Депутат балалардың TikTok-қа кіруіне қатаң шектеу қою керек екенін айтты

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады.

Депутат балалардың TikTok-қа кіруіне қатаң шектеу қою керек екенін айтты
сурет: parlam.kz
709

 

Депутат Ерлан Саиров «AMANAT» Фракциясы мүшелері атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты мәселе көтерді. 

Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мысалы, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн., ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 млн., азамат тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – бүгінгі өмір шындығы, - деді депутат. 

Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады.

Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті.  Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография,  суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда, - деді Саиров. 

Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біздермен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды.

Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды.  Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралуда. Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп, 2020 жылдан бастап ТикТокқа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап Тик-Токқа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді, - деп мысал келтірді ол.

Ал АҚШ Үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды.

Ал, TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар тиктоктың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған. Жалпы, мемлекеттің болашағы біздің жеткіншек ұрпақтың рухани, моральдық бет-бейнесіне байланысты. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, сырттан келген моральдық қауіп-қатерге төтеп беріп, ұлттық кодымызды сақтаудың тетігін қоғам мемлекет болып бірге қалыптастыру керек. Бұл – біздің болашақ ұрпақты рухани құлдыраудан сақтап, ұлтымызды жаңа деңгейде қалыптастыратын Ұлы күрес.

Сондықтан аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың  моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуы қажет:

Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес ТикТоктағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою.

Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау.

ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.

Серіктес жаңалықтары