Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтіп жатыр

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтіп жатыр
Akorda.kz
603

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы басталды.

 

«Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймақтарында алапат су тасқыны болып жатыр.

Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде.

Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім.

Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын. Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Ал кезек күттірмейтін кездесулер мен іс-шаралардың жөні бөлек. Бұл ел игілігі үшін керек.

Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады», - деді Президент.

Естеріңізге сала кетейік, Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысының өкімдерімен Лугмар Харкиевич Буларов және Юрий Германович Шин Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған еді. 

Серіктес жаңалықтары