Кәсіпкер Данияр Абулгазин тасқыннан зардап шеккендерге пәтер алып берді
Президенттің тапсырмасынан кейін отандық ірі кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккендерге көмек беруді жалғастырып жатыр.
Бизнесмен Данияр Абулгазин Қостанай облысындағы ағайынға қол ұшын созып, 70-ке жуық су жаңа пәтер сатып алып берді. Баспанаға ие болғандар қоныс тойын тойлауды бастап кетті, деп хабарлады turkystan.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Көп балалы ана Әйгерім Мұсанованың Алтынсарин ауылындағы шаңырағы түгел суға кеткен еді. Бүлінген баспанасын қалпына келтіру мүмкін болмады. Бірақ көп ұзамай, Қостанайдан 3 бөлмелі пәтердің кілті беріледі деген сүйінші хабар жетті. Әйгерім ту ауылдан қалаға көшіп келгеніне әлі сене алар емес.
– Ыдыс-аяқ, жиһаздарымыздың барлығы суға кетті. Өзіміз күтпеген жерден осындай жағдай болып қалды. Ақырындап барлығы қалпына келіп жатыр. Президентімізге, барлығына көп рахмет! – деді Алтынсарин ауылының тұрғыны Әйгерім Мұсанова.
Әйгерімнен өзге Алтынсарин ауылының 37 отбасы қалаға қоныс аударады. Олар отандық ірі кәсіпкер Данияр Абулгазин сатып алып берген 2-3 бөлмелі пәтерге кіреді.
Бұдан бөлек 3-4 бөлмелі баспана Арқалықтан да алынады. Жалпы 70-тей отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр.
– Мұнда шағын Алтынсарин ауылы болады. Қоныс теппей жатып-ақ көршілеріміздің кім болатынын біліп отырмыз. Тасқыннан зардап шеккен ауылдастарымның көбі осында көшіп келеді, – деді Алтынсарин ауылының тұрғыны Ануар Ынтықбаев.
Тасқын салдарынан 6 өңірде Төтенше жағдай жарияланды. 1 114 үйге су кіріп, 1200-ге жуық тұрғын зардап шекті. 680 баспананы жөндеуге болады дейді мамандар. Ал 426 үй тұруға жарамсыз. Бүгінде тасқыннан зардап шеккендерге облыстық әкімдік 115 пәтер сатып алды. Үкімет бөлген 405 млн теңгеге Арқалық қаласынан 31 пәтер алынды.
– Қостанай ауданында 50 пәтер сатып алынды. Арқалық қаласында 34 үй сатып алынды. Амангелді, Жанкелді аудандарында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Мәди Өтегенов.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы төтенше жағдай орын алғанда барлық ірі бизнес өкілдерін көмек қолын созуға шақырған еді. Алғашқылардың бірі болып, кәсіпкер Данияр Абулгазин қостанайлықтарға көмек ретінде 1,5 млрд теңге аударған болатын.