«Тағдырыңа өкінбе»: Актриса Айжұлдыз Адайбекова әкесіз қалудың қандай болатынын айтты
8 мамыр күні Алматы қаласында «Сәлем, әке» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.
Аталмыш киноның көрсетіліміне келген қонақтар арасында Жанар Айжанованың қызы Жұлдыз Адайбекова да болды. Көрсетілім соңында актриса фильмнің көрермен қауымға қандай ой тастайтыны жайлы айтып берді, деп жазды turkystan.kz.
«Кейде біз «қолда бар алтынның қадірін біле бермейміз», кейде тағдырға өкпелейміз. Ал өз өміріңдегі жағдайларға басқаша қарай білсең, өмірің де басқаша болар еді. Сондықтан әрбір адамның өмірінде болып жатқан ситуацияда қайыр бар. Сол себепті өміріңдегі қайғылы сәттерге бола жылаудың қажеті жоқ. Өйткені, оның да бір қайыры болады. Сондай-ақ өзіңнің де үлкен жолға, үлкен мәртебеге жеткен кездегі ситуацияңда қатты адамды менсінбейтіндей дәрежеге жетпе! Оның да сұрауы бар. Әрбір өміріңде болып жатқан сәт, ол лайықты уақытымен болып жатқан кез. Өткеніңе өкінбе, барлығына шүкіршілік ет. Тек қана алға қарай жүре бер. Фильм осындай бір ойды айтқандай болды», - деді Жұлдыз Адайбекова.
Сонымен қатар ол өзінің де әкесіз өскенін айтып берді.
«Өзім де әкесіз өстім. Мен әкемді іздеген адаммын. Мені тура осындай ситуацияда өскен адамдар түсінеді. Сондықтан мен де бұрын өзіме «Менің тағдырым неге бұлай?» деп сұрақ қоятынмын. Бірақ қазір әр нәрсенің өз қайыры барын түсіндім. Себебі, ол адамның жаныңда болмағандығынан өз басым қатты жігерленіп, өте көп талпынып, өте көп қаржымды арттырдым, өте көп жетістіктерге жете алдым. Мүмкін, мұның бәрі әкемнің жоқтығынан шығар. Сондықтан да ешқашан өкінбеңіздер», - деді актриса.
Еске салайық, бұған дейін актриса әрі блогер Айжұлдыз Адайбекова сүйіктісін көрсеткені жайлы жазған едік.