай­­­ланысты қалыптасқан күрделі жағ­дай­ды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қар­жысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, ор­талық мемлекеттік және жергілікті ат­қа­рушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тап­сырма берді.
– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақ­­­­сатында ірі халықаралық форумды өт­­­кізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дү­ниежүзілік көшпенділер ойындарына жұм­салатын шығынды қысқартамыз. Әри­не, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тар­ту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қар­жы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бө­лек, еліміздің Токиода өтетін Дү­ние­жүзі­лік көрмеге қатысуына бөлінген бюд­жет те қысқарады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мем­ле­кет­тік органға су тасқыны салдарынан са­бақ алуы керек екенін айтты.
– Бізде мұндай апаттарды алдын ала ес­керту жүйесі жетіспейді. Қажетті ма­ман­дар да тапшы. Қазір гидротехник кадр­­­ларды даярлау туралы шұғыл шешім қа­былданды, – деді Мемлекет басшысы.
Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облы­сы­на барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңір­дегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тік­ұшақ­пен су басқан аумақтарды аралап көр­ді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тас­қы­нына байланысты өңірдегі алты аймақ­та төтенше жағдай жарияланғанын айт­ты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тас­қы­­нынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағ­дай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су ас­тында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 кө­пірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1 414 электр бағанына зақым келген. Нәти­же­­сінде, Қостанай мен облыстың оң­түс­тігіндегі аудандар арасында көлік қа­ты­насы қиындап, 13 елдімекенді электрмен қам­тамасыз етуде қиындық пайда болды.
Сонымен қатар Президентке облыс­тың негізгі гидротехника нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл жә­не Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақ­са­қалов елдімекендер мен инфрақұры­лым­дарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөл­шері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.
Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инерт­ті материалдарды төгу нәтижесінде То­был қаласын, Амангелді ауданының ор­­­талығын және басқа да елдімекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін бол­ған.
Одан соң Президент Тобыл қаласында ор­наласқан жедел штабта су тасқынынан зар­дап шеккен Қостанай ауданына қа­рас­ты ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев аза­мат­тық белсенділік танытқан және апат­қа бейжай қарамай жанашырлық біл­дір­ген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде ай­қын көрінетінін атап өтті.
– Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы кел­дім. Жағдайдың күрделі екенін түсі­не­мін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мә­селені шешуге бағытталып жатыр. Пре­зидент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғын­дар­ға барынша көмек көрсету, – деді Мем­ле­кет басшысы.
Президент мемлекеттің қаржысын қа­таң үнемдеу режимі енгізілгенін, қара­жат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зар­дап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өте­леді. Сонымен қатар тұрғын үйі жа­рам­­­сыз азаматтарға жаңа баспана са­лы­на­ды және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып бере­міз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, олар­ға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Де­генмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде бол­майды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай са­лы­на­ды. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сон­дай-ақ күзде барлық құрылыс жұ­мыс­тарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Пре­зидент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тас­қынының салдарын еңсеру үшін әр ай­маққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітіле­ті­нін айтып өтті.

Петропавл қаласындағы жағдай күрделі

Қазіргі жағдай мен болжамдар туралы ОКҚ алаңында «Қазгидромет» РМК баспа­сөз хатшысы Алина Исмагулова баяндама жасады.
Ресми өкілдің мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысымен шекаралас өңір өзен­дерінде су тасқыны шарықтау ше­гі­нен өтті. Болжамға сәйкес, БҚО аумағынан су тасқыны толқынының бәсеңдеуі сәуір­дің үшінші онкүндігіне қарай болады. Шығыс Қазақстан облысында жазық ау­мақта қардың еруіне, көлбеу ағындардың пай­да болуына және өзендердің ашылуы­на байланысты су тасқынының бірінші тол­қыны байқалады, ол сәуірдің екінші он­күндігіне дейін жалғасады.
– Батыс Қазақстан облысы бойынша қа­зіргі жағдайға келсек, облыстың ішкі өзен­дерінің көбінде су тасқынының ша­рық­тау шегі өтті. Ресей Федерациясынан (Орын­бор қ.) Орал қаласына судың келуі­не байланысты үлкен су 18-20 сәуірде бо­лады деп күтілуде. Қостанай облысында көп­теген өзенде су тасқыны шыңы өтіп, су деңгейінің төмендеуі байқалады. Сол­түс­тік Қазақстан облысы бойынша ішкі өзен­­дердің көбінде су тасқынының бірін­ші толқыны өтті. Ақмола облысында аға­тын Есіл өзенінің салаларынан судың тү­суіне байланысты Есіл өзенінде су тас­қынының екінші толқыны басталды, – деді спикер.
Ақмола облысында су деңгейі әлі де құ­былмалы болып тұр. СҚО су тасқы­ны­ның екінші толқынына дайындалып жа­тыр. Сергеев су қоймасында аққан судың ең жоғары көрсеткіші 425 см болды. Бі­рін­ші толқын өткеннен кейін ол 250 см-ге дейін төмендеді. Қазір екінші толқынның келуіне байланысты су қоймасындағы су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Қы­зыл­жар ауданы мен Петропавл қаласын­дағы жағдай күрделі. Қызылжар ауданы­ның елдімекендерінде және облыс орта­лы­ғы аудандарының бір бөлігінде су тас­қыны болды. Петропавл қаласы бойын­ша 1 626 үй, Қызылжар ауданында 12 үй су астында қалды.

18 мың адам үйіне оралды

Су басқан өңірлерде құтқару жұ­мыс­тары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тас­қыны салдарын жою жұмыстары жал­ғасып жатыр. 18 сәуірдегі мәлімет бойын­ша, 18 651 адам үйіне оралды. 
Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүр­гізілді. Су тасқыны басталғалы бері бар­лығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 мал басы қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс жә­не әскери бөлімдер комитетінің аға офи­цері Ерасыл Сайпаш ОКҚ брифингінде мә­лімдеді.
Қазір 6 887 адам, оның ішінде 3 166 ба­ла эвакуациялау пункттерінде. 4 216 тұр­ғын үй мен 2 698 аула аумағынан су­дың бағыты бұрылды. 10,1 млн-нан астам тек­ше метр еріген қар суы сорып шыға­рыл­ды, 3,2 млн қапшық және 1,4 млн тон­на­дан астам инертті материал төселді.
– Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Сол­түстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су ас­тын­да қалуда. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұ­ғыл психологиялық және ақпараттық кө­мек көрсету мақсатында тәулік бойы ке­зекшілікті атқаруда. Жедел желі те­ле­фо­нына 1 932 қоңырау түсті. Авариялық-құт­қару және су тасқынына қарсы жұмыс­тарға  44 156 адам,  4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе ке­ме­сі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтер­лер де белсенді қатысуда, – деді спикер.
ТЖМ азаматтарды су тасқыны ке­зеңін­де қауіпсіздік шараларын сақтауға, үй­лерден және эвакуациялау пункттерінен тиіс­ті рұқсатсыз кетпеуге шақырады және ба­лаларды қараусыз қалдырмау керек еке­нін ескертеді.

Тасқын суды ұтымды пайдалану жолдары қарастырылып жатыр

Су ресурстары және ирригация ми­нистр­лігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуа­лиева ОКҚ алаңында еліміздің су қой­ма­ла­­­рындағы ахуал жайында баяндады. 27 нау­рыздан бастап еліміздің солтүстік, ба­тыс, орталық және шығыс аймақта­рын­да­ғы су қоймаларына 15,9 текше ша­қы­рым су келді. Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймаларына 92 пайыз су жи­налған. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген, бір­ақ ол кезде де мұндай қарқынды ағын­ның қалыптасуы болған жоқ. Қазір екі су қой­масы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұр­ғын­дарын қажетті мөлшерде сумен қам­та­масыз ете алады. 
Ақмола облысында Астана су қой­м­асын толтыру көрсеткіші – 99,6 пайыз. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз­сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзе­нінің гидрологиялық жай-күйін жақ­сарту үшін мүмкіндік береді екен.
– Былтыр Астана су қоймасындағы су кө­лемі қаланы ауызсумен толық қам­та­ма­сыз етуге жетпеді, сондықтан су қой­ма­сын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосым­ша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд тең­геден асады. Батыс Қазақстан облы­сын­да Жайық өзенінен шамамен 1 текше ша­қырым су алуға мүмкіндігі бар Жайық-Кө­шім сағалық суару жүйесіне су жіберу мүм­кіндігі пайда болды, – деді ресми өкіл.
Шығыс Қазақстан облысында 10 сәуір­ден бастап Ертіс өзенінің су қойма­ла­рынан су жіберіле бастаған. Бұл Пав­ло­дар облысының ауыл шаруашылығы үшін қажетті мал азығымен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ су тасқыны Ші­дерті-Өлеңті аймағын тиімді сулан­дыруға және Әулиекөл көлдерін толық­тыруға мүмкіндік берді. 
Қарағанды облысының су қой­ма­ларын­да су тасқынының белсенді кезеңі өтті, қазір су қоймалары 100 пайыз толды. Жи­налған су жыл бойына аймақ эко­но­микасының қажеттіліктерін толығымен өтеуге мүмкіндік береді.
– Ұлытау облысында Кеңгір су қой­ма­сын пайдалану тарихында алғаш рет 270 млн текше метр көлемінде ең көп су жі­беру жағдайы тіркелді. Осыған бай­ла­ныс­ты, Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Са­рысу өзені арқылы Қызылорда облы­сы­ның көлдеріне түсті. Қызылорда облы­сы­ның Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады. «Ал Іле транс­ше­ка­ра­лық өзенінің ағыны Алматы облы­сы­ның Қапшағай су қоймасынан Балқаш кө­ліне шамамен 2,3 текше шақырым кө­лемінде экологиялық мақсатта су жіберуге мүм­кіндік берді, – деді Мөлдір Әбдуалиева. 
Жалпы, тасқын суы барлық су қой­ма­ларын толтыруға мүмкіндік берді. Сон­дай-ақ Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жа­тыр. Яғни, Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігі қазір су қоймаларында жи­нал­ған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
БҚО-дағы «Қазсушар» өкілдігі Жайық-Кө­шім жүйесінен Қамыс-Самара көл­де­ріне су жіберіп жатыр. Аталған көлдер жүйе­сіне су 20 жылда алғаш рет барып отыр. 
Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған. 20-сы су ре­сурстарын басқаруды дамыту тұжы­рым­дамасында да көзделген. Атап айт­қан­да, Ақтөбе облы­сында төрт су қоймасын, Түр­кістан және Жамбыл облыстарында үш су қоймасы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қа­зақстан және Қарағанды облыстарында 2 су қойма, Ақмола, Алматы, Қызылорда об­лыстарын­да және Абай облыстарында бір су қой­масын салу жоспарланып отыр. 
Сондай-ақ ресми өкіл қазіргі уақыт­тағы еліміздің су қоймаларындағы жағдай туралы баяндады. 
Барлық су қоймасын тәулік бойы ке­зек­пен күзету жалғасып жатыр, сағат сайын су шаруашылығы жайына монито­ринг жүргізіліп отырады.

Зардап шеккен азаматтар несиесін 3 айдан кейін төлей алады

ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау департа­мен­ті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев ОКҚ алаңында өткен бри­финг­те зардап шеккен қарыз алушыларға көмек көрсету шеңберінде банктер мен МҚҰ іске асыратын шаралар жайында айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 өңірдегі су тасқы­ны­нан зардап шеккендерге көмек көрсету ту­ралы тапсырмасы аясында Қаржы н­а­рығын реттеу және дамыту агенттігі банк­термен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға, ша­ғын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын іске асырып жатыр.
– Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шек­кендер санатына жатқызылған бар­лық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мер­зім­ге кейінге қалдырылады. Су тасқынына байланысты кешіктірілген төлемдер, айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қа­ла­ды. Зардап шеккен барлық жеке кәсіп­кер­ге, сондай-ақ шаруашылығының жұ­мысына зиян келген шағын және орта биз­нес өкілдері де қарызын кейін төлей ала­ды», – деді ресми өкіл.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржы жағдайына қанша залал кел­генін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізбек. Соның негізінде кредит бойын­ша қосымша жеке қолдау көрсету шара­лары айқындалатын болады.

 

Серіктес жаңалықтары