Өзбекстанда әйелдер күресінен тұңғыш Олимпиада жолдамасын иеленген қазақ қызы – Ақтеңге
Қазақ болғанда тұрған не бар? Өзбек болса не болыпты? Бәріміз бір емеспіз бе?! Бәріміз – түркіміз. Туыспыз. Бауырмыз. Ағайынбыз.
Екі күн бұрын Бішкек төрінде өткен іріктеу турнирде өзбекстандық балуан Ақтеңге Кеунимжаева Олимпиада жолдамасын ұтып алды. Мұны тарихи сәтке балаған Өзбекстан мен Қазақстан журналистері бұл жаңалықты әлі күнге дейін жарыса жазып жатыр. Бұған себеп – Ақтеңге – Өзбекстан тарихында әйелдер күресінен жолдама иеленген алғашқы спортшы. Бәсі биік додада қарсылас шақ келтірмеген 24 жастағы Ақтеңге жарыс аяқталған соң қазақстандық журналиске шағын сұхбат беріп, өзінің ұлты қазақ екенін әрі бірсыпыра жетістігін айтып өткен еді. Осы орайда біз ол туралы деректі өз аузынан естігенді жөн көріп, Ақтеңгенің өзіне хабарластық.
Өзбекстан чемпионатын 10 жыл қатарынан ұттым
– Тарихи жолдама құтты болсын, Ақтеңге! Өзбекстан тарихында алғаш рет әйелдер күресінен Олимпиадаға жолдама жеңіп алған сіз туралы отандық БАҚ екі күн бойы жарыса жазып жатыр. Сол үшін алдымен өзіңіз туралы бірер сөз айта отырсаңыз.
– Аты-жөнім – Ақтеңге Кеунимжаева. 1999 жылы Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы – Нөкіс қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Ата-анам да осында дүниеге келген. Қазақстанда әкемнің ағалары, біраз туыстарым тұрады.
– Есіміңіз ерекше екен.
– Иә, арғы әжемнің есімі – Ақтеңге. Әжем есімі ұмыт қалмасын мені сол кісінің құрметіне атаса керек.
– Бір зерттеуде кішкентай кезінен ерке әрі әкесіне қатты жақын болып өскен қыздар көбіне ерлер айналысатын спортқа бүйрегі бұратыны туралы жазылған. Сізде де солай болды ма?
– Менің әкем бұрынырақта күреспен шұғылданған. Бәлкім, қан тартқан болар. Дегенмен «Сен ерлерге тән спортпен айналысып жүрсің» деп ешкім шағым айтып көрмепті. Керісінше, «Сыртыңнан қарағанда балуанға ұқсамайсың» деп айтады. Жалпы, мен жағымсыз пікірлер айтылған күннің өзінде де оған мән бермеуге, құлақ аспауға тырысамын. Әдепкіде күрес секциясына емес, спорттық гимнастикаға баулитын үйірмеге барған едім. Анығырақ айтсам, үйдегілер «Денең иілгіш болсын» деген желеумен сол үйірмеге баруға мәжбүрледі. Ал ол кезде менің бар ойым қоян-қолтық ұрыста болатын. Спорттық гимнастикада «база» жинап алған соң, қоян-қолтық ұрыспен айналыса бастадым. Үйіміздің қарсы алдында күрес залы бар еді. 2013 жылы онда сыныптас қыздармен бардым. Бір көргеннен күреске қызығушылығым ауып, ақырында бұл іске шындап кірістім. Сөйтіп, сол жылы ел чемионатын ұттым. Келесі жылы кадеттер арасында Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. Сосын...
– Сөзіңізді бөлсем, ренжімеңіз. 2013 жылы күреске енді ден қоя бастаған сіз жарты жылдан соң ел чемпионатында топ жарып, бір жылдан соң Азия біріншілігінде үздік үштікке іліндіңіз. Кей спортшылар ұлттық құрама қатарына қабылдану үшін жылдар бойы жаттығып, өзін дәлелдеумен әлек болып жүреді. Ал сіздің бұл межені аз уақыт ішінде бағындырғаныңызға аң-таңмын.
– Мен 2013 жылы ел чемпионатына қатысып жатқанда Азия біріншілігі, әлем чемпионаты дегеннің не екенін білмей, ол жарыстардың маңызын байыбына барып түсінбейтінмін. Өз категориям бойынша біздің республикада өткен чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жеттім. Сосын жасөспірімдер құрамасының бапкерлері мені бас командаға шақырды. Содан соң Тайландта кадеттер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. 2015 жылы да аталған жарыста қола жүлдені місе тұттым. 2017 жылы жастар арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. 2018 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медалді еншіледім. Ересектер арасында өткен Азия біріншілігінің (2019, 2020, 2023) үш дүркін жүлдегерімін. Содан соң 23 жасқа дейін балуандар арасында өткен Азия чемпионатында бабым мен бағым қатар шауып, жеңімпаз атандым. 2022 жылы Ислам елдері ойындарының күміс жүлдегері атандым. 2023 жылы өткен Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұттым.
– Жетістік деп осыны айт!
– Ұмытып барамын. 2014 жылдан бастап 2024 жылға дейін Өзбекстан чемпионатында ешкімге дес бермедім. 10 жыл бойы мен күрескен салмақ бойынша жасөспірімдер, жастар, U-21, содан соң ересектер арасында Өзбекстан чемпионы атағын қорғап келдім.
– Қоржыныңызда тек Олимпиада жүлдесі жетіспей тұр екен ғой.
– Иә. Бұйырса, оған қол жеткізу үшін де әрекет етемін. Олимпиаданың өтуіне 4 ай ғана уақыт қалды. Жүлдегерлер қатарына ілініп, тарихты тағы бір рет жаңарту үшін тырысып-бағамын. Қолымнан келгенін істеймін.
– Дейтұрғанмен, жыл сайын чемпиондық атақты қорғап қалу да оңай емес шығар. Ел чемпионатында басты фаворит сіз болған соң, қарсыластарыңыз «Қайтсем де, Ақтеңгені сұлатуым керек» деп тісін қайрап келетіні айтпаса да түсінікті.
– Мен өз ісімді қатты жақсы көремін. Тек жеңуді көздеп барған соң, қарсыластарымның прессингі, өзгелердің айтқаны маған анау айтқандай кедергі болып көрінбейді. Бастысы – өз-өзіме деген сенім жоғалмаса болғаны. Мен бұрын 53 келіде күресетінмін. Негізі, салмақ қуғанды ұнатпаймын. Өзім кішкентаймын әрі арықпын. Сол үшін қумаймын деп шешкен едім. Алайда Азия біріншілігі мен Олимпиадаға іріктеу турнирінде 50 келіде белдестім. Биыл да сол келіде бақ сынап, ел чемпионатында жеңіске жеттім.
– Күні кеше Бішкекте өткен турнирдің жөні бөлек. Төртжылдықтың басты додасына жолдама үлестіретін бұл турнирде небір мықты балуандардың жүйкесі сыр беріп, жарыстан шығып қалып жатты. Жолдама түбі сізге бұйыратынын сездіңіз бе, әлде бойыңызда қорқыныш басым болды ма?
– Бішкекке бармас бұрын, бапкерлеріміз ол іріктеу турниріне біздің салмақта кім баруы мүмкін екенін бағамдап, толық анализ жасайды. Қай елден кім қатысатынын, қарсыластардың қарымын жіті зерттейді. Біз олар туралы мәліметті 10 күн бұрын біліп, соған қарай дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Менің салмағымда ең қарымды, титулы көп Солтүстік Кореяның намысын қорғайтын балуан қыз Ким Джи Хуан – басты қарсыласым. Ол ересектер арасында әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионатында талай рет атой салған. Бішкекте бастапқы айналымдарда сол қызбен бозкілемде жолығып қалмауды тілеген едім. Онымен финал үшін таласқа түсетін айналымда белдесерміз деп ойладым. Алайда екеуіміздің жолымыз алғашқы айналымда-ақ түйісті. Мен үшін күтпеген жағдай болды. Бірінші кезеңде 6:0 есебімен ұтылып жатқан едім. Бізде қай кезеңде болмасын, 10:0 есебі тіркелсе, кездесу аяқталатынын білетін боларсыз. Намысқа тырысып, екінші кезеңде есепті теңестірдім. 7:7. Ақырында, белсенді қимылдап, соңғы әрекет жасап, оны ұтып кеттім.
– Басты қарсыласты ұтқан соң қалған белдесуде міз бақпауға тырыстыңыз.
– Иә. Ең үлкен қорқынышым бірінші кездесуде сейілді. Мұндайда жігерленіп, сенімділігің арта түседі ғой. Сосын қалған кездесулерде жеңіске жететініме 100 пайыз сенімді болдым. Ең титулды спортшыны ұтып тұрып, қалғандарына есе жіберіп алсам, ұят болар. Жалпы, менің ол жарыста ұтылуға хақым жоқ еді. Артқа шегінетін жол жоқ. Қайтсем де, ұтамын, жолдаманы қалтаға басамын деп бардым. Ал жолдаманы ұтып алған кездегі эмоциямды сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын.
Токио Олимпиадасына баруға мүмкіндік бар еді
– Талай жарыста қарсылас шаң қаптырған сіз мұның алдында өткен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирлеріне қатысқан боларсыз?
– Иә. Астанада өткен іріктеу турниріне сақадай-сай болып, тас-түйін дайындықпен барғанмын. Шыны керек, 21 жасымда жолдама алу мүмкіндігі мол еді. Жолдама ұтып алатыныма 100 пайыз сенімді болдым. Алайда жарыстың басталуына 3 күн қалғанда жарақат алып қалдым. Аяғым ісіп, жүре алмай қалдым. Амалсыздан бозкілемге шығып, шама-шарқым жеткенше белдестім. Ақыры, ұтылып қалдым. Сол жеңілістен кейін күресті тастап кеттім. 6-7 ай бойы жаттығу залына аяқ баспадым.
– Неліктен? «Енді Олимпиадаға бара алмаймын» деген ой жегідей жеді ме?
– Иә. Мүлде зауқым болмады. Басты додаға бара алмаған соң, шаруа бітті деп ойладым. Кейін үйдегілердің «Ешқашан берілме!», бапкерлердің «Тағы тырысып көрші. Бәрі жақсы болып кетеді» деп дем беруінің арқасында спортқа қайта оралдым. Сол жылдың қыркүйегінде жаттығу жұмыстарын жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Содан соң қараша айында Өзбекстан чемпионатында кезекті рет жеңімпаз атандым. Осылайша, спортқа деген сүйіспеншілік әрі сенімділік «қайта оралды». Расында, туыстарым мен бапкерлерімнің түйсігі алдамапты. Сол чемпионаттан соң Олимпиадаға барып, діттегеніме қол жеткізбей спорттан кетпеймін деп шештім.
– Өзбекстан тарихында алғаш рет әйелдер күресінен Олимпиадаға жолдама жеңіп алған атлет ретінде тарихта есіміңіз қалатын болды. Тарихи сәттің ізашары атанған сіздің енді Өзбекстан спортында орныңыз бөлек.
– Расында, бізден ешкім Азия, Олимпиадада медаль алмаған. Қыздардан Олимпиадаға ешкім жолдама да ала алмаған. Ішімнен «Ел істемегенді мен істеймін, елдің қолынан келмегенін мен іске асырамын» деп ойлап жүретінмін. Мұның қолымнан келетінін сездім, өз-өзіме сендім. Бардым. Күрестім. Дегеніме жеттім. «Олимпиадаға жолдама алған тұңғыш қызбын», «Жалғыз балуанмын» деп көкірегімді керіп, асыра сілтеуден қорқамын. Сол үшін де жаңалықтарды көп оқымауға тырысамын. Дегенмен алда іріктеу турнирлері бар. Құдай қаласа, біздің қыздар онда ел намысын абыроймен қорғап, жолдама ұтып алады деп сенемін. Қазақстанға да соны тілеймін. Шыны керек, Бішкекте Жәмила Бақбергенова жолдаманы қалтасына басар деп ойлаған едім. Жұлдыз Ешімова да жақсы күрескен. Екі Олимпиадаға қатысқан мықты атлет. Алайда қазақстандық балуан қыздар жолдама иелене алмады. Бұйырса, бола жатар.
– Соңғы екі күн бойы қазақстандық БАҚ-тың сіз туралы жарыса жазып жатқанын оқи алдыңыз ба?
– Жоқ, оқи алмадым. Бішкекте іріктеу турнирі аяқталған соң тамақтануға барған едік. Өзбекстан мен Қазақстан құрамасы бір-біріне жақын отырды. Қазақстандық командадағы ағайлар мені бұрыннан таниды. Олардың қасында отырған бір кісі «Сен қазақсың ба?» деп сұрады. «Иә» деген едім, артынша руымды сұрады. Сосын видеоға түсіп, бір-екі сұрағына жауап беруімді өтінді. Мен ол кісіні бапкер екен деп ойладым. Ол кісі әлгі видеоны интернетке жүктесе керек. Өзім көре алмадым, алайда туыстарым көріпті.
– Қазақстанда сізге жанкүйер болып, тақымын қысып отырған қандастарыңызға не айтар едіңіз?
– Менің жеңгенімді қалап, маған тілектес болып отырған баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Ара-тұра пікірлерді оқып қалсам, көпшілік «Жоқ, ол – өзбек», «Ол – қарақалпақ», «Жо-жоқ, ол – қазақ» деп жазғандарды көзім шалып қалады. Менің ұлтым – қазақ, тегім – қазақ. Дегенмен мен туып-өскен ел – Өзбекстан намысын қорғаймын. Мен ұлтшыл емеспін. Мен үшін біз – бәріміз теңбіз. Қазақ болғанда тұрған не бар? Өзбек болса не болыпты? Бәріміз бір емеспіз бе?! Бәріміз – түркіміз. Туыспыз. Бауырмыз. Ағайынбыз. Сол үшін өз арамыздағы достыққа сызат түспесе екен деймін!
– Әңгімеңізге рахмет! Алла Париж төрінде атой салуға жазсын!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Фото: United World Wrestling сайтынан алынды