Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты бірнеше ауданды су басты
Қаладағы үйге көшу мүмкіндігі жоқ азаматтарға жедел эвакопункттер қарастырылған
Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты 1, 2, 3 Саяжай, Самал, Телеорталық аудандары суға кетіп жатыр. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлім етті, деп жазады turkystan.kz.
Қазіргіт таңда сол аудандарда, жергілікті әкімдік, Төтенше жағдай басқармасы, Жергілікті полиция басқармасы және волонтерлер күні-түні жұмыс істеуде.
Саяжайда қалған тұрғындарды эвакуациялау үшін автобус пен қажетті техникалар жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органнан су басу қаупі бар саяжайларға алдын ала эвакуациялау жөнінде хабарланды. Сол себепті тұрғындардың басым көпшілігі эвакуацияланды.
Бос қалған үйлерде құқықбұзушылық болмау мақсатында жергілікті полиция басқармасымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Қаладағы үйге көшу мүмкіндігі жоқ азаматтарға жедел эвакопункттер қарастырылған.
Саяжай тұрғындарынан өзінің үйінің аумағындағы бөгеттерді бұзбау сұралады, себебі су деңгейі бұдан түспейді.
Су тасқынан болған шығын немесе залалды өтеу бойынша, бір реттік төлемақы алу бойынша қазіргі таңда өтініштер қабылдануда. Жұмыс орны мен жұмыс уақыты қала әкімдігінің ресми парақшаларында орналастырылған.