247
Ішімдік ішкен әріптестерін қолдау үшін петропавлдық хирургтар жаппай жұмыстан кетпек
Ішімдік ішкен әріптестерін қолдау үшін петропавлдық хирургтар жаппай жұмыстан кетпек
Петропавлдық хирургтар жаппай жұмыстан кетпек. Бұған №1 аурухананың бас дәрігерінің хирургия бөлімінің меңгерушісін жұмыстан шығарғаны себеп деп хабарлайды КТК арнасы.
Хирургтар өз басшысы қызметтен заңсыз қуылған деп есептейді. Өңірде онсыз да 150-ге жуық дәрігер жетіспейтіндігін ескерсек, ақ халаттылар наразылығының жағдайды одан бетер ушықтыратын түрі бар. Қаладағы №1 аурухананың хирургия бөлімінің дәрігерлері мен медбикелері бөлім жетекшісі Асхат Ақсаринді қолдау үшін жиналыпты. Өйткені өткен аптада ғана басшылық оны «жұмыста ішімдік ішті» деп қызметінен босатқан. Бұны заңсыздыққа балаған хирург ішпегенін дәлелдеу үшін тіпті адвокат жалдауға мәжбүр. "Мен ол күні кешкі алтыға дейін ота жасадым. Бұлар мені сағат бесте мас болды деп, хаттама толтырыпты. Сол күні наркология орталығына баруымды сұрады. Алайда екі отадан кейін қатты шаршаған мені көлік күтіп тұрғандықтан, одан бас тарттым. Осыны желеу етіп, мені дереу жұмыстан шығарды", - дейді Асхат Ақсарин. Бұл бөлім былтыр сәуірде ашылған-ды. Ондағы мақсат қалада шұғыл хиругиялық көмек көрсететін жалғыз ауруханаға түсетін ауыртпалықты азайту. Алайда, қазір керісінше, жедел ота жасалуы тиіс жандарды өзге мекемеге жіберуде. Себебі, мұнда ота жасайтын жалғыз тәжірибелі дәрігер Асхат Ақсарин ғана екен. Жетекші дәрігерді қолдаған 6 жас хируг те қазір жұмыстан кетуге бекінген. Әйтсе де, олардың бұл шешімі бас дәрігерді еш алаңдатпайтын сияқты. "Егер бөлім дәрігерлері жаппай кетеміз деп арыз жазса, ол өздерінің құқығы. Кете берсін. Біз өзге медициналық мекемелерден дәрігерлер алдыртып, жоспарлы ота жасауды бастаймыз. Бұл мәселені денсаулық сақтау басқармасымен бірге шешетін боламыз", - дейді Петропавл қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Галина Маметова. Ақсаринді жұмыстан шығаруға оның наркологиялық тексеруден өтуге бармағаны себеп болыпты. Қазір бұл дауға облыстық денсаулық сақтау басқармасы араласқан. Дәрігерлердің жазған шағымын тексеруде.