Алматыда ардагерлер аллеясы ашылды

Іс-шараға соғыс, тыл ардагерлері мен зейнеткерлер қатысты.

Алматыда ардагерлер аллеясы ашылды
Алматы әкімдігі
648

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Жангелдин атындағы скверде ардагерлер аллеясы ашылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, шараға соғыс, тыл ардагерлері мен зейнеткерлер қатысты. 100-ге жуық жапырақты қарағаш көшеті отырғызылды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастарды патриотизмге тәрбиелеп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. 

«Кез келген мемлекеттің әл-ауқаты қарттар мен балаларға деген көзқараспен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі іс-шара, әсіресе Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында өте маңызды деп санаймын. Алматыда 43 соғыс ардагері, ал еңбек майданына қатысушылар да көп емес. Біздің Жетісу ауданында бір ардагер Илья Кудин Григорьевич тұрады. Мен оның бүгін осы мерекеге қосылғанына өте қуаныштымын және ризамын. Сондай-ақ, қала әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Аллеяның ашылуы ұрпақтардың бірігуіне және патриоттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді деп санаймын», - деді Жетісу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тамара Шәкірова.

Зейнеткер Құлшара Сиенова да Ардагерлер аллеясының ашылуы туралы өз эмоциясымен бөлісті. 

«Мен Отанымызға қызмет еткендерге дән ризамын. Біздің қоғамның олардың ерлігін құрметтеп, есте сақтағанын көру мен үшін мақтаныш. Бұл аллея әрбір адам тоқтап, ойланып, маңызды сабақтар мен құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізе алатын орынға айналады деп сенемін», - деді Құлшара Сиенова.

Kazinform.kz сайтының мәліметінше, бүгінде қалада 43 соғыс ардагері тұрады. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмекті 1 млн теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданды.

 

Серіктес жаңалықтары