«Қатаң ескертемін»: Оқу-ағарту министрі мектеп түлектеріне үндеу жасады
Министр еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатындығын қатаң ескертемін. Осыған орай, оқу бағдарламаларын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 миллионнан астам еліміздің оқушылары, келесі сыныптарға көшірілсін. Мектептің 1-10 сынып оқушыларына «Білімім Отаныма» тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында - «Ынтымақ айы» айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында «Таза Қазақстан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және т.б. шаралар қарастырылған», - деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар, министр еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.
«Биылғы жылдың түлектері аталған іс шараны жоғары мәдениеттілікпен, ысырапшылдықсыз, даңғазалықсыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндіктеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз. Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқарамаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін», - деді Оқу-ағарту министрі.