Қазақ пен қырғыз қауышқан күн
Жиынды қорытындылаған Ерлан Қарин бұдан былай бұл форумның тұрақты түрде өтетінін айта келіп, Қырғыз Республикасының батыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Медетхан Шеримкуловтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетов көрнекті қаламгер Төлен Әбдікке дәл осындай құрмет көрсетті.
Кеше елордадағы Конгресс-орталықта қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы өтті. Оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жүргізді.
– Құрметті қырғыз бауырлар, қасиетті қазақ жеріне қош келдіңіздер! Діні де, салт-дәстүрі де ортақ қырғыз елінің ақсақалдарымен және зиялы қауым өкілдерімен Астана төрінде жолыққанымызға қуаныштымыз. Біздің бұл келелі кеңесіміз Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылып отыр. Жалпы, бұл сапар бауырлас халықтардың барлық сала бойынша байланыстарына жаңа серпін береді, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деп сенеміз. Ал бүгінгі жиында қазақ пен қырғыздың тарихына, әдеби-мәдени өміріне қатысты тың пікір, мазмұнды әңгіме айтылады деп үміттенеміз. Мәжілісімізге Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетов қатысып отыр. Суйунбек Сапарбекұлы – қазақ халқының жанашыры, тілеулес тұлға. Ол ертерек келіп біршама шараға қатысты. Сонымен бірге қырғыз елінің мемлекеттігін нығайтуға атсалысқан қадірлі ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері келіп отыр. «Бармасаң, келмесең, жат боласың» дейді қазақ. Екі ел зиялыларының бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласуы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, достықтың тінін бекіте түседі, – деген Ерлан Тынымбайұлы екі елдің тарихындағы сәулелі сәттерді еске алды. Қазақ-қырғыз достығының уақыттың талай тезінен өткенін сөз етті. Айтыс өнерінің осы екі халықта ерекше дамығанын тілге тиек етті. Шоқан Уәлихановтың «Манас» жырын жазып алып, әлем әдебиетінің қазынасына қосқанын, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың бір-біріне деген құрметін айта келіп, сол үлгіні бүгінгі ұрпақ та жалғастыру керектігіне тоқталды. Екі елдің қиын сәтте де бір-бірінің қолтығынан демейтін тамаша дәстүрін еске салды. Мысалы, Бішкекте төтенше жағдай болып, жұртшылық тарыққанда Қазақстан алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Ал елімізде су тасқыны болған сәтте қырғыз бауырлар бірінші болып гуманитарлық көмек жіберді. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетов риясыз ықыласы үшін күллі қазақ жұртшылығына алғыс айтты. Аңыз әңгіме арқылы екі ел арасындағы небір түйінді сәттерді шеше білген бабалардың даналығын дәріптеді. Сөзге тоқтаған мәрттігінен мысал келтірді. Сол дәстүр бүгін де жалғасып отыр. Қырғыз елінде Мұхтар мен Шыңғыстың достығы жарияланған дүниелерді халық қызығып оқиды екен. Бүгін екі мемлекеттің ынтымақтастығын нығайтуға атсалысқан бір топ қазақстандықтың Қырғыз Республикасының Мемлекеттік наградаларына ие болғанын тілге тиек етіп, марапат иелеріне құтты болсын айтты.
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Энергетика министрі ретінде Үкімет құрамында қазақ-қырғыз арасындағы мемлекеттік мәселелерді шешуге араласқан сәттерін еске алды. Екі елдің туыстығы ортақ мәмілеге келуге көп септігін тигізеді екен. Айкөл Манастан кейін қырғыз халқының даңқын аспандатқан ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқып өскенін, әйгілі қаламгермен дастархандас болу бақыты бұйырғанын мерейлене әңгімеледі. «Біздің әр кездесуіміз бір-бірімізге жақындата түседі. Қош келдіңіздер», – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Қырғыз Республикасының Президентіне қарасты Мемлекеттік тіл және тіл саясаты бойынша ұлттық комиссиясының төрағасы Мелис Муратәлиев қырғыз-қазақ елінің тамыры да, тағдыры да бір екенін баса айтты. Көшпелі тұрмыс кешкен екі елдің әлем өркениетіне қосқан үлесі туралы нақты мысалдар келтіре отырып, мазмұнды әңгіме өрбітті. Қырғыз Республикасында Президент Жарлығымен Манасты ұлықтау, зерттеу кең жолға қойылыпты. Екі ел президенттерінің қатысуымен Астанада Манас ескерткішінің ашылуы бауырлас елдерді одан әрі жақындастыра түсетініне сенетінін айтты.
Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік қырғыздың қазақ үшін ең жақын халық екенін айта келіп, әлемде туысқан халықтардың арасында да түрлі кикілжіңдердің болып жатқанын, сондықтан да бірліктің, татулықтың туын берік ұстау керектігіне тоқталды. Шыңғыс Айтматовпен армансыз ақтарыла әңгімелескен сәттерін сүйсіне әңгімеледі. Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов секілді тұлғалардың екі елге де ортақ екенін шегеледі. Ал әйгілі «Манас» жырына деген құрметі тіпті бөлек екен. «Манас» – әлемдік поэзиядағы үлкен құбылыс! Осындай жауһар жырды туғызған қырғыз – қандай құрметке де лайық. Барыс-келісіміз көбейсін» – деді ол.
Қырғыздың белгілі ғалымы, филология ғылымдарының докторы, академик Абдылдажан Акматалиев: «Біз Манасты айтқанда, қазақтың екі тұлғасын қоса айтамыз. Бірі – оны жазып алып, әлем әдебиетінің қазынасына қосқан Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Кеңес заманында әйгілі эпосты жаладан аман алып қалған даңқты қаламгер Мұхтар Әуезов. Осының өзі-ақ біздің қаншалықты туыс екенімізді көрсетеді», – деді. «Манас» жырының кейбір ерекшеліктерін сөз етті. Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласын көрсетіп, екі ел арасындағы байланысты нығайта беру керектігіне тоқталды.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов қазақ қаламгерлерінің Алатаудың ар жағындағы елдің әрбір қадамын қадағалап отыратынын, титтей жетістігіне жүрегі жарыла қуанатынын айтты. «Жәмилә» повесін жазып, жарқ ете қалған жас Айтматовтың қолтығынан демеген Мұхтар Әуезов туралы айта келіп, Шыңғыс шығармаларын ән арқылы дәріптеген атақты композитор Ілия Жақановтың еңбегіне арнайы тоқталды. Оның Қазақстанда ешқандай атақ алмай тұрғанда, композиторға «Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берілгенін айтты. «Манастың» қазақ тіліне аударылып, 3 том болып халық игілігіне ұсынылғанын жеткізді. «Бірде Әбіш Кекілбайұлы «Манас» эпосы туралы баяндама жасады. Сол кезде Шыңғыс Айтматов: «Әбіш айналайын, менің жанымды тағы бір төңкеріп тастадың ғой...» деді.
Әлемдегі 37 түркі халқының алтауының ғана тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін алып отыр. Оның екеуі – қазақ және қырғыз тілі. Түркітілдес елдердің әдебиеті бір-бірін байытып, дамытып келеді. «Таң-Шолпан» журналы «Бауырлас елдердің әдебиеті» айдарымен 2022 жылы қырғыз әдебиетін аударып, жыл бойы жариялады. Қазақ оқырманы қырғыздың 22 қаламгерінің шығармасымен танысты. Бұл үрдіс әлі де жалғасып отыр. Өзге де түркі елдерінің әдебиетін аударып, жариялап жатырмыз, – деді Мереке Әбдешұлы.
Тарих ғылымдарының кандидаты Кыяс Молдокосымов Астана төрінде Манас ескерткішінің ашылуы қарсаңында екі ел зиялыларының бас қосып отырғанын жақсы ырымға балады. «Манастың ескерткіші 2024 жылы бой көтереді деп отырмыз ғой, ал расында, ол осыдан 168 жыл бұрын еңсе тіктеген болатын. Ол ескерткішті 21 жастағы Шоқан Уәлиханов тұрғызды. Кейін 1922 жылы 25 жастағы Мұхтар Әуезов оны жанталаса қорғады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Манасқа» тағы жала жабылды. 1952 жылы тағы да Мұхтар Әуезов қорғап қалды. Міне, енді сол екі азаматтың ерлігі Астанада Манас ескерткішінің еңсе тіктеуіне жалғасып отыр. Қазақ халқына шоң рахмет!» – деді тарихшы.
Жиынды қорытындылаған Ерлан Қарин бұдан былай бұл форумның тұрақты түрде өтетінін айта келіп, Қырғыз Республикасының батыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Медетхан Шеримкуловтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетов көрнекті қаламгер Төлен Әбдікке дәл осындай құрмет көрсетті.
Жалпы, кездесу жылы рәуіште өтті. Ресми жиынға дейін де шай үстінде қауқылдасқан зиялы қауым өкілдері мәжіліс біткесін де бір-бірін қимай әңгіме-дүкен құрып жатты. Туысқан деген осы ғой.