Әйелін соққыға жыққан қазақстандық дипломатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаш 5 мамырда әйелі Карина Мамаш пен оның туған әпкесін сабады деген ақпарат тарады.
Әйелін соққыға жыққан қазақстандық дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болған, деп хабарлады turkystan.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа мәлімет жария етілмейді», - делінген Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Бұған дейін елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаш 5 мамырда әйелі Карина Мамаш пен оның туған әпкесін сабады деген ақпарат тарады. Зардап шеккен әйел видеоүндеу жолдап, өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұраған.
Әйелдің видеоүндеуіне Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жауап берді. Ведомство, Мамаштың елге қайтарылатынын атап өтті.
9 мамырда Карина Мамаш Астанаға келді. Қазір ол балаларымен бірге кризис орталығына орналасты.