Литвалық балалар тоғызқұмалақ ойнап жүр

Литвада тоғызқұмалақтан балалар арасындағы халықаралық турнир өтті.

Литвалық балалар тоғызқұмалақ ойнап жүр
Сурет: СІМ
718

Қазақстан Елшілігі Литва және Латвия тоғызқұмалақ ойыны федерацияларымен бірлесіп, сондай-ақ Вильнюс «Сантарос» гимназиясының көмегімен қазақтың ұлттық ойыны бойынша мастер-класс пен халықаралық балалар турнирін өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған іс-шараға Қазақстан, Литва және Латвиядан 30-дан астам бала қатысты.

Турнирді ашқан Елші Тимур Оразаев Ұлы даланың көне ойынының тарихына тоқталып, 2020 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген жалпы адамзаттық мәдени мұра –тоғызқұмалақ ойынын сақтау және тарату үшін қатысушыларға алғысын білдірді.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының Президенті Әлихан Байменов өзінің бейнеүндеуінде соңғы жылдары бұл ойынның Литва мен Латвияда қарқынды дамып келе жатқанын, кітаптар шығарылып, үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылып, жарыстар өткізіліп жатқанын атап өтті.

Бұл турнирдің ерекшелігі мектеп жасына дейінгі балалар – латвиялық Анастасия Ермакова мен қазақ Даир Дәуренұлының бестемше (тоғызқұмалақтың жеңілдетілген нұсқасы) ойыны болды. Бұл жас спортшылардың бестемшеден Қазақстаннан тыс өткен бірінші халықаралық кездесуі болды.

Елшілік Литва және Латвия тоғызқұмалақ ойыны федерацияларының президенттері Айдас Жандарис пен Любовь Азимоваға, сондай-ақ Вильнюс «Сантарос» гимназиясының басшылығына мастер-класс пен балалар турнирін ұйымдастыруға қолғабыс көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Серіктес жаңалықтары