Сыбайлас жемқорлық тыйылар емес

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста формализм бар.

Сыбайлас жемқорлық тыйылар емес
287

Түркістан облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиында 2022-2023 жыл­дардағы аталған өңірдің сыбайлас жемқор­лықпен күрес жұмысы талқыланды.

Мәселен, 2022 жылы Антикор сыбайлас жемқорлық си­патындағы 80 қылмысты тіркесе, былтыр бұл көр­сеткіш 87-ге жетті. Яғни, өсім 9 болды. Кеңес төрағасы, Мә­жіліс депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мү­шесі Ерлан Саировтың айтуынша, сыбайлас жем­қорлық мәселесі жер қатынастары саласында да өршіп тұр.
– Келес ауданының әкімдігі Жер кодексінің талап­та­рын бұза отырып, мемлекет мұқтажы үшін пайда­ла­ну­шылардан суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін мәж­бүрлеп алу туралы заңсыз қаулы шығарды. Атап айт­қанда, Абай ауылындағы шаруа қожалығынан 23,5 гек­тар жер негізсіз тәркіленді. Сондай-ақ Түлкібас ауда­нын­да бау-бақша өсіруге арналған жер учаскесіне дәм­ха­на мен жанармай құю бекетін салуға рұқсат берілген. Ал Тастұмсық ауылында мал суаруға арналған арық бойын­дағы жер жекеге өткен. Мұндай мысалдар өте көп, – деді ол.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды ағаш отырғызу туралы тапсырмасын атап өтіп, әкім­діктің бұл бағыттағы жұмысын сынға алды.
– Кеңестің жұмыс тобы әкімдіктен ағаш отырғызу жұ­мысы жөнінде ақпарат сұратты. Алайда толық мә­лі­мет берілген жоқ. Әлде бұл таратылмайтын ақпарат па? Неге бұл жұмыстың нәтижесі әкімдік сайтында жария­лан­байды? Табиғи ресурстар және табиғатты пай­да­лануды реттеу басқармасының жауабына сәйкес, был­тыр өңірде 20,3 мың гектар жерге 32 мың түп ағаш отыр­ғызылды. Олар қайда отырғызылды? Осы және өзге де қарапайым сұрақтарға біз ешбір жауап ала алмадық, – деді депутат.
Айта кетейік, Кеңестің жұмыс тобы түрлі мем­ле­кет­тік органдардан, аудандық және қалалық әкімдік­тер­ден сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде құ­жаттар сұратты. Алайда кейбір құрылымдар бұл сұрау­ға тиісті назар аудармады. Мәселен, Түркістан облы­сы­ның прокуратурасында және экономикалық тергеу де­партаментінде партиялық сауалдарға мүлдем жауап беріл­ген жоқ. Ал өңірлік ішкі мемлекеттік аудит депар­та­ментінен келіп түскен ақпарат небәрі екі абзацтан тұра­ды. Құжат адресатсыз және басшының қолы қойыл­май ұсынылды.
– Облыстың жергілікті атқарушы органдары тара­пы­нан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қанағаттанарлықсыз деңгейде тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста формализм бар. Жұмысты жоспарлау кезінде жалпы типтік үлгілер қолданылады. Бұл орындаушылық тәртіпке теріс әсер етеді. Мәселелерді анықтау, нақты шешімдер қабылдау, қазіргі жағдайды талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құжаттардың орындалуына тиімді бақылау жүр­гізуді қамтамасыз ету қажет, – деді Кеңестегі жұмыс то­бының жетекшісі, «ЖСДП» партиясынан Мәжіліс депу­таты Нұрлан Әуесбаев.
Сонымен қатар отырысқа белгілі заңгер Айгүл Орын­бек, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмас­бек Садырбаев пен жергілікті қоғам белсенділері де қатысып, өздерінің айшықты ойларын ортаға салды.
Партиялық бақылау инспекторы Венера Есіл­баева­ның айтуынша, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйе­сіне де шағымдары бар. Бұл бағытта да сыбайлас жем­қорлықтың факторлары көптеп кездеседі.
– Бізге Жетісай ауданының тұрғыны жүгінді. Оның кіш­кентай баласы орталық аудандық ауруханаға «қы­зыл­ша» диагнозымен түскен. Алайда аталған ауруханада қ­ажетті дәрі-дәрмектер болмағандықтан, науқасқа тиіс­­ті көмек көрсетілмепті. Соның салдарынан пациент ал­­дымен жансақтау бөліміне ауыстырылып, 8 күн ко­ма­да жатады. Өкінішке қарай, небәрі 2,5 жастағы бүлдір­шін дертінен айыға алмай, өмірден озды. Былтыр атал­ған аурухана 2,5 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып ал­ғанымен, аудандық ауруханада қарапайым пара­це­та­мол да табылмаған. ХХІ ғасырда сәбилердің дәрі-дәр-мек тап­шылығынан көз жұмуы – жаға ұстатарлық жағдай, – деді ол.
Отырыс соңында Кеңес мүшелері сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа атүсті қара­ған және құқық бұзуға жол берген лауазымды тұлға­лар­ды партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары