Су тасқыны: Қостанай облысында мал шығыны үшін 113 млн теңге өтемақы төленді

Қостанай облысында 981 бас мал қырылған.

Су тасқыны: Қостанай облысында мал шығыны үшін 113 млн теңге өтемақы төленді
sputnik.kz
851

Қостанай облысында су тасқыны салдарынан 981 бас мал қырылған. Бұл ретте 780 бас малдың бағалау есептері дайындалып, оларға 113 млн теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлады turkystan.kz.

Оның ішінде Амангелді ауданында - 246 бас малға 46,4 млн теңге, Жангелдин ауданында - 35 бас малға 10 млн теңге, Арқалық қаласында - 499 бас малға 56,9 млн теңге төленді. Бұл жайлы Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының м.а. Бауыржан Бекет ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Төлемдер Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген су тасқынынан шығын болған ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу жөніндегі алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады. Алгоритмге сәйкес, мал өлексесінің бар-жоғына, құлағындағы сырғаның бар-жоғына қарамастан, егер мал «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелген болса, бюджет қаражаты есебінен өтемақы төлеу қамтамасыз етіледі.

«Мал иесінің ауызша айтуы бойынша шығын болған малдардың тиесілігін анықтау қажет болған жағдайда, 3 куәгерді тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарының су тасқынынан болғаны туралы комиссиялық акті жасалынады және утилизация туралы акті жасалады. Сондай-ақ мал өлексесі бар болып, бірақ құлағында сырғасы болмаса немесе мал өлексесі табылмаса және «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру»  базасында тіркелмеген болса өтемақы басқа қаржы көздерінен қамтамасыз етіледі», – деді спикер.

Серіктес жаңалықтары