Көркем гимнастика: Азия чемпионатында ел құрамасы 2-орын алды
Сары құрлық бәсекесінің соңғы күні өткен жекелей және топтық жаттығулар бойынша ақтық сайыстар қорытындысында қазақстандықтар 321.60 ұпаймен екінші орынға жайғасты
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионатында еліміздің ұлттық құрамасы 17 елдің ішінде 2-орын алды, деп хабарлады turkystan.kz ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сары құрлық бәсекесінің соңғы күні өткен жекелей және топтық жаттығулар бойынша ақтық сайыстар қорытындысында қазақстандықтар 321.60 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Бас жүлде Өзбекстанға бұйырса (329.45 ұпай), үшінші орында Жапония (316.85 ұпай) тұр.
Жекелей сында өнер көрсеткен Эльжана Таниева шығыршық жаттығуында (33.90) — бірінші, таспа жаттығуында (31.05) — төртінші, ұршық жаттығуында (30.80) — бесінші, доп (32.60) жаттығуында үшінші орын иеленді.
Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Айбота Ертайқызы шығыршық жаттығуында (33.25) үшінші, лента жаттығуында (32.90) бірінші, ұршық жаттығуында (30.15) алтыншы, доппен жаттығуда (32.65) екінші орынға табан тіреді.
Ал топтық бәсекеде еліміздің құрама командасы (Аяулым Кәдір, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Баян Қойбақар, Мария Корниенко, София Ан) бес шығыршық (32.10) пен екі доп, үш таспа жаттығуларында (29.65) қолаға қол жеткізді.
«Аруларымыз бүгін де жоғары нәтиже көрсетті. Барлығы ойдағыдай болды. Ең басты мақсатымызға қол жеткіздік. Бұл додада кеше Эльжана Таниева көпсайыста топ жарып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Қуаныштымыз. Қажетті жағдайдың бәрін жасағаны үшін басшылыққа алғыс айтамын. Енді үлкен дайындықты бастаймыз. Білікті мамандармен мен психологтармен бірігіп жұмыс істейміз», - деді ҚР көркем гимнатикадан бас бапкер Әлия Юсупова.