Су тасқыны: 16 мыңнан астам қазақстандық отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетілді

Қазірге дейін 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.

Су тасқыны: 16 мыңнан астам қазақстандық отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетілді
turkystan.kz
752

Қазақстанда жойқын су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу жалғасып жатыр. Үкімет аталған жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырып жатыр.

Республиканың зардап шеккен аймақтарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беруде. Бүгінгі таңда 24 835 өтінім қабылданды.

4 мамырдағы жағдай бойынша 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 916 млн теңгеден асты.

Бүгін зардап шеккен өңірлерде 4 556 тұрғын үй тексеріліп, 2 845 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге 696 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 530 отбасын қамтыды.

Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 53 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.

Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары