Ауыл шаруашылығы жерлерін ластанудан сақтау маңызды
онференцияға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей, ЕО елдерінің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Онда Орталық Азия елдерінде жасыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ластанған ауылшаруашылық топырағының био және фиторемедиациялық технологиялары мәселелері жан-жақты талқыланды.
Осы аптада, 15-18 сәуір күндері, Алматыда Орталық Азия елдеріндегі ауыл шаруашылығы жерлерінің ластану проблемаларын шешуге арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей, ЕО елдерінің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Онда Орталық Азия елдерінде жасыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ластанған ауылшаруашылық топырағының био және фиторемедиациялық технологиялары мәселелері жан-жақты талқыланды.
Орталық Азия елдерінде, сондай-ақ әлемнің өзге де елдерінде егінді арамшөптерден тазарту үшін пестицидтерді қолданатыны белгілі. Ал пестицидтер дегеніміз өсімдік зиянкестері мен қоздырғыштарын, сондай-ақ әртүрлі паразиттерді, астық және астық өнімдерінің зиянкестерін, ағашты, мақтадан, жүннен, теріден жасалған бұйымдарды, үй жануарларының эктопаразиттерін, адам мен жануарлардың қауіпті ауруларын тасымалдаушыларды жою үшін қолданылатын улы заттар екені белгілі. Пестицидтерге арамшөптерді жоятын гербицидтер, жәндіктер зиянкестерін жоятын инсектицидтер, патогендік саңырауқұлақтарды жоятын фунгицидтер және зиянды жылы қанды жануарларды жоятын зооцидтер және т.б. жатады. Бұлардың қай қайсысы да ауыл шаруашылығы жерлеріне белгілі бір дәрежеде зиянын тигізбей тұрмайды.
Сондықтан Алматыда өткен конференцияда осы мәселе көтеріліп: ескірген пестицидтермен, тұрақты органикалық ластаушылармен (ТОЛ) байланысты проблемалардың шешімін табу бойынша бірлескен күш-жігерді арттыру, қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зиянкестермен күресуге (IPM) кешенді және экологиялық таза шешімдерді пайдалану, Қазақстандағы және басқа да Орталық Азия елдеріндегі фермерлердің пестицидтерді пайдалануды азайту мәселелерін көрсетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Жаһандық экологиялық қор (GEF) және Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Орталық Азия елдері мен Түркиядағы ТОЛ пестицидтерді жою және пестицидтердің өмірлік циклін басқару» бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылған бұл конференцияғы түрлі елдердің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, тиісті мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдастықтың өкілдері қатысқан бұл конференцияда Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғыз Республикасы, Чехия, т.б. елдерден келген эколог ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Форум аясында сарапшылар аймақтағы ФАО жобаларының нәтижелерімен, ластанған ауыл шаруашылығы топырақтарын қалпына келтіру және қауіпсіз өндіріске көшудің заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ пестицидтердің қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану тәжірибесімен танысты.
Конференцияның күн тәртібінде аймақтағы ауылшаруашылық топырақтарын қалпына келтіру шешімдерін ілгерілететін Орталық Азия елдерінің жұмыс тобын құру, сондай-ақ био-/фиторемедиация және басқа да экологиялық таза шешімдерді одан әрі дамыту және кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі бар.
Айта кетерлік бір жайт, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қаңтарында Римде ФАО бас директоры Цю Донгюмен кездесуінде Қазақстанда Орталық Азия үшін ФАО-ның субөңірлік кеңсесін құруды ұсынған болатын. Қ.Тоқаев жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жәрдем көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, Республикамыздың астық пен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіретіндіктен, бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ниетті екенін мәлімдеген еді.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде көптеген ауылшаруашылық аймағының топырағы ТОЛ және пестицидтермен ластанған, бұл экологиялық және экономикалық қауіптерді тудырады, сонымен қатар ЕО нарықтарына азық-түлік экспортын кеңейтуге кедергі келтіруде. ФАО қолдауымен Қырғыз Республикасы мен Қазақстанда ТОЛ және ауыр металдармен ластанған топырақтарды биоремедиация және фиторемедиациялау бойынша сынақтар жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Конференцияға қатысушылар ФАО ұсынымдарын қолдану барысында алынған нәтижемен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен бірге, 15-18 сәуір күндері аралығында конференция делегаттары ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша қосымша іс-шараларға қатысып, пестицидтердің өмірлік циклін басқару бойынша ФАО-ГЭФ жобасының нәтижелерін талқылады және Қазақстанда ФАО-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан пилоттық нысандарды аралады.
17 сәуірде қатысушылар «Жеміс» шаруа қожалығының (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би кентінде) алма бақтарын аралап, онда ФАО ұсынған экологиялық таза кешенді өсімдіктерді қорғау әдістемесін қолдану арқылы зиянкестермен күресу шараларының нәтижелерімен танысты.
2023 жылы басталған тәжірибе пестицидтерді минималды қолдануға және балама химиялық емес әдістерге негізделген. Осыған орай конференция қонақтарына дрон қолдану арқылы егістіктерге бүрку процесі көрсетілді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады, ол мүше елдер тап болған ауыл шаруашылығын дамытудың жаһандық мәселелерін шешу, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың жоғары сапалы азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылған. ФАО-ға 194-тен астам ел мүше және ол ұйым әлемнің 130-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік Қазақстан ФАО-ға 1997 жылы қосылғаннан бері дамып келеді.
«Түркістан-ақпарат»