Шалахметов шеңберіндегі штрихтар
Бүгінгі кейіпкеріміздің дүниетанымын «Шалахметов шеңбері» деп атасақ та жарасатын сияқты. Неге шеңбер? Шынын айтсақ, ол өз шеңберінде айналасына алаңдамай өмір сүрді. Әрине, туған халқының келешегі жолында барын салды. Дей тұра, дәл осы толағай шаруаларын атой салып айтуға, жар салып жарнамалауға жаны қас болды.
Бізде өзі де, сөзі де көркем кісілер көп. Қай уақытта да аз болмаған. Арғы аталарымызды айтпағанның өзінде бертіндегі жайсаңдарымыз да жетіп артылады. Қазақ қашан да аузы дуалы адамға қараған, көшелі кісінің сөзіне тоқтаған. Осы орайда, кесек турап, келелі іске бастайтын көшбасшылардың жөні бөлек. Қай мәселеде болсын. Тұлғаларымызды насихаттау бізге оларға табыну үшін емес, ұлтты ұйыстыру үшін керек. Олардың әр қайсысы – бір-бір әлем. Сондықтан да «Кекілбаев кеңістігі», «Әбдік әлемі» деп жататынымыз. Бүгінгі кейіпкеріміздің дүниетанымын «Шалахметов шеңбері» деп атасақ та жарасатын сияқты. Неге шеңбер? Шынын айтсақ, ол өз шеңберінде айналасына алаңдамай өмір сүрді. Әрине, туған халқының келешегі жолында барын салды. Дей тұра, дәл осы толағай шаруаларын атой салып айтуға, жар салып жарнамалауға жаны қас болды.
Бір анық: Ғаділбек Шалахметовтің өзіне ғана тән ешкімге ұқсамайтын кең шеңберінде шырайлы штрихтар өте көп. Сол шымыр штрихтардан оның халқына сіңірген еңбегін аңғармау мүмкін емес. Ол кісімен көп жыл бойы араластым. Жаны таза адам еді. Ақынжанды еді. Толып жатқан қырларының бірі ғана деп айтайын, Абай мен Мұқағалидың жырларын орыс тіліне аударды. Сол туындыларды оқыған кезде жанының ақықтығы айқын білініп тұратын.
Қолға алған ісін мұқият атқармай көңілі жайлана қоймайтын. Тыным көрмейтін. Қолды-аяққа тұрмайтын қағылез болатын. Астанадағы толып жатқан жұмысына нұқсан келтірместен бір айдың ішінде бірнеше елге іссапармен шығып келуге де үлгеретін. Бойын тік ұстап жүретіндігін былай қойғанда, ешқашан консерватизмге берілмейтіндігімен тәнті ететін. Өткенін айтып мақтанбайтын. Бұрынғы жинаған ұпайларымен мысыңды баса беретін кісілердің бойынан мүлдем кездестіре алмайтын керемет қасиет. Әйтпесе, «телевизия патриархы» деген атқа таза еңбегімен жеткен оның бұрынғы істері он адамның өміріне жетерлік. Айналасындағы адамдарға деген сүйіспеншілігі қарапайымдылығынан анық байқалатын.
Өмірге құштар болатын. Оны өлместей көретінмін. Атасы Шалахмет те, оның туған інісі Шеруен де жүз жасаған кісілер екен. Ғадекең де ғасырды иектеп құласа деп тілейтінмін. Бірақ «Адамның дегені емес, Алланың қалауы болатыны» рас. Телевизия мен публицистика майталманы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов ағамыз осы жылы сәуір айының басында дәрілбақиға жол тартты. Енді ардақты ағамды еске алып, Құран бағыштағаннан басқа амал бар ма?! Сонымен, штрихтар...
Толеранттылық – төл қасиеті. Ол солтүстігіміздегі көршімен шекаралас облыста туған, орта мектепті Ресейде бітірген, бірақ жоғары оқу орнын Қазақстаннан таңдаған, қызмет бабымен әлемнің талай еліне табан тіреген. Бір қарағанда төл мәдениетінен қол үзген космополит қазақтардың бірі деп ойлап қалуыңыз ықтимал. Шынында да, қазақ журналистикасы мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан ол туралы өзіміздің ағайын көп біле де бермейді. Алайда оның өміріне жақынырақ үңіліп, дүниетанымына бойлай алса, бұл ойдың асылық екеніне көз жеткізері хақ.
Қазіргі қазақ көп параметр бойынша басы тұтаспай тұрған кезеңді бастан өткеріп жатқаны шындық. Біреуі қазақша, біреуі орысша, енді бірі аралас сөйлейтін қазақтың басы бірігіп тұр деп өтірік көлгірси алмайсың. Қазақтың «басқа бәле – тілден» деген мәтелі бұл күндері жаңа реңкке ие бола бастады. Қазақты тіл бөліп тұр. Орысша хат танығандар бізге шікірейе қарайды. Біз оларды мойындағымыз келмейді. Осындай итжығыспен алысқа бара алмайтынымызды біле тұра бір мәмілеге келе алмай жүрміз. Тығырықтан шығар жол қайда?
Осы сұрақ алдымнан шыққан сайын тағы да есіме Ғаділбек Шалахметов түседі. Неліктен? Ол кісі бірде маған айтып еді: «Дүниедегі ең сорақы нәрсе – қасаңдық. Біздің түбімізге бір нәрсе жетсе, томағатұйықтық жетеді. Осыдан арылуымыз керек». Өте есті сөз! Шынымды айтсам, бұл мақаланы жазудың өзі басқалар да осы сөздің астарына тереңірек үңіле түссе екен деген ниеттен басталғанын жасырғым келмейді.
Шынында да, Абай орыс әдебиетін мойындамаса, философияның көгіне көтеріле ала ма? Капица «английский мальчик» болмағанда Кеңес Одағының қорғаныс қабілеті қорғансыздың күнін кешер еді. Осындай риторикалық сұрақтарды одан әрі шексіз жалғастыра беруге болады. Иә, өз мәдениетімен ғана шектеліп қалу әлемдік масштабта ұлы істерге жеткізе алмайтынын біздің заманымызда түсіндіріп жатудың өзі артық. Әлгі Ғадекеңнің меңзеп тұрғаны осы мәселе. Әрі қарай былай деп еді: «Қазақ тілділер мен орыс тілділер ең соңында тіл табысатынына сенгім келеді. Оған бізде алғышарттар көп. Солардың ішіндегі ең бастысы – қазақ халқының толеранттылығы».
Ғадекең кез келген ойын темірдей логикаға құрып айтатын. Шынында да, астындағы аты оқыста кісінесе де, Аллаға тәубасын айтып отыратын халық екеніміз – ақиқат. Барға қанағат, жоққа мезірет білдіруді бұлжымас әдетке айналдырғанымыз қаш-ш-ш-ааан?! Төзімділік төл қасиетіміздей көрінеді. Заманауи тілмен айтсақ, тұла бойымыз тұнып тұрған – толеранттылық. Бұл қасиет біздің қанымызда бар. Бар тәтті-жұмсағын туған балаларына қимай, қашан келетіні беймәлім Құдайы қонағына сақтап отыратын әже-апаларымыздың ақ сүтімен келген осы тамаша қасиет бізді өзімізден бұрын басқаның күйін күйіттеуді көксетіп тұратыны – қызық құбылыс.
Ең аяғы, ХІХ ғасырда орыс империясына қылыш алып жүгірген Кенесарының өзі генерал Перовскийге жазған хатында Абылай атасының кезінен берік орын алған Ресеймен дос-жарандық, тату-тәтті сыйластыққа адал екенін, орыс халқына емес, отарлық басқыншылыққа қарсы күресетінін айтып өлген жоқ па?! Жаратушының алдында адам баласының тең құқығын сыйлайтын қазақтан асқан альтруис халық бар ма екен?!
Бақыт құсы барын бағалай білетін елдің ғана басына қонатынын қазақ әлімсақтан біледі. Білгеннен кейін бәріне де шыдамдылықпен қарайды. Тәуелсіздігімізді үркітпей ұстап тұруымыздың басты қазығы да осы төзімділікпен қағылған. Қоян-қолтық ғұмыр кешіп жатқан жүзге жуық ұлыс өкілдерін өзекке теппей, керісінше өз бауырына тартудан жалықпайтын, қаққан шегедей қалыпты қалпымызды бәзбіреулер төменшектеумен шатастырып алып жатады. Солай ма? Жоқ. Құс қанаты талатын сайын даламыздай кеңпейіл көңілмен ұлттық санамызға қапысыз қонған кемелділік кей сәттерде кемшілігіміздей көрініп қалатынына қарның ашады. Бірақ барлық ұлы қасиеттердің қарапайым көрінетінінің өзі ұлы дархандықтан туған кемеңгерлігімізді көмкере алмайды.
Ұлты үшін бір қазақтай еңбек сіңірген қайраткер ұлдарымыздың бірі Ғаділбек Шалахметов дүниеден өткенде де маған осындай ойлар келді. Жалпы, толеранттық қазақ болса, жалқы толеранттық Ғаділбек Мінәжұлы болатын. Толеранттылықтың туын көтеріп келе жатқан тұлғаларымыздың біріне айналған оның бойынан дүниенің басқа бір түпкірінде бір адам өлсе, бүкіл адамзат өліп бара жатқандай күй кештіретін барлық гуманистік қасиеттер іздемей-ақ табылатын еді.
Сабақтас көзқарас. Жайшылықта ұлтым деп кеуде қағып, сын сағатта көлеңкені паналап кететіндермен салыстырғанда Ғаділбек Шалахметовтың ұлтшылдығы мен гуманистігі анағұрлым артық екенін дәлелдейтін деректің ұшы-қиыры жоқ. Соларды бір-бір сөйлеммен жазып шыққанның өзі жарты беттен асып жығылады. Назар салыңыз.
Мемлекеттік телерадио комитетін ұзақ жылдар басқарған, Қазақстан Президентінің алғашқы баспасөз хатшысы болған, «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты сияқты жауапты сатылардан да абыроймен өткен Ғаділбек Мінәжұлы өзінің журналистік жолында да көптеген ерлік жасады. Қазақтың Корчагині атанып кеткен Рахмет Өтесінов ағамыз туралы жетпісінші жылдары сонау Жаңаөзенде топырақ жұтып жүріп деректі фильм түсірген туындыгерді өмір бойы басшы болып, комфорт іздеген пенде деп кінәлай алмайсыз.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, бұрынғы КСРО халықтары тәуелсіз мемлекеттер құрып жатқанда, сол елдердің бәріне тарайтын ортақ «Мир» телерадио компаниясын құрған біздің кейіпкеріміздің амбициясы кейіннен өзінің дүниеге келгенін ақтады. Кешенді арнадағы диалогтар арқылы қантөгістер мен қақтығыстардың жолына тосқауыл қойылды.
Алмағайып тоқсаныншы жылдардың бел ортасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос Галиден сұхбат алған жалғыз қазақтың шығармашылық ізденісі мен шеберлігіне қайта-қайта қол соққың келеді.
АҚШ-тың экс-президенті, биыл жүз жасқа толғалы отырған Джимми Картермен талай рет табақтас болып, адамзатқа пайдасы бар бірнеше жобаны бірге жүзеге асыруға қатысқан Ғадекеңе қызыға қарайтынмын.
Ешкіммен араласпай, бәрінен безіп, үйіне тығылып жатқан Лев Николаевич Гумилевтің өмірдегі ең соңғы сырласы болған ағамыздың жүрегі кең адам еді.
Ғаділбек Шалахметовтің барша адамзат баласын «ұлық» немесе «кішік» деп бөлмейтін, әлемнің әр түпкіріндегі өркениеттерді бір-бірінен бөле-жармайтын, керісінше сабақтастыра түсіндіретін алабөтен көзқарасы оның өмір жолында түйген тәжірибесінің, кемел білімінің арқасында келгені тайға таңба басқандай көрінеді. Сондай-ақ ғұлама ғалымдардың еңбектерін оқып қана қоймай, олармен тікелей пікір алмасудың арқасында қанына сіңген түсінік деп айтсақ та қателесе қоймаймыз. Ғадекеңнің өрелі істерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Енді солардың бірқатарына кеңірек тоқталып өтсек те жеткілікті.
Ұлтжандылық іспен дәлелденеді. Ғадекеңнің мен байқаған керемет қасиеттерінің ішіндегі адам қызығарлығы – оның достыққа беріктігі. Өмірдегі достарының тізімі да салақұлаш. Мұрат Әуезов, Сәтімжан Санбаев, Салихитдин Айтбаев сияқты атақты тұлғаларды айтпағанда, әлемге танымал ғалымдар Рахметқажы Берсімбаев, Зинетулла Еңсепов, мәскеулік жазушы Евгений Панов және Фариза Оңғарсынова апамыздың жырларын орыс тіліне аударған тамаша аудармашы марқұм Татьяна Фроловскаялармен мен Ғадекеңнің үйінде танысқанмын. Ол өзінің пәтерін «Дом друзей» деп атаушы еді. Оның үстіне, әлемнің әр түпкіріндегі достары тағы бар.
Әсіресе, аспанасты елінде дүниеге келген қандасымыз, белгілі ғалым, ақын әрі журналист Айтан Нүсіпханмен арадағы достығы тілге тиек етуге сұранып тұр. Айтан Нүсіпхан – тағдыры аласапыран қоғамның талқысына түскен жандардың бірі. Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында қазақ тілі мен мәдениетінің Қытай билігі тарапынан қысымға ұшырағанын сынға алғаны үшін қуғынға түскен азамат туған жеріне бас сауғалауға мәжбүр болған. Тіпті, Ресейдің Хабаров өлкесінде орманда ағаш шауып, жан бағуға дейін барған. Кейінірек Алматыға ат басын тіреген. Мұрат Әуезовтің себепкер болуымен Ғаділбек Шалахметовпен танысады. Кеңестік тоталитарлық жүйе шетелден келгендер, әсіресе, құпиясы көп Қытайдан келген жандар тиісті органдардың көз қырына алынатыны белгілі.
Соған қарамастан Ғаділбек Шалахметовпен таныстығының арқасында Айтан Нүсіпханның алдынан ақ жол ашылды. Оның қытай, ұйғыр тілдерін жетік білетінін алға тартқан Ғаділбек Шалахметов Айтан Нүсіпханның радио, телевизия саласында жұмысқа орналасуына, барлық қарым-қабілеттерін көрсете алуына мүмкіндік туғызды. Алаштанушы ғалымдар Айтан Нүсіпханды ХХ ғасырдың басындағы қызыл қырғынның құрбанына айналған қазақ зиялыларының тағдырын зерттеуші тұлғалардың бірі деп біледі.
Ұзақ жылдар бойы құпиялылық құрсауында қалып, есімін атауға тыйым салынып келген Мұстафа Шоқай сынды Алаш ұлының еңбектері елге жетіп, есімі қайта оралуына бірден-бір себепкер болған да осы Айтан Нүсіпхан. Қытайдан келгені үшін құзырлы органдардың қырағы назарына алынған, құжат дегенде қайдан келгені, кім екені туралы жазылған бір жапырақ қағазы ғана бар қандасымызды кеудесінен итермей, керісінше оған қамқор бола білген Ғаділбек Шалахметов – шынында да ұлтжанды тұлға. Айқын да ұстамды позициясы бар Ғаділбек Мінәжұлының шетелден қашып келген белгілі ғалым, ақын әрі журналист Айтан Нүсіпханды ешқандай төлқұжатсыз өз қарамағына қаймықпай жұмысқа қабылдағанын қандастарын қолдаудың классикалық үлгісі деп айтқан абзал.
Желтоқсан желі. Хәкім Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» деген дана сөзі бар. Осы тіркесті біржағынан сәл өзгертіп «Ісіне қарап кісіні ал» деп түсінуге де болатындай. Адамның тіршілікте жасаған істері, қайраткерлік қадамдары оның халық алдындағы кескін-келбетін қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі әсіреұлтшылдардың популистік сарындағы «асқақ» ұрандарына елтіген жандар Ғаділбек Шалахметовті сыртынан шалақазақтардың санатына қосып жіберуі әбден мүмкін.
Алайда ұран мен істің үнемі бір жерде тоғыса бермейтіні бар. Осы орайда, Ғаділбек Шалахметов – сонау 1986-87 жылдардың өзінде қаһарлы Желтоқсан оқиғасы хақында халық арасында объективті көзқарастың қалыптасуы үшін аянып қалмаған жандардың бірі. Қазақ Мемлекеттік телерадио комитетінің басшысы Ғаділбек Шалахметов сол күндері Мәскеуде одақтың Мемлекеттік телерадиосының алқа жиналысына қатысып, қазақ тілді бағдарламаларды кеңірек таратуға, таза қазақша арна ашуға қажетті қаражаттың көбейтілуін талап етіп жатқан болатын.
Кенет Алматыдан орынбасары, көрнекті сыншы һәм қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев қоңырау шалады. Ол Алматыда қиын жағдайдың орын алғанын айтып, шұғыл түрде елге оралуын сұрайды. Бір нәрсеге қатты толқып тұрғаны байқалады. Ол кезде республикалық телевизия ғимараты Үкімет үйінің дәл іргесінде орналасқан еді, терезеден қарағанда орталық алаңға жиылған қарақұрым халық алақанға салғандай айқын көрінеді. Екеуі телефон арқылы сөйлесе келе, барлық түсіру тобын жіберіп, алаңдағы сұмдықты кеңінен қамтып түсіріп алуға уағдаласады. Ал Ғаділбек Шалахметов Мәскеуге келген шаруаларын жиып қойып, бірден Алматыға ұшады.
Одан кейінгі жайттан көзі ашық, көкірегі ояу жандардың баршасы хабардар. Алаңда билік тарапынан болған сұрқиялықтың талайы телеоператорлардың назарынан тыс қалмады. Қазір телеарналардан беріліп жүрген Желтоқсан оқиғасына қатысты кадрлардың көпшілігі – сол бір қиын-қыстау күндері таспаға түсіп, республикалық телевизияның мұрағатында сақталып келген құнды дүниелер. Егер алаңдағы сұрапыл шырқау шегіне жеткен бас-аяғы екі күннің ішінде телевизия қызметкерлері осы оқиғаны таспаға түсірмегенде, бүгінгі ұрпақтың қолында сол қаһарлы күндер туралы бейнедеректердің болуы екіталай еді.
Ғаділбек Шалахметовтың жетекшілігімен республикалық телевизия мамандары алаңдағы оқиғаны таспаға түсірумен ғана шектелген жоқ. Желтоқсан оқиғасын халыққа ешбір тараптардың сойылын соқпай, қаз-қалпында жеткізуге тырысып бақты. Саптаяққа сусын құйып, сабынан қарауыл қарайтын қиын кезеңде халыққа объективті ақпарат жеткізу оңайға түспеді. Желтоқсан оқиғасынан шошынған Мәскеудегі орталық телевизия қазақтардың жұмысын кірпік қақпай қадағалап отырған еді. Қазақ ұлтшылдығының өршуіне не ықпал еткенін анықтау үшін Мәскеуден арнайы келген комиссия бірінші кезекте телевизияның жұмысын бақылауға алды.
«Мен қазақ телевизиясының үнемі жоғары бағаланып келгенін, тіпті бірқатар бағдарламалардың Мәскеуде, Ресейдің бірқатар аймақтарында, басқа да республикаларда эфирге шығатынын айтып, жағдайдың мүлде басқаша екенін ұғындыруға тырыстым. Бірақ комиссия тіпті «Тамаша» сынды әзіл-сықақ, басқа да публицистикалық бағдарламалардан ұлтшылдықты насихаттайтын элементтерді тапты. Маған тағылған айыптар қызметімнен алып тастауға жететін еді. Шыны керек, оларға қарсылық ретінде партбилетімді столға тастап, қызметімнен кетіп, сол арқылы арымды таза қалпында сақтап қалғым келді» деп отыратын, жарықтық!
Алайда осындай қадам жасаған жағдайда оны қоғамның түсіне қоюы неғайбіл еді. Қызметтен өз еркімен кетсе, Орталықтан келген комиссия бұл қадамды кінәсін мойындадыға балайтыны анық. Мұның арты телевизиядағы өзге әріптестеріне соққы болып тимек. Орнына басқа адам тағайындалып, бұған дейін іргесі қаланып қойылған талай тележобалар жарыққа шықпай жатып келмеске кететіні тағы бар. Осының бәрін ойша саралай келе, ашу-ызаға емес, салқын ақылға ерік бергенді жөн санап, әліптің артын бақты. Желтоқсан оқиғасына ат салысқан бірқатар әріптестерін қорғап қалуға күш салды. Талай әріптестерін қызметтен қуылудан, партия қатарынан шығудан қорғап қалды. Енді бірін қорғауға шамасы жетпегені де жасырын емес.
Полигонды жабу прологы. Ғадекеңнің Мемлекеттік телерадио комитетінің тізгінін ұстап тұрған тұста жасаған тағы бір ерлігін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сексенінші жылдардың соңында алаш ардақтыларының құт мекеніне айналған Семей өңіріндегі ядролық сынақтардың зардабынан запы болған жергілікті халық мұң-мұқтаждарын ұлттың рухани көсемдеріне аманаттай бастағаны мәлім. Бүтін аймақтың халқын апатқа ұшыратқан осы атышулы сынаққа әлемнің назарын аудару Олжас Сүлейменовтің қолынан келді. Ал Олжас ақынның сөзі жалпақ жұртқа бұлжымай жетуіне бірден-бір себепкер болған адам Ғаділбек Шалахметов осы іс туралы «Мен солай жасап едім» деп жұрт алдында ақтарылғанын көрмеппін.
1989 жыл ядролық полигонда кезекті сынақтар жасалды, апат орын алып, радиоактивті газдар жер бетіне шығып кетті. Дәл сол тұста Олжас КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер еді. 25 ақпан күні Қазақ телевизиясында сайлау алдындағы сөзін сөйлеуге тиіс болатын. Соның қарсаңында таудағы санаторийлердің бірінен ол Ғадекеңе қоңырау шалады. Бейнежазба арқылы емес, тікелей эфирде сөйлегісі келетінін айтып өтініш білдіреді. Толқып тұрғанына қарап «неге?» деп сұрауға Ғаділбек Мінәжұлының дәті бармайды. Бұл телефон арқылы шешілетін мәселе емес екенін сезеді. Кешкілік телеорталыққа келген Олжас Омарұлы Ғадекеңнен бір ғана нәрсені өтінеді: «Эфирді үзіп тастамауыңды сұраймын!».
Он бес одақтас республика телевизиясының әр хабарын міз бақпай қадағалап отырған Мәскеудегі мықтылардың қаһарына ұшырайтынын білсе де, Ғаділбек Мінәжұлы өзінің өкілеттігін пайдаланып Семей полигоны туралы ақиқаттың айдай әлемге жария болуына себепкер болуды жөн деп шешеді. Олжас Сүлейменовтің осы сайлау алдындағы атақты сөзі осылайша барша жұртқа таралды. Ақын сайлау алдындағы бағдарламасын емес, қазақ халқының трагедиясын әлем жұртшылығына жайып салды. «Ядролық полигон жабылуы керек» деген қаһарлы сөз тұңғыш рет айтылды. Олжас Сүлейменов кеудесінде намысы бар, рухы өлмеген адамдардың баршасын Жазушылар одағы ғимаратының алдына шеруге шығуға шақырды. Бұл тоталитарлық режимнің темір ноқтасына бас имеген азаматтық қарсылық болатын.
Осылайша, кейінірек «Невада-Семей» деген атты иеленген атақты антиядролық қозғалыстың ең алғашқы қадамы Қазақ телерадио кешенінің қабырғасында бастау алған-ды. Ғаділбек Шалахметов Мемлекеттік телерадио комитетінің басшысы ретінде осы қозғалыстың қарқын алуына ықпал ететін түрлі бейнесюжеттердің жарық көруіне тікелей атсалысты. Оған қарсы болған мүйізі қарағайдай мықтылардың қорқытып-үркітуге тырысқан қарекеттерінен ештеңе шықпады. Елу жыл бойы халқын қасіретке ұшыратқан Семей полигонын жабудың прологына қатысқан Ғаділбек Мінәжұлын кейде «человек тотального действия» деген атқа ие болған Эрнест Хемингуэйге теңегің келеді.
«Пятый сон». Ғадекең біздің публицистикамыздың дамуына да керемет үлес қосқан. Біраз еңбектері жарық көрді. Десе де, маған оның «Пятый сон» туындысы ерекше ұнайды. Қысқаша синопсис. ХІХ ғасырдағы біздің ел билеушілеріміз тіпті, социализм туралы ойларын айтып кеткен. Мақаш правительді айтып отырмын. Шеркештен шыққан Түрке бидің жетінші ұрпағы Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетовті халық жақсы көргеннен осылай атап кеткен. 1886 жылы ол Құрманғазыны түрмеден шығарып алуға барса, Николай Чернышевкийді кездестіріп қалады. Сол баяғы «Что делать?» романын жазып, Сібірге жер аударылған орыстың сыншысы.
Мақаш көрген жерде оны үйіне қонақ болуға шақырады. Николай Гаврилович «ойбай-ау, мен мемлекеттік қылмыскермін ғой, маған сый-құрмет көрсеткеніңізді білсе, ақпатша сазайыңызды береді» деп шыр-пыр болады. Патшадан қорқатын Мақаш правитель ме, қояр да қоймай үйіне алып келеді. Сібірден Астрахань түрмесіне рахымшылықпен ауыстырылған жазушыны бес күн қонақ қылады. Төрт-бес тілді қатар білетін полиглот Мақаш правитель Николай Гавриловичпен социализм төңірегінде біраз пікір таластырады.
Байқап отырсыз ба, Ресейдегі социалистік төңкеріске дейін әлі отыз бір жыл бар. Ал біздің атамыз орыстың революционерімен тең дәрежеде болашаққа болжау жасаған. Мақаш бұрыннан «Современник», «Колокол» журналдарын алдыртып оқитынын айтқанда, Николай Чернышевский таңғалыпты. Бір адам арқылы бүкіл қазақ халқы туралы пікірін жақсы жаққа өзгертіп, ризашылығын әйеліне жазған хатында қадап айтқан.
Публицист Ғаділбек Шалахметовтің 2017 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Пятый сон» деректі хикаятының басты кейіпкері – осы Мақаш правитель. Мұхамбетжан Бекмұхамбетов туралы жазған осы деректі публицистикалық кітабы ізденіс пен дарынның қоспасынан туған сүбелі еңбек болған еді. Бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы тарихи шындық кітапта құр баяндалып қоймайды. Одан кейінгі оқиғалардан бастап бүгінгі күнгі құбылыстарға дейін органикалық байланыста ой шертетін бұл туындының қазақ оқырмандарына берері мол. Моншақтай тізілген оқиғалар тізбесі – қазақ публицистикасындағы орасан еңбек.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ