Шайх-Хасан Жазықбаев: Әскер – егемендік пен елдіктің тірегі

Қорғаныс министрінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор

Шайх-Хасан Жазықбаев: Әскер – егемендік пен елдіктің тірегі
сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
1607

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап ел күнтізбесінде  пайда болған мемлекеттік мерекенің бірі – Отан қорғаушылар күні. Бұл күн –мемлекеттің тұтастығына, елдің қауіпсіздігіне, сондай-ақ тәуелсіздікке қауіп төнген сәтте кез келген сыртқы агрессиядан қорғап, бейбіт өмірді қамтамасыз ететін әскери қызметшілерге арналады. Кәсіби мереке қарсаңында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-хасан Жазықбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.  

– Сұхбатымызды Қазақстан Респуб­ли­­касы Қарулы Күш­терінің қару-жа­рақ­пен және әскери техникамен жарақ­тан­дырылуы қандай деген сауалдан бастасақ.

– Қарулы Күштерді қару-жарақпен және әс­кери техникамен жарақтандыру жұмыс­та­ры жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника нарығына, дамыған елдердің ар­мияларындағы үрдістерді, қарулы қақ­ты­ғыстардағы жауынгерлік жаңаша іс-қимыл тәсіл­дерін ескере отырып, әскерлерді жарақ­тан­дырудың перс­пективалық бағыттарына жүйе­лі негізде талдау жүр­гізіп отырады. Қарулы Күштерді дамыту және әскер­лерді жарақ­тандыру мә­селелерін іске асыру үшін Мем­лекет бас­шы­­сының Жарлығымен «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Қарулы Күштерін, басқа да әскер­лері мен әскери құрылымдарын қайта жа­рақтандыру және қорғаныс-өнер­кәсіп к­е­шенін 2030 жылға дейін дамыту Тұжы­рым­дамасы» бекітілді. 2023 жылы 70-тен ас­там әскери тех­ника мен 196 автокөліктің, ар­наулы техни­калардың модификациялары сатып алынды. Бұдан бөлек, Үкіметтің авиа­ция­лық парк пен Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс құралдарын қайта жарақ­тандыру жә­­не жаңарту бағдарламасының орын­далуы­на тоқ­талатын болсақ, қазақстандық тарап пен еуропалық Airbus Military авиация кон­церні арасында жасалған келісімшарт шең­берінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Сонымен бір­ге Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауын­гер­лік тікұшақтары жеткізілді. Қазіргі заманғы ұрыстарда барлау құрал­дары, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ және ұшқышсыз басқарылатын авиацияның рөлі ай­тарлықтай өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшқышсыз басқарылатын авиация паркін ұлғайту жұмыстары жалға­сып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында соққы беруші Anka дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бү­гінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар пар­кінде Wing Loong-1, Anka және Skylark бар­лау ҰҰА-лары барын атап өту керек.
Келесі маңызды бастаманың бірі – Қор­ға­ныс ведомствосы дайындаған «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы. Аталған құжатта аумақ­тық қорғаныс жүйесіне қаржыландырудың тиісті көлемімен нығайтылған мемлекеттік сектордың жекелеген саласының форматын беру, мемлекеттік органдардың елдің аумақ­тық қорғанысын қамтамасыз етудегі функ­циялары мен өкілеттіктерін белгілеу, бейбіт жә­не соғыс уақытында аумақтық қорғаныс­ты ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін ай­қын­дау көзделген.

– Қарулы Күштерге заманауи техно­ло­гия­ларды енгізу және әскерді цифр­лан­дыру бойынша қандай жұмыстар ат­қарылып жатыр? 

– Қарулы Күштер заманауи техноло­гия­ларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Әскерді цифрландыру – Қорғаныс министрінің тұрақты бақылауында. Бұл мін­деттерге байланыс жүйелерін жаңарту, басқару жүйелерін біріктіру, қару-жарақ пен техниканы жаңарту және киберқауіпсіздік кіреді. Цифрландыру әскери операциялар­дың тиімділігі мен дәлдігін арттырып қана қой­майды, сонымен қатар әскери қызметші­лер­дің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар­ға әртүрлі жағдайлар мен сценарийлерде тап­сырмаларды сәтті орындауға көмектеседі. 
Соңғы жылдардағы соғыстар мен қару­лы қақтығыстарды талдау бүгінгі күні кикілжіңдер парадигмасының мазмұны түбегейлі өзгерістерге ұшырағанын көр­­сетеді. Мұның себебі электрониканың қар­­қынды дамуында, қолбасшылар мен ко­ман­дирлердің қолында барлау, басқару, жою және қамтамасыз ету күштері мен құрал­да­рын функционалды түрде біріктіретін түбе­гейлі жаңа ақпараттық жүйелердің пайда болуында. Бұл – бірлестіктің негізі заманауи жүйелік-техникалық шешімдерін, желілік тех­нологияларды және желіні басқару прин­циптерін кең ауқымда іске асыру деген сөз. Қазіргі әскери қақтығыстарда әскерлерді басқаруды ғарыштық барлау және радио­навигация жүйелерімен, деректерді берудің кең жүйесімен қамтымай, сондай-ақ барлық негізгі функцияларды автоматтандырмай бас­қару пункттерін пайдалану тиімсіз бола­ды. Заманауи армияда автоматтан­ды­рылған басқару жүйелерін енгізу әртүрлі деңгейдегі әс­керлерді басқарудың сенімділігі мен өмір­шең­дігін, икемділігі мен жасырын болуын едәуір арттырды. Бейбіт уақытта әскерлерді басқарудың заманауи автоматтандырылған жүйе­лері нақты ұрыс қимылдарына барын­ша жақын әскерлер мен бөлімшелерді жат­тығу алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Әскерлер мен бөлімшелерді оқытудың мұндай мүмкіндіктері қару-жарақ пен әс­кери техниканың нақты ресурстарын айтар­лық­тай үнемдейді. Биыл біз Әуе қор­ғанысы күштері үшін ақпараттық жүйені қа­былдадық. Бұл еліміздің әуе кеңістігін пай­далануда автоматты режимде ақпарат мас­сивін өңдеу қабілетін арттырды. Әуе шебі­мізді қорғауда шешім қабылдау уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік берді. 
Халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Осы жерде мен кей­бір өзгерістер туралы да айта кетсем деп едім. Енді азаматтарға тұрақты тұратын же­рін ауыстырған кезде әскери комис­са­риат­тарға немесе Мамандандырылған ха­лық­қа қызмет көрсету орталықтарына жү­гіру­дің қажеті жоқ. Мекенжайы өзгерген кез­де біз азаматтардың әскери есебін авто­мат­ты түрде өзгертеміз. Бүгінгі таңда мұндай қызмет бір жылда 100 мыңнан астам аза­мат­қа көрсетілді. Әскери борышын өтемеген, оның ішінде 27 жасқа толған азаматтарға бұ­дан былай әскери билетті алу үшін жергі­лік­ті әскери басқару органдарына жүгінудің қа­жеті жоқ. Оларға бұрынғыдай әскери би­лет берілмейді. Оның орнына әскери мін­деттіліктің мәртебесі айқындалып, әскери есебі Egov жеке кабинетінде көрсетіледі. Сондай-ақ азаматтарға жұмысқа орналасу кезінде әске­ри қызметке қатынасы туралы анықтама алу үшін де әскери комиссариатқа барудың қа­жеті жоқ. Жұмыс беруші бұл ақпаратты Egov-тан өз бетінше көре алады. Сонымен қатар шет­елге тұрақты тұруға кет­кен кезде де әске­ри комиссариаттарға бару­дың қажеті жоқ. Біз өзіміз қажетті ақпаратты көші-қон қыз­ме­тіне береміз. Сол сияқты зейнетке шықпас бұрын әскери борышын өтегенін растау тура­лы анықтама алу үшін де әскери комис­сариаттардың табалдыры­ғын тоздырмайсыз. Қажетті ақпарат Зей­не­тақы төлемдерін есеп­теу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
Цифрландыру бойынша көптеген бас­тамамыз бар. Барлығын жүйелеу және цифрлық рельстерге қою үшін біз осы жыл­­дың қаңтар айында «Цифрлық транс­фор­мацияның жол картасы» деп аталатын цифрландыру стратегиясын қабылдадық. Онда барлық бөлімшелер мен министрлік бас­шылығының қажеттіліктерін ескере оты­рып, Қарулы Күштер түрлері мен әскери қызметтің барлық аспектілері жи­нақ­талған.

– Қорғаныс саласын жаңа заманауи тех­никалармен жабдықтағанмен тех­никаны игеретін маман біліксіз бол­са қайыр жоқ. Осы орайда мамандары­мыз­дың біліктілігіне, біліміне, сапа­сы­на қаншалықты мән беріліп отыр? 

– Кадрларды даярлау – көлемді және күр­­делі процесс. Бүгінде ұлттық кадрлар даяр­­лау жүйесі, оның сандық және сапалық пара­метр­лері үнемі жетілдірілу үстінде. Атап айт­қанда, Қор­ғаныс министрлігі жаңа мем­лекеттік білім стандарттарын әзірледі. Қол­даныстағы оқу бағдарламаларын қайта қара­ды.
Әскери кадрларды іріктеу және даярлау жүйе­сінде барлық бағыттар мен деңгейде ауқым­ды әрі мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Офицер кадрлар Құрлық әскерлерінің әске­ри институтында, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында, Радиоэлектроника жә­не байланыс әскери-инженерлік инс­ти­ту­тында даярланады. Сонымен қатар жас­тары­мыз екіжақты ынтымақтастық аясында алыс-жақын шетелдерде де білім алады. Әскери кафедраларды бітіргендердің әлеуе­тін қажетіне қарай пайдаланамыз. 
Кәсіби сержанттар Ш.Уәлиханов атын­дағы әскери колледжде даярланады. Биыл С.Нұр­мағамбетов атындағы әскери колледж­ді радиациялық-химиялық қорғаныс, байла­ныс және инженерлер секілді тапшы маман­дық­тар бойынша 80-нен астам кадет түлегі дип­лом алады. 
Сондай-ақ әскери қызметшілер қатары­нан кіші командалық құрамды даярлау ма­мандандырылған оқу орталықтарында 1-2 айға созылатын негізгі біліктілікті арт­тыру курстарында жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, жастарды әскери іске қа­жет­ті мамандықтар бойынша оқыта­тын әскери-техникалық мектеп түлектерінің де Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштері­мен келі­сім­шарт жасау үрдісі қалыптасып келе жатыр.

– Бұрнағы жылдары Арыс қаласын­да, Жамбыл облысында оқ-дәрі қойма­сын­да орын алған жарылысты халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бүгінде еліміз бойын­ша оқ-дәрі қоймаларындағы қауіп­сіздік шаралары қаншалықты сақ­талып отыр? 

– Қарулы Күштердегі зымырандар мен оқ-дәрілерді жыл сайынғы түгендеу нәти­же­лері бойынша одан әрі сақтауға және пайда­лану­ға жарамсыз оқ-дәрілер анықталады.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сақтаудағы және қол­да­ныстағы барлық қауіпті оқ-дәрілер жойы­лып, қауіпсіз етілді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс ми­нистрлігі төтенше жағдайлардың қайта­лануын болдырмау үшін толық көлемде шара­лар қабылдауды жалғастыра бермек. 

– Бүкіл әскердің 12 пайызы – қыз-ке­лін­шектер екен. Оларға байланысшы, те­леграфшы, дәрігер, психолог, клуб мең­герушісі, тылдағы қойма басшысы сияқ­ты арнайы қызметтер жүктеледі екен. Болашақта әскердегі әйелдер үле­сін көбейту жоспарда бар ма? 

– Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел қызмет етеді, оның ішінде 800-ге жуық офи­цер, 6 мыңнан аса келісімшарт бойынша әс­кери қызметші және 5 мың азаматтық пер­сонал қызмет етеді. «Полковник» әскери ше­нінде 25 әйел болса, 11 нәзік жанды бас­шы­лық лауазымдарда, 55-і мемлекеттік наг­радалармен марапатталған. Әскердегі әйелдер үлесін кө­бей­ту мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ. 

– Отан қорғау қанды қасап, қырғын шайқастармен ғана өлшенбейді. Бейбіт заманда да әскери борышты абыроймен өтеуге болады. Елімізде 1 наурыздан бе­рі жастарды әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Алайда жастар арасында Қарулы Күштер қатарында қызмет ету сән­нен қалған сияқты. Баяғыда әскер­ден келген жігіттер қыздардың арасын­да да беделді болған, ал бүгінгі жастар­дың Отан қорғауға деген құлшынысы қандай? 

– Әскерге өз ынтасымен баратын жастар қа­тары сиреген жоқ. Жыл сайын шамамен 39 мың­ға жуық жасөспірім әскерге шақыры­лады.
Әскер – егемендік пен елдіктің тірегі. Әс­кери қызметтің – біздің мем­ле­кеті­міз­дің еге­мендігін сақтаудың негізі еке­нін ұғыну қажет, ал жастарды тәрбиелеу жә­не оларды Отанды қорғауға дайындау тек қа­на мемлекеттік органдардың маңызды мін­деті емес, бірінші кезекте ол – бүкіл қо­ғам­ның міндеті.
Біріншіден, бұл соғыс жағдайында Отан­­ды қорғауға дайын әскери-оқы­тыл­ған резервті құрайды. Екіншіден, жас аза­маттардың көбі әскери қызметтен өту ке­рек, өйткені бұл өздеріне пайдалы. Олар бола­шақ өмірлеріне қажетті дағдылар мен білімдерді меңгереді. 
Бұл ретте әскерде тек әскери істі оқытып қана қоймайды, әскерге шақырылушылар өз ой-өрісін кеңейте алады және дұрыс ше­шім қабылдайтын тұлға болып қалып­тасып шығады. Яғни, интеллектуалдық мүм­кіншілігі артады. 
Тағы бір айта кететін жағдай, еңбекпен қамту кезінде де жұмыс берушілер тәртіпті және жауапты жұмыскер ретінде әскери борышын өтеген азаматтарды бірінші орынға қояды.

– Әскерге баратын жастарда таңдау еркі бола ма? Біреу әуе күштерінде, біреу шекарада қызмет еткісі келеді. Жал­­пы, әскери салада қандай маман­дық­­тарға басымдық берілген? 

– Аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке ша­қыру және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әс­керлері мен әскери құрылымдарына та­ғайын­дау туралы шешім қабылдау кезінде олар­дың мамандығы, денсаулық жағдайы ес­керіліп, келесі басымдықтар беріледі. Оқырманға түсінікті болуы үшін кеңірек баяндайын.
Бірінші, зымыран, авиация, бронды танк тех­никасын және радиотехникалық аппа­ра­тура шығарумен байланысты ұйымдарда жұ­мыс істейтін әскерге шақырылушылар тиіс­ті әс­кер түрлері мен тектерін жасақтауға жі­бе­рі­леді;
Екінші, режимдік және арнайы бөлім­дер­ді жа­сақ­тау үшін көрсетілген команда­лар­ға ал­дын ала іріктелген әскерге шақыры­лу­шы­лар жіберіледі;
Үшінші, десанттық-шабуылдау әскер­ле­рін жа­сақтау үшін әскерге шақырылу­шы­лар­ды ірік­теу жалпы орта білімнен төмен емес білі­мі бар, дене бітімі жақсы дамыған, бірін­ші кезекте парашютші спортшылар қата­ры­нан жүзеге асырылады;
Төртінші, жоғары білімі бар әскерге ша­қы­рылу­шы­лар оқу-жаттығу бөлімдеріне олар­дың біліміне және әскери даярлық бейі­ні­не ұқсас мамандықтар бойынша жіберіледі;
Бесінші, математика, физика және инж­е­нер­лік-экономикалық факультетті бітірген әскер­ге ша­қырылушылар радиотехникалық, зенит­тік-зымыран бөлімдеріне, Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Қарулы Күштері барлық түр­лерінің, бас­қа да әскерлері мен әскери құра­лымда­ры­ның байланыс бөлімдеріне жібе­рі­леді;
Алтыншы, медицина және фармацевтика фа­куль­теттерін бітірген әскерге шақырылу­шылар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына тиісінше кіші медициналық персонал лауазымдарына жіберіледі;
жетінші, сарбаздар қатарынан сержант­тар­ды, кіші мамандарды даярлауға арналған оқу-жаттығу бөлімдері мен мектептерге ке­мінде жалпы орта білімнен төмен емес білімі жә­не жоғары моральдық қасиеттері бар әс­керге шақырылушылар қатарынан қатаң дер­бес тәртіппен іріктеледі. Оқу-жаттығу бө­лімдері­не кандидаттарды іріктеу кезінде сонымен қатар олардың әскерге шақы­рыл­ған­ға дейін алған мамандықтары ескеріледі;
Сегізінші, ауыл шаруашылығын механи­ка­­лан­дыру және электрлендіру факуль­тет­терін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиа­­ция, зениттік-зымыран бөлімдеріне жә­не аза­маттық қорғаныс әскери бөлім­де­ріне, Қа­зақстан Республикасы Ұлттық ұла­нына жіберіледі. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Ұлт­тық ұланын жасақтау үшін іріктеу не­гізгі ор­та білімнен төмен емес білімі бар әскерге ша­қырылушылар қатарынан жүзеге асыры­лады;
Тоғызыншы, Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік күзет қызметін жасақтау үшін әскерге ша­­қырылушыларды іріктеу «Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Мемлекеттік күзет қызметі тура­лы» Қазақстан Республикасының заңы­на сәйкес Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік күзет қызметінің бастығы белгілеген Қа­зақ­стан Республикасы Мемлекеттік күзет қыз­метінің әскери қызметшілеріне білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және дене шы­нықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылады;
Оныншы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметі тиіс­ті физикалық және моральдық-психо­ло­гиялық дайындығы бар, білімі жалпы орта­дан төмен емес, басым тәртіппен іріктелген әскерге шақырылушылармен жасақталады.

– Қазақстанда осы уақытқа дейін әскер­ден жалтарғандар саны белгілі ме? Әдетте, әскерден қандай адамдар жалта­ра­ды? Армиядан қашатындардың пси­хологиялық портретін қалай бейнелер едіңіз? 

– Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қажеттілігіне бай­ланысты жылдан-жылға мерзімді әскери қызметке шақырылушылардың саны артып келеді. Оның ішінде 2021 жылы 32 000-нан аса, 2022 жылы 35 мыңға жуық, 2023 жылы 37 000-нан аса азамат мерзімді әскери қыз­мет­ке шақырылды. 2024 жылы 39 000-нан астам адамды әскерге шақыру жоспарланып отыр. 
Азаматтарды әскери қызметке шақыру – әлеуметтік маңызды оқиға, өйткені әскери қызметте жүргенде жеке бостандық пен құ­қықтар шектеледі. Осыған байланысты жыл сайынғы әскери қызметке әскерге ша­қыру кезінде туындайтын мә­се­лелер де бар. Сыртқы көші-қон, әскерге ша­қыру науқаны басталғаннан бастап әскерге ша­қыру жасындағы азамат әртүрлі себеп­термен (оқу, емделу, табыс табу) еш кедергісіз мемлекеттік шекарадан өтеді және әскерге ша­қыру аяқталғанға дейін шет мемле­кет­тер­дің (Ресей Федерациясы, Өзбекстан Рес­пуб­ликасы, Оңтүстік Корея, Қырғыз Респуб­ли­касы және т.б.) аумағында болады. Екінші мә­се­ле ішкі көші-қон, жыл сайын әскерге ша­қыру жасындағы азаматтар республи­ка­ның басқа өңірлеріне кетеді немесе әскери есеп­тен шықпай тұрғылықты тұратын жер­лерін ауыстырады (көрсетілген санат іздес­тіру­ге беріледі). Сондай-ақ әскерге шақыру пунк­тіне келіп тұрып мерзімді әскери қызметке шақырудан бас тартатындар да кез­деседі. Сонымен қатар Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық Кодексінің 387-бабында көрсетілген талап әскерге шақырылушыларға қолданылмайды. Себебі осы нормада егер әскер­ге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунк­тiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауап­тылықтан босатылады деген ескертпе бар. Әскерге шақырылатын жастар қолда­ныс­тағы заңнамадағы олқылықтарды және өздерінің жазаланбайтынын ескере отырып, өздерінің конституциялық міндеттемелерін орындаудан бас тартады.

– Әскерге шақырылғандарға бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары, түйетабан, көз аурулары диагноздары көп қойылады екен. Тағы қандай сыр­қаттар жиі кездеседі?

– Жыл сайын әскерге шақырылғандардың 13 пайызға жуығы денсаулығына байла­ныс­ты әскери қызметке жарамсыз болады. Әскери қызметке жарамсыздардың ішінде ішкі ағзалардың аурулары, хирургиялық ауру­лар, неврологиялық аурулар, көз ауру­лары, әсіресе көру қабілетінің төмендеуі жиі кез­деседі. Аталған диагноздар әскерге шақы­рылу­шылар арасында соңғы жылдары тұ­рақ­ты сақталып отыр. 

– Халықаралық Human Rights Watch ұйы­­­мының зерттеуіне сенсек, ТМД елдерінде әс­керге алынғандардың көбі университет­тер­ден шығып қалған, тұр­мысы нашар отбасыдан шыққан, ке­зінде бірер ұсақ қылмыспен полицияға түс­кен жастар екен. Бұл сипаттаманың Қа­зақстанға қатысы бар ма? 

– Қазақстанға қатысы жоқ деп айта ала­мын. Өйткені аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру ко­мис­сиясы азаматтарды мерзімді әскери қыз­метке шақыру туралы шешім қабылдау к­езінде олардың мамандығын, денсаулығын жә­не моральдық-психологиялық жағдайын ес­кереді. Бұл ретте сотталған азаматтар мер­зімді әскери қызметке шақырылмайды. 

– Соңғы уақытта жастарды көшеден, жұ­мыс орнынан, тіпті емтиханнан кейін ұстап алып, көлікке мәжбүрлеп тие­ген видеолар телефоннан телефонға кө­шіп жүр. Дүкенге нан алуға барып, әс­керден бір-ақ шыққандар да бар де­седі. Әскери комиссариаттың бұл әре­кеті заңды ма?

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әске­ри қызметке шақырылған азамат­тар жергiлiктi әскери басқару органының ша­қыру қағазына сәйкес әскерге шақыру ко­миссиясына келуге міндетті. Шақыру қа­ғазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әске­ри басқару органдарының лауазымды адам­дары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым­ның басшысы қол қойғызып тап­сырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзi­не тап­сыру мүмкін болмаған жағ­­­­дайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi Iшкi iстер органына жүктеледі.

– Сұхбатымызды Қазақстанның шет­елдік бітімгерлік миссияларын орын­­­дау­дағы жетістіктері қандай деген сауал­ға жауабыңызбен қорытындыласақ.

– 2023 жылы Батыс Сахара, Орталық Аф­рика Республикасы, Мали және Ливан ау­­мақтарындағы миссияға 19 әскери қыз­мет­ші тартылды. 2014 жылдан бастап айтар бол­сақ, миссияларға барлығы 598 әскери қыз­метші, оның ішінде 5 әйел әскери қыз­мет­ші қатысты. Оларды теориялық және прак­тикалық дайындау Алматы қаласын­дағы Бітімгерлік операциялар орталығында өтеді. Сонымен қатар 2022 жылғы 1 тамызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қарулы Күштер құры­лымының Минадан тазарту орта­лы­ғының базасында өткізілген. «Жарылыс қаупі бар заттарды залалсыз­дан­дыру» кур­сын сертификаттады. 2023 жылғы 1 қаң­тар­да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қарулы Күштер құрылымының Бітімгерлік опера­циялар орталығы базасында өткізілетін «БҰҰ штаб офицерлері» және «Азаматтық халық­ты қор­ғау» курстарын ратификация­лағанын айта кету керек. 
Ұлттық контингент бітімгерлік опе­ра­цияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай үлеспен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар ұрыс қимылдарына қа­тысушыларға теңестірілген. Бітімгерлік опе­рациядан оралған соң мемлекеттік ор­ган­дардың (ұйымдардың) қаражаты есе­бінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге сана­торлық-курорттық емделуге жіберіледі. Бұдан өзге, бітімгерлік операцияларға қа­тысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге екі аптаға (14 тәулікке) созылатын қосымша де­малыс беріледі. Ол жыл сайынғы дема­лыс­қа қосылып отырады. Бітімгерлік опера­ция­ларға қатысу кезеңінде әскери қызметшінің бір айы бір жарым айға жеңілдікті шарт­тар­мен есептеледі. Сонымен бірге әрбір бітім­гер­ге бітімгерлік операцияға қатысу кезеңін­де БҰҰ-дан әрбір күнтізбелік ай үшін 1 428 АҚШ доллары мөлшерінде төлем көзделген (үш еселенген ақшалай үлесіне қосымша). 
БҰҰ шақыруына сәйкес биыл нау­рыз айында Қазақстанның алғашқы дер­бес ұлттық бітімгерлік контингенті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен жә­не мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына 139 әскери қызметшіні жіберді.
Ол үшін тараптардың міндеттеме­лерін, сон­дай-ақ контингенттің мис­сияға қатысуын қаржылық және мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету мәсе­лелерін айқындайтын Біріккен Ұлттар Ұйымымен халықаралық шарт жасалды. Кон­тингент құрамында ер әскери қызмет­шілермен бірге 7 әйел бітімгерлік миссиясын орындайды. Оның ішінде 2 атқыш-санитар, 1 мерген, 2 аспаз және 2 медицина қызмет­кері бар.
Қазіргі уақытта қазақстандық бітім­гер­лер Голан биіктері ауданында дербес мис­сияға кіріс­ті. Бір жыл ішінде қазақстандық бітімгерлік контингент жергілікті жерді патрульдеумен, блок-посттарды күшейтумен және қарсылас тарап­тар арасындағы атысты тоқтату режи­мін қолдаумен айналысатын болады, БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес басқа да міндеттерді орындайды.
Контингенттің БҰҰ бітімгерлік мис­сия­­ларына қатысуы халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қа­на қоймай, Қазақстанның жаһандық аре­на­дағы рөлін арттыруға да оң ықпал етеді. 
Қазақстан әскери қызметшілерінің БҰҰ бі­тімгерлік миссияларына қатысу геогра­фия­сын кеңейту біздің республикамыздың әс­кери және гуманитарлық дағдарыстардан зар­дап шегетін адамдарға қолдау көрсетуге деген берік ниетін айғақтайды. Қазақстандық бітімгерлердің қатысуының арқасында БҰҰ тараптар арасындағы қақтығыстарда бейбіт ше­шім табуға мүмкіндігі бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары