Ынтымағымыз жарасқан

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз.

Ынтымағымыз жарасқан
сурет: e-history.kz
1354

1995 жылғы 18 қазанда 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа қол қойылып, мемлекетіміз Еңбекшілер күнін тойлаудан біржола бас тартты. Осылайша, мереке таптық сипаттан ұлттық сипатқа ауысты. Соның арқасында халықтар біте қайнасып, бір-бірінің әдет-ғұрпына ден қоюға кірісті. Бүгінде 1 мамыр – көпұлтты еліміз үшін дәстүрлі мейрамға айналған. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз. 

Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуы бұл – бір­неше көші-қон толқындарының нәтижесі. Столыпин реформалары кезінде елімізге жер-жерден славян ха­лық­та­ры көшіп келді. Сталиннің тұсында тұтас ұлттар Қазақстанға жер аударылды. Оларды вагондардан кең далаға түсіріп кеткенде, қазақ отбасылары өздерінің мұқтаждықтарына қарамастан қонақжайлық танытты. Шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен ел осында өсті, өнді, ұрпағы жалғасты. Сол кісілердің көбі Қазақ жерінде тұрақтап қалды.
Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында Қазақ­стан­ға Беларус, Ресей және Украинадан 1,1 млн адам кел­ген, ал 1930-жылдары ұжымдастыру барысында 256 000 мүл­кі тәркіленген 1,2 миллионға жуық адам өнеркәсіптік нысандарды салуға жіберілген. Соғыс кезіндегі жер ау­дарулар – өз алдына бір тарих.
Кезінде тағдыр тауқыметін тартып, қызыл им­перияның тепкісімен қазақ даласына жер аударылған диаспоралар бүгінде қазақ халқының төңірегіне топ­та­сып отыр. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт­шілік мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арт­тыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық ау­ма­лы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйе­нің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сө­гіл­ген ел­дер­дің саны артып келе жатқанын да байқауға бо­лады. Әсіре­се, жылдар бойына жалғасып келе жатқан ді­нара­лық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипло­ма­тияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шо­ғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сон­дықтан бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұ­рақ­тылықтың сақталуы ауадай қажет. Кешегі Кеңес Ода­ғынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кет­пеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлт­тар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет ал­ған 1 Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Насрулла ШАНАЗАРОВ, 
Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасы директорының Стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, «Фотодинамикалық терапия» орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер-онколог: 

Бес саусақ жұмылса – жұдырық

– Мен үшін Отан – ата-бабамның кіндік қаны тамған, мен туып-өскен, өнген жер. Топырағына аунап, ауасын армансыз жұтқан кең-байтақ Қазақстан – менің мәңгі Отаным. Қазақтың жері кең, көңілі одан да кең. Шетелге барсам, елімнің ауасын, нанын, асылған етін аңсап келемін. Өзім қазақтың асылған еті мен бауырсағын сүйсініп жеймін, қымызы мен шұбатын ра­хат­тана ішемін. Қазақтың ұлттық тағамдары өте дәмді әрі пайдалы. Қазақтың етін жақсы көрмейтін этнос жоқ шығар.  
Елімізде бір шаңырақ астына топтасқан, ауызбіршілігі  жарасқан өзге ұлт өкілдері 1 мамыр мерекесін айрықша кү­теді. Мен де мерекеге орай өзімнің бір ауыз жылы ле­бі­зімді білдіргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш бол­сын. Еліміздің басына бұлт төнбесін, әрқашан күн сөн­бесін. Соғыстың бетін аулақ қылсын. Халқымыздың өзара түсіністігі нығайып, достығымыз мәңгі жасай бер­сін!
Қазақ «Бір қолдың бес саусағы жұмылса ғана, жұ­дырық, жеке тұрса, қылдырық» дейді. Іргемізді бекітіп, бере­кемізді бекемдей түссек, сыртқы жау мен ішкі даудан аман болатынымыз анық.

Светлана ВУНДЕР, «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі:

Германияға көшпей, Қазақстанда қалдым

– Мен Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауы­­лында туып өстім. От­­ба­­­сын­да төрт ағайынбыз, екі ағам, бір әпкем бар. Ата-әжем сонау 1939 жылдары По­волжье мен Сібірден күш­пен қоныс аударған 1 мил­лион­ға жуық неміспен бірге Қазақстанға келген. Менің ата-бабам Жамбыл облысына көшіп келеді. Әкем Алек­сандр таза қазақша сөйледі, қазақ тіліндегі газет-жур­нал­дар­ды, романдарды көп оқитын. Ауылымыз – қазақ ұлты көп шоғырланған жер. Немістер бір көшеде тұрдық. Біз қазақ мектебіне бардық, орыс тіліне де жетік болдық. Достарымыздың көбі қазақ болатын. Қазақтарға сіңісіп кет­тік. Менің үлкен әпкем белгілі әнші, Мәдениет қай­рат­кері, Жамбыл облыстық филармониясында 30 жыл еңбек еткен – Анна Вундер. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Мен қазақтарға көбірек жақын болдым. Қазақ достарым көп болғандықтан, тілді тез меңгеріп алдым. Әпкем фи­лар­монияны бітірген соң композитор, белгілі домбырашы Қар­жаубай Тілеуқабылға тұрмысқа шықты. Бүгінде 2 ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, не­мере сүйіп отырған жайы бар. Аннаны Тараз жұрт­шы­лы­ғы жақсы біледі. Ол Қазақстанды, шетелді аралап кон­церт қойып, халықтың ыстық ықыласына бөленген әнші.  
Өзім жастайымнан тілге, әдебиетке, педагогикаға жа­қын болғандықтан мамандық таңдауға келгенде көп ой­ланбадым. Оның үстіне анам да мені мұғалімдікке бау­лып өсірді. Әпкем екеуміздің отбасымыз тағдырлас. Қа­зақстанда туып, қазақ топырағында өсіп-өнгендіктен бо­лар мен де қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Кейін Тараз қаласына көшіп келдік. Бүгінде күйеуім екеуміз мектепте мұғалімбіз. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Шүкір, немерелеріміз де бар. 
1940 жылдары Қазақстанға қоныс аударған 1 мил­лион­ға жуық немістің 500 мыңға жуығы 90-жылдары Гер­манияға қайта орала бастады. Олардың ішінде менің әке-шешем мен екі ағам да бар. Туып-өскен жеріміз Жам­был өңірі табиғаты жайлы, шөбі шүйгін, жері шұрайлы. Осы өңірдің жерін басып, суын ішкеннен кейін әрі әпкем екеу­мізге қазақ отбасына келін болып түсу бақыты бұйырғандықтан, біз Қазақстаннан кетпейміз деп ұй­ғардық. Қазақстан маған үлкен отбасын сыйлады, қа­зақ жігітімен тағдырымды қосып, отау құрып, бір шаңы­рақ­тың түтінін түзу ұшырып отырмын. Егер қазаққа тұр­­­мыс­қа шықпасам, Германияға, басқа елге көшіп кетсем мүм­кін сол жақта қалып қояр ма едім... Қазақ елі менің жа­ныма тыныштық, бейбіт өмір сыйлады. Тілі басқа бол­са да – тілегі бір, түрі басқа болса да – жүрегі бір өзге ұлт­тарды кең құшағын ашып, көкірегіне басып, қо­нақ­жайлық танытқан қазақ ұлтына басымды иіп алғыс айтамын. Қиын қыстау заманда өздері жарытып тамақ жей алмай отырған ашаршылық кезеңде Ресей, Кавказ, По­волжье жақтан үдере көшіп келген бірнеше ұлтты бауы­рына басып, тату-тәтті өмір сүрді. Дастарқанын жайды, қонақ етті. Біз қазақтың керемет қонақжайлығын ешқа­шан ұмытпаймыз. Әлемде 256 ұлт болса, соның 100-ден астамы Қазақстанда бір шаңырақ астында бейбіт күн кешіп жатыр. Қазақстан әр ұлт үшін құшағын кең жайған мейірімді ана болып қала бермек. Осы бірлігі жарасқан берекелі елдігімізден айырмасын деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Іргеміз сөгілмесін, бірлігіміз ажырамасын. Қазағым аман болсын. Тәуелсіз Қазақстан қарыштап дами берсін.

Латиф ПАРПИЕВ, дәрігер-реабилитолог:

Шетелге шықсам, елге тезірек қайтқым келеді

– Мен Кентау қаласын­да дүниеге келдім. 1995 жы­лы әкемнің жұмысына бай­ланысты Ташкент қала­сы­на көшіп бардық. Мек­теп­ті сол жақта өзбек ті­лін­де бітірдім. Ташкентте он жыл тұрып, Қазақстанға қайта көшіп келдік. Елге келе сала Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың медицина факультетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп қазақша, орысша, түрікше үйреніп шықтым. Студент кезімнен ба­­­зарда сауда жасап, құрылыста жұмыс істеп ақша тап­тым. Жұмыста қазақ балаларымен бірге жүріп, қазақ тілін еркін меңгердім. Қазақ тілінің мамандығыма, бола­ша­ғыма қажет екенін сол кезде-ақ ұқтым. Кейін Астана ме­дициналық университетінде онкорадиолог маман­ды­ғы бойынша резидентураны тәмамдадым. Қазір Астана қала­сында жұмыс істеймін. Еліміздің өңірлерінен келген емделушілер менің қазақша сөйлегенімді көріп қуанып жа­тады. Оларға қойылған диагноз, жүргізілетін ем тура­лы медицина тілінде түсіндіру қиын, сондықтан қара­­пайым тілмен қазақшалап жеткізсем, риза болып, ба­та­сын береді. Өзге ұлт өкілі болсаң да, Қазақстанда тұр­ған соң қазақ тілін білген жөн деп санаймын.  
Өзім жұмыс бабымен бірнеше елде болдым. Байқа­ға­ным, шетелге шыққан сайын Қазақстанға тезірек қайт­қым келіп тұрады. Жақында БАӘ-ге іссапармен бар­дым, 1 аптадан соң елімді сағынғанымды сездім. Шет­ел­де қазақтарды көре қалсам жөн сұрасып, туы­сым­ды көргендей боламын. Жұмыс бойынша шетелден ұсы­ныстар түсіп тұрады. Шетелдік әріптестеріме білге­нім­ді үйретіп, 2-3 ай жұмыс істеп келуге дайынмын. Алай­да шетелде жылдап жүріп жұмыс істеуге, түпкілікті көшуге еш қызықпаймын. Мен үшін Қазақстандағы сә­билерді аяғынан тұрғызу, балалардың денсаулығымен айналысу маңызды. 
Қазақстан маған өте ыстық. Мен үшін Отан деген өзің­нің шаңырағыңнан басталып, мемлекетіңмен аяқ­талады. Өз отбасыма қалай қарасам, елімізге де сондай қа­рым-қатынас жасаймын. Өз үйіңді қалай таза ұстасаң, көшенің, қаланың тазалығына солай мән беру керек. Өзім көшеде қоқыс лақтырған, шылым шеккен, ван­да­лизмге жол бергендерді көрсем, «Отаныңды таза ұста» деп ескерту айтамын. Мұны өзімнің міндетім деп білемін. 
Менің грузин, орыс, қазақ, өзбек, түрік, македон дос­тарым көп. Жыл сайын 1 мамыр мерекесін бірге тойлауға ты­рысамыз. Дәрігерлерге мереке жоқ дейді ғой, мен жұмыста боламын. Алайда кешкісін уақыт тауып дос­та­ры­мызбен кездесеміз. Кафе, мейрамханада бас қосамыз не­месе бәріміз бір үйге жиналып отырамыз. Мен палау ба­самын, грузин досым кәуап жасайды, қазақ достарым қазы-қарта, шұжығымен қосып ет асады. Бәріміз дайын­даған тағамдарымызды дастарқанға қойып, емен-жар­қын отырып, мерекені тойлаймыз. Адамның жаманы бо­латын шығар, бірақ ұлттың жаманы болмайды. Бар­лы­ғымыз адамбыз. Сондықтан қандай ұлт болсаң да, өзің тұ­рып жатқан елдің тілін біліп, ұлтына қызмет етіп, хал­қын құрметтеген дұрыс деп ойлаймын.  

Нина МОИСЕЕВА, 
әнші, саксофоншы:

Қазақстанға «Саржайлау» әнімен танылдым

– Мен Көкшетау қала­сын­да туып өстім. Жас­тайым­нан өнерге жақын бол­дым, 4 жасымнан биге қа­тыстым. Сол кезден бас­тап сахнада билеп, кейін әнге қызығушылығым оя­нып, мектепте хор әншісі болдым. Тіл үйренуге деген ынтам мені украин тіліндегі өлеңдерді мәнірлеп оқуға алып келді. Кейін саксофонда ойнауды меңгере бастадым. Мұғалімім қазақ әндерін ойнауды ұсынды, қазақтар өз әндерін жақсы көреді, құрметтейді деп ақыл-кеңес берді. Содан маған вокал мен саксофонды біріктіру туралы ой келді. Осылайша «Саржайлау» әнін орындап, бүкіл елге таныла бастадым. Қазір «Япурай», «Саржайлау», «Құстар әні», «Көзімнің қарасы», «Қамажай», «Маусымжан», «Куә бол», «Арыс жағасында», «Әдемі қыз», «Илигай», «Дударай», «Құдаша», «Құсни Қорлан», «Ақ бантик» сынды халық әндерін саксофонмен орындаймын. Халық әндерінде сайын даланың дауысы, халықтың жаны бар. «Өнерім саған, туған ел» деген альбомыма енген әрбір әнді өзім таңдаған болатынмын. Халық әндерінен бөлек қазақша авторлық әндерді де орындаймын. Өзіме ұнаған әндердің сөзін түсініп, жүректен өткізіп айтатындықтан болар, халық жылы қабылдайды. Көрермен көбіне украин қызының қазақша ән салғанына таңғалып, кейде мақтанып жатады. Менің бірінші мамандығым есепші, алайда мен өзіме өнер жақын екенін түсініп, саксофонда ойнауды кәсіби түрде меңгеріп шықтым. Биыл сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 12 жыл. 
Ал қазақ тіліне деген қызығушылығым мектепте бас­талды. Қазақ тілінен олимпиадаға қатысып І-орын ие­лендім. Қазақша өте жақсы түсінемін, алайда күн­де­лікті өмірде көп сөйлемегендіктен, ойымды толық жет­кізу кейде қиынға соғады. Бірақ соған қарамастан бос уа­­қытымда қазақша фильмдер, сұхбаттар, подкасттар кө­ремін. Мысалы, 2-3 күн жанымдағы адамдар менімен қа­­зақша сөйлессе, көп сөздер есіме түсіп, еркін сөйлесе бас­таймын. Басқа тілді үйрену үшін сол тілде қорықпай, қы­­сылмай, ұялмай сөйлей беру керек. Қате сөйлеймін деп тартыншақтасаңыз, тілді үйрене алмайсыз. Яғни, бі­рін­шіден практика керек. Екіншіден, қоршаған ор­таңыздың қай тілде сөйлегені маңызды. Негізі, мен шетелдіктердің аузынан «қазақ тілі мен орыс тілін үйрену – оңай» дегенді өте көп естимін. Сондықтан Қазақстанда тұ­рып қазақ тілін үйрену ниеті бар адамға қиын емес деп ойлаймын. Қазақтың әні, тілімен бірге Отанымды да жақ­сы көремін. Бейбіт елде берекелі өмір сүріп жат­қаныма қуанамын, өзімді бақытты сезінемін. 1 мамыр Бірлік күні мерекесімен барша қазақстандықтарды, эт­нос өкілдерін құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жау­лары­мыз бізден қашық болсын. Ынтымағы мен ауызбір­шілігі жарасқан еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай деп тілеймін. 
 

Дайындаған 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары